Құрманғазы ауданының үш ауылында жаға бекіту бойынша дамба құрылысының жұмыстары басталады, деп хабарлайды аудан әкімдігінің баспасөз қызметі.
Бүгінде Құрманғазы ауданы көлемінде су басу қаупі жоғары округтер қатарына Шортанбай, Дыңғызыл және Көптоғай ауылдары енген. Осы уақытқа дейін аталған ауылдық округтерде көктемгі су тасқынына қарсы қорғаныс бөгеттерінің аса қауіпті учаскелерін бекіту жұмыстары өз күштерімен атқарылып келген.
- Нақтырақ айтқанда, су басу қаупі бар жағалаулары мен сағалары анықталып, осал бөгеттер маңына техниканың көмегімен саз топырақ төгіліп, құм толтырылған арнайы қаптар жаға бөгеттеріне орналастырылып жүрген еді. Енді жағалауларды қорғау үшін дамба құрылысын жүргізуші мердігер мекеме анықталып, құрылыс жұмыстары 19 ақпанда басталады деп жоспарланып отыр, - деді аудан әкімінің орынбасары Марат ХАСАНОВ.
Оның айтуынша, тасқын сулардан қорғайтын бөгеттердің жалпы ұзындығы 8 шақырым. Жауапты мердігер мекеме «TOLAGAI-2050» ЖШС. Өндірістік кестеге сәйкес құрылыс 10 айға жоспарланып отыр.
Дайындаған Ләззат ҚАРАЖАНОВА