15 ақпанда Кеңес әскерінің Ауғанстан жерінен шығарылғанына 35 жыл толып отыр. «АЖ» тілшісі соғыстың ортасында болып, сонау қиын-қыстау күндерде әскери борышын ауған жерінде өтеп келген бір топ ардагермен тілдескен болатын.
Рақымшылық жасау құқығынсыз
1979 жылы Өрлік ауылының тумасы Айтжан ДӘУЛЕТИЯРОВ ауылдағы «Жас қанат» комсомол-жастар бригадасында еңбек етіп жүргенде әскер қатарына шақырылады. Бастапқыда әскери борышын Ресейдің Челябі облысы Шұбаркөл қаласында мотоатқыштар құрамында өтеуден бастайды. Айтжан сол құрамада жүріп, жаяу әскердің «БМП» темір көлігінің оқ атушысы ретінде әскери-жаттығудан өтіп, жарты жылдан соң Өзбекстанның Термез қаласында әскери борышын жалғастырады.
- Ауғанстанда соғыстың жүріп жатқанымен хабардар болсақ та, басшылық тарапынан нақты әңгіме айтылған жоқ, бірақ сыбыс бар. Сыбыс шындыққа айналып, бір түнде әскери дабыл қағылып, Ауғанстан елінінің астанасы Кабулдан бір шықтық, - деп әңгімелейді А.Дәулетияров. - ...Ауған еліндегі батальон командирі атақты Руслан АУШЕВ болды. Акушев кейін Кеңес Одағының батыры атанып, генерал-лейтенант шеніне дейін жетіп, Ингуш республикасының тұңғыш президенті болғанын айта кеткен жөн. Ол әскерде өте қатал болғанымен сарбаздардың амандығын басты міндет деп санады. Командиріміз «БМП» оқ атушыларын өзі іріктеді. Әскери-жаттығуда менің атқан оқтарым нысанаға дәл тиіп, бұл сынақтан сүрінбей өттім. Таулы аймақта қиындық сезілмей қалған жоқ. Кейін тауда жүріске ыңғайлы «БМП-2» көлігі келді.
Соғыс жүріп жатқан жерде қатер деген аяқ астында. Бірде 11 жауынгер болып, қышлақтарға күдікті деген үйлерді тексеріп, қару-жарақтарды тәркілеу үшін шықтық. Сол арада бір жауынгердің жоқтығын байқадық. Сөйтсек, ауған шалы оны атып тастаған екен. Қылмыскерді әскери тәртіппен басшылыққа тапсыру керек болса, ашынған жауынгерлер дала заңымен үкімді сол жерде орындайды. Жасы 20-ға толмаған жауынгердің өлімі қаруластарына ауыр тигені анық.
Он жылға созылған (1979-1989 жж.) ауған жерінде болған сұрапыл соғысқа Қазақстан жерінен 22 мың жауынгер қатысса, 761 адам қаза тауып, ал 21-і хабар-ошарсыз кетті.
«Жантәсілім етерде анасын іздеді»
Жарсуат ауылының тумасы Жалғасбай ҚАРАБАЛИН әскери борышын өтеуге аттанғанда Ауғанстан елінде соғыс жүріп жатқан еді. Алты ай Санкт-Петербургте артиллерия дайындығынан өткен өндірдей жастар Қазақстаннан Өзбекстан, Түркіменстан арқылы Ауғанстанның Қандагар қаласы маңынан бір шығады. Ол жерде Жарсуат ауылының тумасы, ауылдасы Қайырқұл БИТАНОВПЕН бірге болады.
- Қандагар маңында әскери базаның жаңадан жасақталып жатырған кезі екен, казарма жоқ, біз жер кепені қолмен қазып, қоныс қылдық. Қатынас үзілген, ішерге су да тапшы. Тамақ тек бір мезгіл, түсте ғана беріледі. Ауылдан хат-хабар үзілген. Елдегі ата-аналарымыз балаларынан бір хабар біле алмай, күте-күте шаршап әскери коммисариатқа барып, дабыл қағып жатса керек. Қағаз, қалам қат. Бірде қалам тауып алып, онымен қалбырдың қағазына жазып, керуенмен елге жолдадық. Арада үш ай өткенде палаткалар келіп, жағдайымыз түзеле бастады, - деп еске алады Ж. Қарабалин.
Бірде тау арасындағы қышлақтардың бірінде дұшмандардың жасырынып жатқаны туралы хабар тиеді. Ауған белсенділерімен бірге барған жауынгерлерді дұшмандар бас көтертпес бораған оқпен қарсы алып, сол жерде ауған белсенділері мерт болып, біздің бірнеше жауынгер жарақат алады. Ал таулы аймақтағы әккі жау ізін жасырып үлгереді.
- Тағы бір ұрыста қасымдағы түркімен жігітінің кеудесінен оқ тиіп, қаза тапты, - дейді Жалғасбай көңілі түсе әңгімелеп. - Кейін көмек келіп, он бес шақты дұшмандар жер жастанды.
Бүгінде зейнет жасына шықтым. Алайда көзімді жұмсақ, жантәсілім етерінде анасын іздеген сол сарбаздың ащы даусы әлі құлағымнан кетпейді
Жат жердегі кездесу
Есбол ауылының тумасы Сайлау МҰҚСИЕВ жанар, жағармай таситын көліктің жүргізушісі болып, Ауғанстан жеріндегі Құндыз, Пули-Хумра, Махар-Шәріп маңдарында әскери борышын өтеген болатын. Ол қаупі зор көліктің керуен жолдарында тек әскери техникалардың қорғауымен жүретінін әңгімеледі.
– Бірде БТР-дің жол бастауымен жанар, жағармай құюға шықтық. Ажал айдады ма, БТР жүргізушісі едәуір алға озып кетіп, менің көлігім артта қалып қойды. Бір кезде қатты жарылыс естілді, БТР-ді дұшмандар атып, жарып жіберген екен. Мен жүргізуші қаза болды деп ойладым, бірақ кенет рациядан оның дауысын естідім. Тірі қалған екен. Дереу көмекке әскери техникалар келіп, аман шықтық.
...Ауғандықтар ішер ас, киер киімге зәру болатын. Әйелдер паранжамен жүреді, аш-жалаңаш балаларды аяйсың. Кейбіреулері намыстанып, берген тамағымызды алмайтын. Бірде шалма таққан, сақалды, астында есегі бар жат жерде мекендеп қалған қазақ жігітін көрдім. Айтуынша үйленгісі келіп, қалың малға қам жасап жүр екен. Өзге елде мекендеп қалса да тілін ұмытпаған, қазақша сайрап тұр. Негізі бұл жақта қазақ отбасылары бар екен, - дейді С. Мұқсиев. - Бізге Ауғанстан еліндегі соғысқа барасыңдар деп ешкім айтқан жоқ. Әскери міндетімізді атқардық, қаншама боздақтар елге табытпен оралды. Ол зұлмат күндер мәңгі есімізде. Аман-есен елге келдім, түрлі мекемеде жүргізуші болып жұмыс жасадым. Биыл зейнет жасына жеттім.
«Әрең күн көріп жүр»
Индербор кентінің тұрғыны Жангерей НҰРҒУАТОВ 1966 жылы 28 қыркүйекте дүниеге келген. 1983 жылы кенттегі Ш. Уәлиханов атындағы орта мектепті бітірген соң Ресейдің Челябі облысы Миасс қаласындағы геологиялық барлау техникумына оқуға түседі. Бірінші курстан кейін қазіргі Жетісу облысындағы Үшаралда Қытаймен шекаралас жерде әскери борышын өтей бастайды. Кейін Жангерей де Ауғанстанның Пайзабад қаласы маңындағы Тергиран атты шағын гарнизонда азаматтық борышын жалғастырады. Міндеттері қышлақтар мен керуен жолдарын бақылау болған.
- Бірде түн ортасында әскери гарнизонға дұшмандар шабуыл жасады. Біз де қарап қалған жоқпыз, БМП, БТР-лардан қарсы жаққа оқ жаудырдық. Ақыры күшімізді білген болу керек, дұшмандар кері шегінді.
...Қышлақтар бақылауымызда болғандықтан жиі барамыз, кезекті бір тексеруде дұшмандарға жол көрсетіп жүрген пуштун жігіті тұтқындалды, - дейді Ж. Нұрғуатов. - Қышлақтарда тәжіктер де тұратын. Халықтың тұрмысы өте нашар. Үйлері тастан салынған бәкене болады, кірсең иіс қолқаны қабады, бөлменің қақ ортасында от жағып, тамақ пісіріп отырғаны. Тіпті жерге төсейтін алаша да жоқ. Мал атаулыдан қой-ешкі ұстайды, есек барлық үйде бар. Өйткені есек таулы жерге ыңғайлы. Апиын егіп өсіреді, соны сатады, күнкөрісіне жұмсайды. Аяйсың тірліктеріне қарап, басқа не істейсің.
Жангерей елге келгесін оқуын жалғастырып, бүгінде «Индерсу» мекемесінде машинист.
«АЖ» анықтамасы: Индер ауданының өзінен ауған соғысына 54 жауынгер қатысқан. Бөдене ауылының тумасы, 19 жасар Абат ДАЛАБАЕВ майдан даласында қаза тауып, «Қызыл жұлдыз» орденімен марапатталды. Он сарбаз соғыстың салған зардабын тартып, әртүрлі жарақат салдарынан бүгінде өмірде жоқ болса, 16-сы басқа қалаларда, ал 28 ардагер ауданда тұрады.
Ешкім де, ештеңе де ұмытылмай ма?
Айбар НҰҒМАНОВ та Индербор кентінің тумасы, Жангерей сияқты ол да Челябі облысы Миасс қаласындағы геологиялық барлау техникумына оқуға түсіп, бірінші курсты аяқтағаннан кейін әскер қатарына шақырылады. Ол Қазақстанның Үшаралында, кейін Ресейдің Краснояр аймағындағы Канск қаласында «МИ-8», «Ми-24» тікұшақтарының түрлі атыс қаруларын жасақтау бағытындағы әскери даярлықтан өтеді. Тапаншадан бастап гранатометқа дейінгі барлық атыс құралдарынан оқ жаудыруға маманданады.
- Ауғанстанда соғыс өрті өршіп тұрған кез. Біздің бөлімге артылған міндет - автокеруен қауіпсіздігін жоғарыдан бақылау. Автокеруен жүрер алдында жол бойындағы тау бастарына тікұшақпен десант ретінде түсіріп кетеді. Осындай кезекті операция кезінде төменде орналасқан қышлақтан оқ атыла бастады. Біздің командиріміз шұғыл шешіммен 18 жауынгерді ертіп, дұшмандардың көзін құртуға бағыт алдық, оқ жауып тұр, бас көтертер емес. Біз қарап жатпай, оқ жаудырып жатырмыз. Бір кезде артымыздан да оқ атыла бастады, «біз қоршауда қалыппыз» деп ойладық. Кейін білсек олар ауғандық царондайлар (Революция қорғаушылары - 1978-1992 жылдар аралығында болған Ауғанстан Демократиялық Республикасының Ішкі істер министрлігінің жасағы – Авт.) екен, бізге көмекке келген. Сөйтіп кезекті операциядан дін аман шықтық, - дейді А. Нұғманов.
Бұдан кейін де шыжыған ыстықта Айбар бар, басқа да сарбаздар бар бірнеше қауіпті операцияларды өткерген. Оқ тиіп жараланған, қаза болған достарын, жүкпен тау етегіне түсіп, тікұшақты күтіп, қате ақпардан тау асуларынан қайта өткенін, бәрін бастан кешіргенін еске алды.
Осы оқиғалардың барлығын еске түсіре отырып, олар бастан кешкен нәрсенің бәрі ұмыт қалған ба дейді.
Осындай қиын-қыстау, оқ пен өрттің ортасынан келген ардагерлердің талап-тілектері де жоқ емес. Біріншіден, оларға түрлі әлеуметтік саладағы барлық жеңілдіктер беріліп, Ұлы Отан соғысы адагерлерімен теңестірсе дейді.
Екіншіден, аудан орталығында ауғандық жауынгерлерге арнап ескерткіш орнатып, әскери-патриоттық тәрбие беру мектебі жұмысы жанданса, яғни ауған ардагерлерін кеңінен тартып жастарға тәлім-тәрбие беру қолға алынғаны дұрыс. «Өйткені біз бармыз, біз тіріміз және туған жерімізде бейбітшіліктің сақталғаны қаншалықты маңызды екенін біз жақсы білеміз, өмірдің құны қандай екенін біз білеміз», - дейді олар.
Ләззат ҚАРАЖАНОВА
Суреттерді түсірген автор