15 ақпан күні өткен Әдеп жөніндегі кеңестің отырысында Мақат аудандық білім бөлімінің басшысы Айбол ДОЛДАШЕВҚА мемлекеттік қызметке кір келтіретін теріс қылықтарға жол бергені үшін «қызметке толық сәйкес еместігі туралы» ескерту түріндегі жаза берілді.
Мақат аудандық прокуратурасы білім беру бөлімінің басшысы бір кәсіпкердің пайдасына «Балбөбек» балабақшасына жапсарлас ғимаратты сатып алу үшін тендерлік құжаттаманы рәсімдеп, оның конкурста жеңіске жетуіне жағдай жасамақ болғанын анықтады.
Прокуратураның болжауы бойынша, бұл конкурс жарияламай тұрып, Долдашев кәсіпкермен кездескен. Кейін ғимаратқа бағалау жүргізілмей, арнайы бағдарлама бойынша нысанды 60 миллион теңгеге бағалаған. Құрылыс бөлімі арқылы екі рет тендер жарияланғанымен, конкурс өтпеді. Долдашев үшінші рет мемлекеттік сатып алу порталы арқылы білім беру бөлімі желісі бойынша ғимарат сатып алуға тендер жариялады. Ведомство басшысы конкурсқа басқа да кәсіпкерлердің қатысу мүмкіндігін шектеп, «Мемлекеттік сатып алу туралы» Заңды өрескел бұзғаны белгілі болды.
Іс Тәртіптік кеңеске жолданып, онда белгілі бір кәсіпкерге артықшылық көрсеткені және әдеп нормаларын бұзғаны дәлелденді.
Ләззат ҚАРАЖАНОВА