Атырау, 25 қараша 15:40
 ашықВ Атырау -1
$ 498.34
€ 519.72
₽ 4.85

Мейірім Қалауи: шәуіш, жаңа есептегіштер және бюджет миллиардтары туралы

Сурет
704 просмотра

Былтыр қараша айынан бастап айтарлықтай проблемасы бар «Атырау облысы Су арнасы» КМК-на басшылық еткен қаланың экс-әкімі Мейірім ҚАЛАУИҒА «АЖ» тілшісі бірнеше сауал қойған еді.

Қаланы қалқымалы су жинағыштар құтқара ма?

– Мейірім Жоламанұлы, әңгімені қаланы сусыз қалдырған желтоқсандағы төтенше жағдайдан бастасақ. Бұл ретте кәсіпорын өкілі мұндай жағдайдың 20 жылдан бері болмағанын айтты. Ал дәл осындай жағдай 2020 жылдың 10 ақпанында орын алды. Сонда ол жағдайдың сабақ болмағаны ма?

– Бірінші учаскедегі Белинский көшесінің бойындағы су көтергіш өткен ғасырдың 40-жылдары салынған. Осыдан 80 жыл бұрын су алатын шахталар 6-7 метр тереңдікте орналасқандықтан, өзенде шәуіштің түзілуі олардың жұмысына еш әсер еткен жоқ. Ал қазір олар су деңгейінен 10-15 сантиметр ғана тереңдікте орналасқан! Тайыздану салдарынан шәуіш шахталардағы балық қорғау торларын бітеп тастады.

Бұл төтенше жағдай мен тағайындалғаннан бір ай өткен соң орын алды. Кейбір ұйымдастыру олқылықтарын байқадым – мұз кристалдарына балық қорғау торларын бітеп тастауға жол бермейтін ыстық су мен ауа берілмеді. Бірақ қазір мұның бәрі жолға қойылды. Айтпақшы, желтоқсанда сізге сұхбат берген жоқпын, өйткені маған кәсіпорын жұмысының барлық нюанстарын толық түсіну үшін уақыт қажет болды.

Әрі қарай. Алдағы көктем мен күзде де шәуіш қатуы мүмкін болғандықтан, мамандарды жедел тарту мақсатында сүңгуір жұмыстарына қаржы қарастырылып, тендерлік рәсімдер жүргізіліп жатыр.

Ал ең бастысы, қала әкімдігі жаңа су жинағыштың жобасын әзірледі, оның құрылысы биыл аяқталады деп күтіп отырмыз. Бұл тәулігіне 180 мың текше метрді құрайтын қалқымалы сорғы станциясы. Оның үздіксіз су бере отырып, өзен бойымен қозғалуға техникалық мүмкіндігі бар. Қалқымалы станция іске қосылған кезде бұл келеңсіздіктер жойылады, өйткені онда шәуіш пен басқа да механикалық кедергілерді қайтаратын құрылғы бар. Бұл станция Бірінші учаскедегі ескі су көтергішті алмастырады.

Қуаты тәулігіне 60 мың текше метрді құрайтын №6 сүзгі станциясы құрылысының жобасы да дайын. Ол негізгі су тазарту жүргізілетін Белинский көшесіндегі №1 су тазарту қондырғысының (СТҚ) аумағында салынады. Осылайша, Бірінші учаскедегі барлық нысанымыз жаңартылады. Қазір қалқымалы және сүзу станцияларының жобасы мемлекеттік сараптамадан өтіп жатыр.

Қала іргесіндегі Береке ауылында №5 сүзгі станциясы салынып жатқанын білесіздер. Бастапқыда жобада стационарлық су жинағыш қарастырылды, бірақ кейін ол қалқымалы жинағышқа ауыстырылды. Өйткені барлық жерде Жайық өте тайызданып кетті. Бәлкім, бесінші сүзгі станциясын қысқа дейін іске қосатын болар, шәуіш қатқан жағдайда, ол қаланы сумен қамтамасыз етеді.

Абоненттерге импульстік есептегіш орнатылады

– Былтыр алдағы уақытта сумен жабдықтау жүйесін автоматтандыру және цифрландыру жөнінде айтылды. Бұл жоба қай кезеңге жетті?

– Бұл жоба дайын, ақпан айының ортасына дейін мемлекеттік сараптамадан өтеді, наурыз айында бюджеттен қаржыландыруға өтінім бермекпіз. Екі жылға есептелген бұл жобада барлық өндіріс орындарында: магистральдық желілерден бастап, ықшамаудандар мен көппәтерлі жеке тұрғын үйлерге (бізде олардың 1300-і бар) дейін есептеу аспаптарын, қысым датчиктерін, автоматтандыру жүйесін орнату қарастырылған.

Жоба жүзеге асырылғанда судың қысымы мен шығыны қай жерде қандай екені жөнінде бүкіл қаланың толық бейнесін береді. Бұл, мысалы, жазда 25%-ға жететін су шығынының себебін анықтауға көмектеседі. Бұл тым көп! Неге бұлай? Бұған нақты жауап жоқ. Әсіресе жеке секторда суды жасырын жалғап, су ұрлайтын жосықсыз тұтынушылар бар. ПИК те, меншік иелерінің бірлестігі де - ешкім қызмет көрсетпейтін үйлер бар. Сондай-ақ (1600 шақырымның) 454 шақырымы қараусыз қалған су құбырлары желісі бар...

Аспаптарды орнатқан кезде одан алынған барлық дерек біздің диспетчерлік орталыққа жіберіледі. Нәтижесінде қанша су беретінімізді және оның нақты тұтынуын есептегіштер арқылы көреміз. Алынған айырмашылық - бұл шығын, оның себебін біз нүктелі анықтап, шара қолданамыз.

Жоба құны үкімет бағдарламасын жүзеге асыру аясында бюджет қаражатының шамамен 4 млрд теңгесін құрайды, яғни шығындар тарифке ешқандай әсер етпейді, немесе басқа жолмен тұтынушылардың қалтасына ауыр тимейді.

Сонымен қатар, осы жылдан бастап біз абоненттерді модем арқылы GSM-мен бізге тікелей көрсеткіштерді жіберетін заманауи импульстік су есептегіштерін орнатуды міндеттей бастадық. Есептегіштерді орнату тұтынушылардың өз есебінен жүгізіледі. Бұл біздің емес, Су кодексінің талабы, бұл норма сонау 2015 жылы белгіленген. Бұл тәжірибе Қазақстанның көп қаласында: Шымкентте, Павлодарда, Астанада қолданылып келеді...

Біз 130 мың абоненттің бәрінен есептегіш құралын дереу ауыстыруды талап етпейміз, тек олардың пайдалану мерзімі өткеннен кейін ғана – регламент бойынша бұл бес жыл. Әзірге заңды тұлғалардан бастадық, олардың 200-ге жуығы импульсті есептеу құралын орнатты. Содан кейін жеке тұлғаларға да көшеміз. 5-6 жылдан кейін бүкіл қаланы цифрлық есептегіштерге көшіруге болады деп ойлаймын. Қайталап айтамын, бұл Су кодексінің талабы.

Тұтынушыларға ыңғайлы болу үшін

– Демек, бұдан былай үй-үйді аралайтын бақылаушылардың қажеті болмай ма?

- Әзірге бақылаушылар қалады, бірақ уақыт өте адам факторын барынша азайтамыз. Бұл да кәсіпорын шығындарын азайтудың бір жолы болмақ. Айтпақшы, бізде ішкі электронды құжат айналымы енгізіліп жатыр. Әйтпесе, бәрі бұрынғыша, қағаз арқылы жүргізіліп жатыр, оны сатып алуға қыруар қаржы– жылына төрт миллион теңге кетеді.

Жұртшылықпен жұмыс жасау саласындағы жаңашылдықтар туралы аз ғана айтып өткім келеді. Көбіне тұтынушы бізге бір мәселе бойынша келсе, алдымен бір бөлімге жібереді, одан екінші, үшінші бөлімге... Бізде касса төртінші жерде, кеңсе бесінші жерде, бәрі база аумағында шашыраңқы орналасқан. Сондықтан көктемде бюджет қаражатына жеке фронт-офис құрылысы басталады, мұнда келушілер кеңселерді араламай-ақ барлық мәселені бірден шеше алады.

Бұдан басқа, төрт таңбалы саннан тұратын бірыңғай нөмірге қоңырау шалу арқылы қажетті кеңес алуға немесе өтініш қалдыруға болады. Бұл туралы кейінірек егжей-тегжейлі айтып береміз.

...Орнатылатын су есептегіштерін рәсімдеу тәртібі өзгеріп жатыр. Қолданыстағы тәжірибеге сәйкес, тұтынушы біздің кеңсеге бірнеше рет келіп – алдымен пломбаны алып тастау, содан кейін пломбалауға арыз жазып, төлем жасауы керек. Енді мұның бәрін үйден шықпай-ақ жасауға болады. Қызметті төлеу үшін банк серіктестеріміздің өтініш формалары да, QR кодтары да бақылаушылардың қолында болады. Бұл қазір енгізіліп жатыр, бірақ толық көшуге біраз уақыт кетеді.

Бір жарым миллиардқа жаңартылды

– Бірер жыл бұрын баспасөз туры барысында сізден бұрынғы басшы тендер арқылы жеткізілген құрал-жабдықтардың 80 пайызы жарамсыз, ал қытайлық ысырмалар бірден істен шығатынын айтты. Бүгінгі жағдай қандай?

– Иә, өкінішке орай, мұндай жеткізушілер бар. Біз, әрине, техникалық ерекшеліктерді күшейтуге тырысамыз, бірақ «Мемлекеттік сатып алу туралы» заң қосымша талаптарды белгілеуге мүмкіндік бермейді. Сотқа жүгінуден және «жосықсыз жеткізуші» мәртебесін беруден ештеңе өзгермейді. Біраз уақыттан кейін бұл жеткізушілер қара тізімнен шығады немесе жаңа заңды тұлға құрады, ал бұл қиын емес. Сөйтіп қайтадан тендерлерге қатысады. Айтпақшы, қазір «Мемлекеттік сатып алу туралы» жаңа Заң талқыланып жатыр, ол қабылданғаннан кейін жағдай өзгереді деп үміттенемін.

Бүгінде кәсіпорында 104 техника болса, оның 73-і жұмыс істемейді. Осыған орай, желтоқсан айында 24 бірлік автокөлік паркін жаңартуға бюджеттен 800 миллион теңгеге жуық қаражат бөлінді. Өз бригадаларымызға жаңа көліктер, ассенизаторлар, бұрын-соңды болып көрмеген лай соратын көлік сатып аламыз. Ассенизатордан айырмашылығы, лайсорғыш тығыз шөгінділерді - құм, лай, майды... жою қажет болған жағдайда қолданылады.

Мұндай арнайы техниканың жоқтығынан жұмысшыларымыз коллекторларды, құдықтарды қолмен тазартады. Мұны қала тұрғындары күнде көріп жүр. Соңғы он жылда техниканың мұндай көлемде жаңартылмағанын айта кетейін.

Натрий гипохлоритін өндіретін электролиз қондырғысын сатып алуға шамамен 500 миллион теңге бөлінді. Біз су тазарту процесінде әлі күнге дейін қауіпті сұйық хлорды пайдаланамыз, ал натрий гипохлориті оны алмастырады. Оны өндіру үшін Индер тұзын қолданатын шығармыз. Ақпан айының соңына дейін жеткізуші анықталады, үш ай ішінде біз су тазарту қондырғысы аумағына осы шағын зауытты орнатамыз.

250 миллион теңгеге жуық қаржыға біз кәріздік сорғы станциялары (КСС) үшін 40 заманауи сорғы сатып аламыз. Іс жүзінде қорлар қалмады және көп КСС-да резервтік сорғылар жоқ. Айта кету керек, биылғы қыс кәсіпорын үшін өте қиын өтіп жатыр. Техника үлгермей, халықтан түсетін шағым көп. Бірақ мұның бәрі уақытша, жаңарудың жақсы нәтижелері жақын арада байқалады.

– Ал сатып алынған автотехника мен сорғылар да сапасыз болып шықса ше?

– Иә, мұндай тәуекелдер бар. Бұл жалпы мемлекет ауқымындағы мәселе және оны шешу үшiн жеткiзушi кәсiпкерлердiң жауапкершiлiк деңгейін арттыру қажет.

Ауқымды жоспарлар

– Бір жыл бұрын 39,7 шақырым апатты кәріз желісін күрделі жөндеуден өткізу жобасы жоспарланған еді...

– Жоба мемлекеттік сараптамадан оң қорытынды алып, бюджеттен қаржы бөлініп, оның үш кезеңінің бірінші кезеңі бойынша жұмыстарды жүргізуге тендер жарияланды. Көктемде 12 шақырымдық желі мен коллекторларды ауыстыру жұмыстары басталады.

Бұл өте жақсы нәтиже береді, оны әсіресе желілеріміз ескіргендіктен жертөлелері лас суға толған Авангард, Балықшы, Орталық, Нұрсая және Привокзальный ықшамаудандарындағы көпқабатты үйлердің тұрғындары көреді.

– КСС-ның күрделі жөндеу жұмыстары да жобаланған...

– Қазір қаладағы 85 кәріздік сорғы станциясының 45-і апатты жағдайда. 25 КСС-ның жобалық-сметалық құжаттамасы әзірленді, оның ішінде 9 ірісі биыл жөнделеді, әйтпесе келесі қысқа шыдамайды. Машина бөлмесі мен шахталарға баса назар аударылады. Олардың көпшілігі деформацияланған және ол жерлерге топырақ суы құйылып жатыр. Ал КСС ғимараттары да ауыстырылады.

Мысалы, орташа КСС-ын күрделі жөндеуге 200-ден 500 миллион теңгеге дейін, ірісін жөндеуге 600-700 миллион теңгеге дейін қаржы кетеді.

Тағы бір айтарым, биыл су құбыры желісін де кезең-кезеңімен ауыстыру жұмыстары басталады. Алдымен ең күрделі әрі апатты 30 шақырымы ауыстырылады. Бұлардың кей жерлерінде өткен ғасырдың 70-80 жылдарында орнатылған металл құбырлары әлі де бар.

– Қала шетіндегі ықшамаудандардың тұрғындары жер асты суларының деңгейі жоғары екеніне шағымданады. Қанша сорса да, септиктер тез толып қалады дейді.

– Иә, мәселен, Жұлдыз ықшамауданында су тұрғын үйлерді бұзып жатыр. Бұл мәселені шешу үшін былтыр қала бюджетінен КСС және сол жағалаудағы КТҚ-ға дейін жеке коллектор салынатын кәріз желілерін жобалауға қаражат бөлінді. Бүгінгі таңда жобалық сметалық құжаттаманы әзірлеуші – «Шындау» ЖШС топографиялық түсірілім жұмыстарын аяқтап, мамандарымыздың ұсыныстарын ескере отырып, жобаға түзету енгізіліп жатыр. Атап айтқанда, бұл негізгі көшелерге өздігімен ағатын, ал қосалқы көшелерге қысымды коллекторларды төсеу.

Бірден айтайын - әрбір үй иесі өз қаражатына кері клапан мен сорғыны орнату арқылы коллекторға өз септигін қосуы керек. Вакуум қызметі үшін айына бірнеше рет 12 мыңнан төлегеннен гөрі бір рет шығындалған тиімдірек.

Алдымен жерасты суларының ең жоғары деңгейі байқалатын Мирас, Жұлдыз және Береке ықшамаудандарынан бастаймыз. Әзірге қала әкімдігі пилоттық режимде Жұлдыз ықшамауданында уақытша шара ретінде ағынды суларды сорып, суды төмендету жүйесін орнату жұмыстарын жүргізіп отыр.

Азғана біліктілік туралы

– Бұған дейін КМК-ға тарифті көтерудің орнына, мұнай компанияларына КТҚ арқылы тазартылған суды сату арқылы табыс табу ұсынылды. Бұл бағытта нақты қадамдар бар ма?

– Бірнеше компания бізден су сынамасын алды, бірақ ешкіммен нақты ресми келісім жасалған  жоқ. Әзірге біз бұл тазартылған суды булану алаңдарына төгіп жатырмыз.

– Бір жыл бұрын КМК өз қызметтерінің тарифін көтерді. Оған қызметкерлердің жалақысын көтеру, «Инвестицияға айырбастау тарифі» қағидатына көшуге байланысты 2023-28 жылдарға арналған инвестициялық бағдарламаны жүзеге асыру қажеттігі негізгі себептер ретінде аталды. Айтыңызшы, тұтынушылардың ақшасы қайда жұмсалып жатыр?

– Қызметкерлерден бастайық. Былтыр кәсіпорындағы орташа жалақы облыс бойынша сумен жабдықтау және су бұру саласындағы орташа жалақы деңгейіне жеткізіліп, 284 мың теңгені құрады. Соның арқасында кадрлардың кетуі тоқтады. Оның үстіне бұрын жұмыстан кеткен білікті мамандар қайта оралып жатыр.

Ал құрылтайшыдан (әкімдіктен) бөлінген сомамен салыстырғанда инвестициялық тұрғыда өте аз сома жұмсалады. Бұл жылына шамамен 130-140 миллион теңге – ысырмаларды, кейбір автомашиналарды сатып алуға... жұмсалады. Бюджеттен қаржыландырылып жатқан жоғарыда аталғандай үлкен шығын жоқ.

- Сіздің КМК басшысы лауазымына тағайындалуыңыз әлеуметтік желіде кәсіпорынды мықты «шаруа» басшы, яғни, коммуналдық қызмет саласын түсінетін және осы салада тәжірибесі бар адам басқаруы керек деп, сынға ұшырады.

– Коммуналдық кәсіпорынның тізгінінде «жер жұмысында» тәжірибесі бар адам болуы керек дегенге келісемін. Бірақ ол ең алдымен ұйымдастырушылық қабілеті жоғары менеджер болуы керек. Бізде КМК-да 22 қызмет бар: экономистер, бағдарламашылар, энергетиктер, су құбырын жүргізушілер, автотранспорт цехы, өндірістік-техникалық бөлім... – осы қызметті бейінді мамандар басқаруы керек.

Осы жерде жұмыс істеген уақыт ішінде бірқатар кадрлық өзгеріс жасадым. Мысалы, СТҚ-ға екі жыл бойына оған еш қатысы жоқ, тиісті тәжірибесі мен білімі жоқ адам басшылық етті. Бұл да шәуішке қатысты төтенше жағдайдың орын алуына әсер етті деп ойлаймын. Бұл КСС қызметіне де қатысты.

– Сіз өзіңізді осындай менеджермін деп санайсыз ба?

– Оны уақыт және біздің бүкіл ұжым жұмысының нәтижесі көрсетеді.

Кәсіпорындағы жағдай қиын: біз салықты уақытылы және толық төлей алмаймыз, электр қуатына, бензинге, газға, жеткізілген материалдарға төлей алмаймыз. Бірнеше жүз миллион кредиторлық берешек бар. Қаладағы кейбір жеткізушілер бізбен жұмыс істегісі келмейді, себебі компания уақытында есеп айырыспайды.

Бізге бұл жағдайды дұрыстауға тапсырма берілді, жоспар бар, біздің бастамаларымызды облыс басшылығы қолдап отыр, шын мәнінде мені проблемалық мәселелерді шешу үшін осында жіберді.

– Еңбек жолыңызды «Атырау облысы Су арнасында» одан әрі жұмыс істеумен байланыстырасыз ба, әлде мүмкіндік пайда болған кезде кетесіз бе?

- Бұл туралы әзірге ойлаған жоқпын. Алдымен кәсіпорынды аяғынан тік тұрғызып, қала тұрғындары мен қонақтарына қолайлы жағдай жасау керек. Бұл шешілетін мәселе.

- Сұхбатыңызға рахмет.

Лев ГУЗИКОВ

Автор түсірген, «АЖ» мұрағатынан және «Атырау облысы Су Арнасы» баспасөз қызметінен алынған суреттер

12 ақпан, 22:00

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.