Ресейлік басылымдар мен телеграм-каналдар Белгород қаласы атқыланғанын жазып жатыр. Қаза тапқандар мен жараланғандар бары да хабарланды, деп жазады Азаттық радиосы.
Желіде атқыланған сауда орталығының фото мен видеолары тарады.
Ресей қорғаныс министрлігі Белгород облысының аспанында Украина әскерінің Vampire жүйесінен жіберген 14 ракетаны атып түсіргенін хабарлады. Ведомство қалаға ракета құлаған-құламағаны жайлы ештеңе айтпады.
Shot телеграм-каналы Белгородта төрт адам қаза тапқанын, Mash телеграм-каналы алты адам қаза тауып, он адам жараланғанын жазып жатыр.
Ресей билігі Белгородта қаза тапқандар мен жараланғандар туралы айтпады. Украина билігі де Белгородқа шабуыл жайлы ештеңе демеді.
30 желтоқсанда Белгород қаласы атқыланып, 20 адам қаза тапқан. Ресей бұған Украинаны айыптаған еді.
Ресейдің Белгород облысы Украинаның Харьков облысымен шектеседі. Кеше, 14 ақпанда Харьков облысындағы Великий Бурлук ауылында ракета екіқабатты үйге түсіп, төрт адам қаза тапқаны хабарланған.