15 ақпанда облыстық әдеп жөніндегі кеңес отырысында Құрманғазы аудандық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық бөлімінің басшысы Шынболат МУСИНҒА қатысты тәртіптік іс қаралды.
2024 жылдың қаңтарында Құрманғазы аудандық прокуратурасы Құрманғазы ауданының тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық, жолаушылар көлігі, автомобиль жолдары және тұрғын үй инспекциясы бөлімінің қызметіне тексеру жүргізді. Осы бөлім басшысының аяқталмаған нысанды заңсыз қабылдап алу арқылы мердігерге заңсыз артықшылық көрсеткені анықталды. Атап айтқанда, 2020 жылы Құрманғазы аудандық ТКШ бөлімі мен «Атырау жолдары» ЖШС 777,2 млн теңгеге шарт жасаған. Бұл ақшаға Нұржау ауылына кіретін және ауыл ішіндегі жолдарды реконструкциялау жұмыстары жасалуы тиіс болатын.
27.12.2023 жылы құрылыс нысаны пайдалануға қабылданып, қаражат толық аударылған. Шартқа сәйкес мердігер аталған жолға құны 6,7 млн теңгеге 178 дана жол белгісін орнатуға тиіс болған. Алайда нысанды тексеру барысында 167 дана жол белгілері орнатылмағаны белгілі болған. Осыған орай, аудан прокурорының ұсынуы негізінде Ш.Мусинге қатысты мемлекеттік қызметке кір келтіретін теріс қылықтарға жол бергені үшін «қызметіне толық сәйкес еместігі туралы» ескерту түріндегі тәртіптік жаза қолданылды.
Ләззат ҚАРАЖАНОВА