Қаладағы көне оқу орындарының бірінің оқушылары көршілес оқу орындарына уақытша таратылады.
Ө.Атамбаев атындағы №8 орта мектеп өткен жылы 60 жылдық мерейтойын атап өтті және осы онжылдықта оған бірде-бір рет күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілмеген. Оған жобалық-сметалық құжаттама (ЖСҚ) сонау 2016 жылы әзірленген, бірақ 2018 жылы мемлекеттік сараптамадан теріс қорытынды алған.
Атырау қалалық білім беру бөлімінің мәліметінше, жобалық-сметалық құжаттаманы әзірлеуге бюджеттен 4 млн теңге бөлінді. Жұмыс көлемінің өзі 1,4 миллиардқа бағаланып, оның аясында бес айдың ішінде мектеп ғимаратын ғана емес, оның маңындағы аумақты да ретке келтіру жоспарланды.
Тендер әлі өтпегендіктен, ресми түрде жөндеу жұмыстарын жүргізу уақыты белгісіз, бірақ мектеп әкімшілігі ата-аналарға оның 1 сәуірден бастап жабылатынын хабарлады.
Қалалық білім беру бөлімі 1014 оқушыны уақытша қабылдайтын оқу орындарының тізімін санамалап берді: бұл А.Пушкин атындағы №20 орта мектеп (5-8 сыныптар), А.Чехов атындағы №14 орта мектеп (9-11 сынып), ал ең кішкентайлар (1-4 сынып) сегізінші мектепке жақын орналасқан кешкі мектепте оқиды.
Мектеп оқушылары үшінші ауысымда оқи ма және осыған байланысты сабақтар қысқара ма деген сұрақтарға білім беру бөлімінің жазбаша жауабында түсініктеме берілмеген.
Сондай-ақ биыл облыс орталығындағы тағы үш орта мектепте – Ю.Гагарин атындағы №4 орта мектепте, А.Байтұрсынов атындағы №23 орта мектепте, Дамбы ауылындағы Амангелді атындағы орта мектепте күрделі жөндеу жұмыстары жоспарланып отыр.
Лев ГУЗИКОВ
«АЖ» оқырманы жолдаған сурет