Атырауда зейнеткерлер үшін белсенді қартаю орталығы енді жыл бойына үздіксіз қызмет ететін болды.
Орталықта зейнеткерлер шахмат, теннис, тоқыма, смартфонды, компьютерді қолдануды үйрену, атқа міну, йога, бассейн, т. б. үйірмелерге тегін қатысады. Екі жыл бұрын пилоттық режимде басталған орталық бұған дейін тендердің өтуіне байланысты наурызда басталып, желтоқсан айында аяқталып кететін. Сондай-ақ тендерге қойылған қаражат көлемінің шектеуіне байланысты жобаға 70 адамнан артық қабылдай алмайтын еді.
Былтыр қазан айында қала әкімдігі орталықты КММ қылып ашты, енді орталыққа келушілер санына шектеу болмайды.
«АЖ» тілшісі Атырауда былтыр ашылған «Белсенді ұзақ өмір сүру және зейнеткерлер мен мүгедектігі бар адамдарға үйде әлеуметтік қызмет көрсету орталығы» КММ жұмысымен танысып қайтты.
Тілшіңіз байқаған бір қызық жайт: секцияларға келетін ерлердің саны әйелдерге қарағанда әлдеқайда аз. Дәлірек айтсақ, ерлер қауымының он өкілі ғана бар. Мұнда ер адамдар да қызықты хобби таба алады, өйткені мұнда қалауы бойынша үйірмелерге қатысу мүмкіндігі бар. Сонымен қатар, әр апта сайын концерт, тақырыптық кештер, байқаулар өтеді, бір сөзбен айтқанда, жалығып кетпейді.
Орталық басшысы Арман ДУСКАЛИЕВТІҢ айтуынша, бүгінде орталықта барлығы 160 адам әртүрлі үйірмеге қатысып отыр. Әлі кезекте тұрған 300-ден аса зейнеткер бар.
- Алғашында тізім бойынша 40 адамнан бөліп, 3 ай сайын бір топтан қабылдаймыз деп жоспарлағанбыз. Бірақ тіркелушілердің саны көптігіне байланысты барынша көп адамды қамтуға тура келді. Қазір 4 кезеңге тіркелгендерді бір қосып 160 адаммен жұмыс істеп жатырмыз. Енді орталықта күніне 110 адам болады, - дейді орталық басшысы.
Орталықта 13 түрлі үйірме - психология және медбике кеңесі, тоғызқұмалақ, қолөнер, дене шынықтыру, ән сабағы, хор, компьютерлік курс, смартфонмен жұмыс істеп үйрену, заңгерлік кеңес, массаж креслосы және аяқ массаж аппараты, шахмат, йога, ән сабағы, сурет, ЛФК бағытында өтеді. Қазір орталыққа ипподром мен бассейн үйірмесін қосуға қаржы бөлінген, енді құжаттарды тендерге шығаруға дайындалып жатыр.
- Орталықта зейнеткерлер үш айға дейін бола алады. Одан кейін қайтадан тіркеліп, келесі кезеңге жазылуға болады. Бірақ біз алғашқы болып тіркелгендер ипподром мен бассейнді көріп кетсін деп ұзартып жатырмыз, – дейді орталық басшысы.
Келушілердің ең үлкені Әсия НАДЫРШИНА 73 жаста:
- Бұған дейін де екі жыл қатарынан осы орталыққа жазылып, қатысып келемін. Мен бұл жерде йога, домбырамен ән, тоқыма және компьютер үйірмесіне қатысамын. Одан бөлек, замандастармен отырып шахмат, тоғызқұмалақ ойнаймыз. Таңертең 9-да келгеннен қалай түс болғанын білмей қаламын. Мұнда денең шынығады, көпшілікпен араласасың, әңгімелескеннен көңілдегі кірбің тарқайды, - дейді Әсия әже.
Орталық директорының айтуынша, келушілерден жаңа үйірмелер ашу туралы ұсыныс көп түседі. Алайда кабинет жетіспеушілігі қол байлап тұр.
- Қазір жаңадан жалға ғимарат алуға жұмыстанып жатырмыз. Мәслихат мақұлдаса, тағы екі жерден филиал ашқымыз келеді. Сауалнамаға сүйенсек, көбісі Нұрсая, Привокзальный, орталықтан болса деп сұрайды. Қазір ғимараттардан коммерциялық ұсыныс сұрап жатырмыз. Біздің талабымыз бойынша бірнеше үлкен залдары болу керек.
Директордың айтуынша, әзірге сұранысқа сай келетін ғимараттар табылмай жатыр екен. Айта кетейік, орталық Балықшы ы/а, Байжігітова көшесі, 80А үйде орналасқан. Тіркелу осы жерде жүреді.
Нұрбейбіт НҰҒЫМАНОВ
Суреттерді түсірген автор