Соңғы үш жылда Атырау облысында жасанды түсік жасату саны артқан. Бұған негізінен әлеуметтік жағдайлар және медициналық көрсетілім бойынша жүктілікті тоқтату себеп болып отыр. Тағы бір айтарлықтай бөлігін некеден тыс бала туғысы келмегендіктен түсік жасатқан жағдайлар құрайды.
Бұл туралы «Аборт және оның cалдары» тақырыбында өткен ӨКҚ брифингінде облыстық перинаталдық орталық директоры Қазбек ЕРМАҒАМБЕТОВ айтты.
Оның мәліметі бойынша, 2021 жылы – 1951, 2022 жылы – 1815, өткен жылы – 2253 жасанды түсік жасалған. Осылайша, түсік жасатудың өсімі 15 пайызға артты.
Ал 18 жасқа дейінгі түсік жасату 2,5 есеге азайды. Ресми статистика бойынша 2021 жылы 13 түсік жасаса, 2022 жылы – 14, ал өткен жылы – 5 жасанды түсік жасалған.
Мамандығы акушер-гинеколог Қ.Ермағамбетов соңғы кездері мектеп медицинасына көңіл бөлініп жатқанын, сондықтан кәмелетке толмағандар арасында түсік жасатудың азайғанын айтады.
Одан әрі түсік жасатудың салдары туралы айта отырып, ол түсік түсіру кезінде әйел ағзасында шок болатынын атап өтті, өйткені эмбрионның дамуына бейімделген барлық органдар мен жүйелер оны алып тастағаннан кейін күйзеліске ұшырайды. Ол жүктілік әйел өміріндегі үлкен оқиға екенін, сондықтан бұл мәселеде жауапкершілік өте маңызды екенін атап өтті.
Айнұр САПАРОВА
Қ.Ермағамбетовтың баяндамасынан:
Түсік жасатудың салдары:
1. Түсік жасату кезіндегі жарақат
Түсік жасату кезінде жатыр аймағының жарақаты көбінесе жатыр мойны арнасы созылған кезде пайда болады (басқаша айтқанда, түрлі дәрежедегі жатыр мойнының жыртылуы орын алады). Түсік жасату кезінде жатырға енгізілген құралдар жатырдың жұмсақ бұлшықеттерін зақымдауы мүмкін. Хирургиялық араласусыз мұндай жарақаттар әйелдің өміріне қауіп төндіреді. Түсіктен кейін жатырды тез алып тастау қажеттілігі туындайтын жағдайлар болады, мұндай кезде әйел бедеу болып қалады.
2. Түсік жасату кезінде көп қан кету
Түсік жасату кезінде көп қан кету ірі қан тамырлары зақымданған кезде және жатырдың нашар жиырылуынан туындайды. Дереу хирургиялық емдеу туындаған кезде, көбінесе мұндай жағдайда қан құю, кейде жатырды алып тастау қажет болады.
3. Наркоздан кейінгі асқынулар
Түсік жасату кезінде кез келген жансыздандыру әйелдің денсаулығына теріс әсер етуі мүмкін. Атап айтқанда, жүрек соғысының бұзылуы, бауыр функциясының бұзылуы немесе тыныс алу проблемалары туындауы мүмкін. Наркоздың ең қауіпті асқынуы - аллергиялық шок.
Түсіктен кейінгі ерте асқынулар:
Түсік жасағаннан кейін бірнеше күн ішінде келесі салдары болуы мүмкін.
1. Қабыну. Жатырдың, жатыр түтіктерінің және іш қуысының қабынуы түсік түсіргеннен кейін жиі кездеседі. Сондай-ақ, түсік жасатқаннан кейін өмірге қауіп төндіретін сепсис (қанның бұзылуы) пайда болуы мүмкін.
2. Тромбоз. Түсік түсіргеннен кейін қанның ұю қарқындылығы бұзылып, ұйысқан қанға түскендіктен, тамырларда (әсіресе аяқтарда) қан ұйығы (тромб) пайда болады. Түсік түсірудің бұл зардаптарын жедел емдеу керек.
Түсік жасатудан кейінгі кеш асқынулар
Көбінесе түсіктен кейінгі асқынулар әйелдің бұрын ауырған ауруларының негізінде дамиды. Статистикаға сәйкес, түсік түсіргеннен кейін 10-20%-да асқыну жағдайы кейін басталады.
1. Түсік жасатудан кейінгі жатыр түтіктерінің және жатырдың созылмалы аурулары
Түсік түсіру кезінде енгізілген, сол кезде байқалмаған инфекция түсік түсіргеннен кейін дереу емделмеген жағдайда жатыр түтіктерінің созылмалы қабынуына әкеледі.
Кезінде байқалмаған және түсік түсіру кезінде енген, түсік түсіргеннен кейін бірден емделмеген инфекция жатыр түтіктерінің созылмалы қабынуына әкеледі.
2. Түсіктен кейінгі бедеулік
Аборттан кейін жатыр түтіктері толығымен бітеліп қалады, бұл бедеулікке әкеледі.
3. Кейінгі жүктіліктерге түсік жасатудың әсері
Жатыр мойны түсік жасату кезінде жарақаттанса, бұл жатыр мойны жеткіліксіздігінің дамуына әкелуі мүмкін. Дәл осы себепті кейінгі жүктілік мерзімінен бұрын босану және түсік тастаумен аяқталады.
4. Етеккір циклінің бұзылуы
Түсік жасау процедурасынан кейін кейде жатырдың шырышты қабығында тыртықтар пайда болады. Бұл етеккір циклінің бұзылуына, әсіресе көп және ауыртып келуіне әкеледі.
Түсік жасатудың жоғарыда аталған салдары әсіресе алғашқы жүктілік кезінде орын алуы мүмкін және қауіпті.
Әртүрлі механикалық, жылулық немесе химиялық әдістерді қолданып, қаламаған жүктіліктен ешқашан құтылуға тырыспаңыз.
Түсік жасатудың психологиялық салдары
Кейбір әйелдер түсік жасатқаннан кейін ауыр эмоционалды күйзелісті бастан өткереді. Бұл түсік жасатқаннан кейінгі алғашқы күндері, кейде көп жылдан кейін басталуы мүмкін.
Түсік жасатудан кейінгі күйзелістің белгілері:
- кінәлі сезіну
- реніш пен ашушаңдық
- алаңдаушылық сезімі
- депрессия
- суицид туралы ойлар
- түсік жасатқан уақытын еске түсіріп қобалжу
- сексуалдық дисфункция
- қарым-қатынастағы проблемалар
- шамадан тыс алкоголь
- нашақорлық
- психологиялық өзгерістер.
Тұрақты, уақытша және шұғыл контрацепция әдістері бар. Түсік жасату жүктілікті болдырмау әдісі емес, оны тоқтату.
Ересектер өздерінің, серіктесінің және болашақ балаларының денсаулығына жауапкершілікпен қарау арқылы проблемалардың алдын алады.