Атырау, 25 қараша 14:51
 ашықВ Атырау -1
$ 498.34
€ 519.72
₽ 4.85

Он күнде – бес мың ереже бұзушы

971 просмотра

Облыста «Қауіпсіз жол» жедел профилактикалық іс-шарасын өткізу кезінде 5000-ға жуық жол қозғалысы ережесін өрескел бұзу дерегі анықталды.

Бұл туралы Атырау облысы ПД жанындағы патрульдік полиция ротасының командирі Әділбек ШАХМЕТОВ пен Атырау қаласының полиция басқармасы патрульдік полиция батальонының командирі Дәурен НАСИПОЛЛА баспасөз брифингінде мәлім етті.

Ақтөбе-Атырау-Астрахань республикалық маңызы бар тасжолдарда жол қауіпсіздігін қамтамасыз ету, жол қозғалысы ережелерін өрескел бұзу деректерін алдын алу мақсатында 5-29 ақпан аралығында «Қауіпсіз жол» жедел профилактикалық іс-шарасы өтіп жатыр.

- Іс-шараға Атырау облысы ПД жанындағы патрульдік полиция ротасынан 74 қызметкер және 34 автокөлік жұмылдырылды. Жолдардың авариялық қауіпті учаскелеріне жол жүрісін қадағалауды жүзеге асыру мақсатында жаңа үлгідегі аппараттық техникалық құрылғылар барынша пайдаланылып отыр, - деді Д.Насиполла.

Іс-шараның 10 күнінде облыс бойынша 5000-ға жуық жол қозғалысы ережелерін өрескел бұзу дерегі анықталды. Оның ішінде шетелде тіркелген көліктерді басқару бойынша – 167, рұқсатсыз қайта жабдықтау бойынша – 32, жылдамдықты арттыру бойынша – 2199, балаларды ұстау құрылғысын пайдаланбау бойынша – 18,  сонымен қатар авариялық жағдай туғызу бойынша – 14 және көлікті мас күйінде басқару бойынша – 16 бұзушылық пен көлік құралын жүргізу құқығынсыз басқару бойынша – 11 дерек тіркелді.

Сондай-ақ 97 автокөлік арнайы тұраққа қойылып, 15 автокөліктің мемлекеттік белгілері алынды.

- Атырау қаласы аумағында өтіп жатқан іс-шара барысында, яғни ақпан айының 5 мен 15 күндері аралығында барлығы 2272 әкімшілік құқық бұзушылық анықталды, - деді Ә.Шахметов. 

Полиция департаментінің қызметкерлері барлық көлік жүргізушілерінің назарына жол ережесін бұзбай, аталған құқық бұзушылықтарды жасамау жөнінде ескертіп өтті.

Дайындаған Ләззат ҚАРАЖАНОВА

17 ақпан, 15:10

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.