Әлеуметтік желіде Құрманғазы ауданы Бөкейхан ауылдық округі жерінде ағаштарды отап жатқаны жөнінде бейнежазба тарады.
- Қазу жұмысына кедергі келтірді деп, осы іспен айналысып жатқан мекеме бірнеше жылдан өсіп тұрған ағаштарды қопарып тастап жатыр, - дейді ауыл ардагері, шаруа қожалық иесі Якуб ЫСМАҒҰЛОВ. - Қурамаған, желкілдеп өскен теректерді жайратып, тас-талқанын шығарып жатқанын құзырлы мекемелер неге көріп, тоқтам салмайды? Қиғаш өзені арнасының дәл осы тұсында 83 ағаш баяғыдан бар, соның 6-7-уін отап тастады. Әлі қаншасын қопарып тастайды...
Бұл әрекеттердің заңдылығы туралы «АЖ» сауалына Атырау облыстық орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі аумақтық инспекциясының бөлім басшысы Мереке ШАЛҚАРОВ қазір тексеру жұмысы жүргізіліп жатқанын, қорытындысы кейін жарияланатынын айтты.
Құрманғазы ауданы әкімдігінің баспасөз қызметі аудан әкімі түп тереңдету жұмыстарына жауапты мердігер "Павлодар өзен порты" АҚ-ның аудандағы өкілімен бірге шаруагермен кездесіп, мән-жайды анықтағанын хабарлады.
«Ақпанның 13-і күні Қызылөзек каналы бойында жобада қарастырылғандай арналарды қазу жұмысында кедергі келтірген тал-теректер алынып тасталған. Ауыл ардагері, шаруа қожалық иесі Якуб Ысмағұлов теректер себепсіз жұлынып жатыр деген негізде бейнежазба таратқан еді. Бірақ олай емес. Мердігер мекеменің мәліметіне сәйкес, тал-теректер, өзек астындағы тамырсыз терек түптері қазылып алынуы тиіс. Тиісінше жұмыстар аяқталған соң жаңадан тал-терек отырғызылады. Қазіргі кезде қазылып алынған ағаштар белгіленген жерге жинақталуда. Қиғаш өзені арналарының түп тереңдету жұмыстары жергілікті атқарушы биліктің үнемі бақылауында болады», – деп хабарлады аудан әкімдігі.
Ләззат ҚАРАЖАНОВА
Әлеуметтік желіден алынған бейнежазба