Атырау, 25 қараша 15:48
 ашықВ Атырау -1
$ 498.34
€ 519.72
₽ 4.85

Су ішкен құдығыңа түкірме

Бейнежазба
909 просмотра

Қызылқоға ауданы Мұқыр ауылының тұрғындары ауыз судан сасық иіс шығатыны жөнінде шағымдануда. 

9-11 аралығында бірнеше күн бойы Мұқыр ауылындағы "Алтыншы" және "Бесінші" ауылдардың тұрғындары ауыз суды пайдалана алмаған. Жалпы ауылдағы 23 үйден осындай проблема анықталды.  

Гүлсім есімді жергілікті тұрғын қазір жағдайдың дұрысталып келе жатқанын, бірақ бұрын таңертең үш сағат берілетін судың қазір сағат жарым уақыт қана беріліп жатқанын хабарлады.

- Кейінгі күндері шуаш иісі шығып, су лайланып кетті. Іше алмай, бес күннен бері дүкеннен су сатып алып отырмыз, - дейді ауыл тұрғыны Нұржамал.

Мұқыр ауылдық округінде ауыз су мәселесі бұрыннан өзекті. Сағыз, Мұқыр, Жамансор ауылдары Ақтөбе облысындағы жер асты көздерінен бастау алатын «Кереген-Сағыз-Жамансор» құбыры арқылы ауыз сумен қамтамасыз етілген.

Былтыр мұқырлықтармен кездескен Қызылқоға ауданы әкімі Қанат ӘЗМҰХАНОВ Мұқыр ауылының халқына ауыз су жеткізу сапасын жақсарту мақсатында «Кереген-Сағыз-Жамансор» топтық су құбырына қайта жаңғырту» жобасы дайындалғанын мәлімдеген. Ал 2022 жылы Қ.Әзмұханов ӨКҚ брифингінде жоба құны 956 млн 500 мың теңге екенін, жоба 2024 жылы аяқталатынын айтқан еді.

Ал Мұқыр ауылдық округі мен "ТеміржолСу-Ақтөбе" ЖШС-нің жауапты мамандары ақаулық жерді анықтаған болатын. Ақау су құбыры құдығынан шықты. Өрт сөндіру гидрантының тірегі тесілген.

- Кейбір тұрғындар су құбыры құдығына қой жүнін, қапшыққа салынған мал күбірлерін тастаған. Сол себептен өрт сөндіру гидрантының тесілген жерінен су құбырының құдығына су кеткен. Ол құбыр арқылы үйлерге барған. Бүгінде "ТеміржолСу-Ақтөбе" ЖШС-нің жұмысшылары су құбырын тазалап, тесілген гидрант тірегін ауыстыруды қолға алды, - дейді Қызылқоға ауданы әкімінің орынбасары Ерболат ИҒАЛИ. - Жамансор, Жантерек, Кенбай ауылдарында ауыз су таза.

Айтпақшы, кейбір тұрғындар кез-келген мал өнімдерінің қалдықтарын су құдығына тастай салатынын жасырмады. Алайда қалдықтардың құдыққа қалай түскені туралы басқа да пікір бар:

-  Ауылда кезінде құдықтар өте төмен салынған. Су тасығанда сонда құйылады. Құдықтағы су қатып қалмасын деп ішіне жүн, көң салатындар бар. Мұқырдың ішінде реттік санмен аталатын шағын ауылдар бар. Сол 4-,5,6-шы ауылдарда су нашар болған, - дейді жергілікті тұрғындардың бірі.

12 ақпанда кеште аудан әкімдігі Мұқыр ауылындағы судың қалыпқа келіп, тазаланғаны жөнінде хабарлады.

Ләззат ҚАРАЖАНОВА, Айнұр САПАРОВА

Әлеуметтік желіден алынған бейнежазба

13 ақпан, 15:17

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.