Атырау қалалық сотында Т.-ның Б.-ға қатысты әлеуметтік желіде талапкердің суреті жарияланған жазбаны өшіріп, моральдық зиянды өтеу туралы талап арызы бойынша азаматтық іс қаралды.
Т. жауапкердің өз келісімінсіз суретін Facebook әлеуметтік желісіне интернет арқылы заңсыз жариялағанын айтып, сотқа арызданған. Ол жауапкердің өзінің жеке өміріне заңсыз араласып, жеке мүліктік емес игіліктері мен құқықтарын, соның ішінде өз бейнесіне құқығын бұзды деп санайды. Т. жарияланымдарды жоюды және 200 000 теңге көлемінде өтемақы төлеуді сұрады.
Сот жауапкердің интернет ресурс арқылы «Facebook» әлеуметтік желісіне мақала мен талап қоюшының жұмыс орнында отырғаны бейнеленген суретін жариялағанын анықтады.
Жауапкер талап қоюшының келісімінсіз оның суретін пайдаланып, жазба жариялаған, тиісінше, олар заңсыз алынған, сондықтан талапкердің өз бейнесіне құқығы бұзылған.
Сот, сондай-ақ жауапкердің әрекеті талап қоюшыға теріс әсер етіп, моральдық азап әкелді деген қорытындыға келді. Осыған байланысты жауапкерден талап қоюшының пайдасына 100 000 теңге көлемінде моральдық зиян өтемақысы өндірілді.
Сот жауапкерге «Facebook» әлеуметтік желісінен талап қоюшы бейнеленген жарияланымды жоюды міндеттеді. Сот шешімі заңды күшіне енген жоқ.
Дайындаған Жомарт ӘМІРХАНОВ