Махамбет ауданы ескі Сарайшық ауылының тұрғындары ауыл ішіне жол салуды немесе ауылды көшіруді тездетуді сұрайды.
Атырау облысы әкімдігінің телеграм каналында шағым білдірген Шаңгерей ЕСМҰХАНОВ есімді тұрғын «Ауылды көшіреміз деген әңгімені қанша жылдан бері қайталап келеді. Алдымыз көктем, ауылда жол жоқ, күн балшықта оқушылардың сабаққа баруы қиындайды», дейді.
«АЖ» мән-жайды анықтау үшін Махамбет ауданы әкімдігіне хабарласқан еді.
- Ескі Сарайшық ауылы республикалық дәрежедегі ескерткіштің қорғау аймағының ішінде орналасқан. Онда 87 тұрғын үй бар. Бұл жер республикалық дәрежедегі ескерткіш болып табылады. 2023 жылы облыс әкімінің шешімімен қорғау аймағы бекітілді. Сондықтан, қазіргі таңда ауылды көшіру мәселесі бойынша тиісті жұмыстар жүріп жатыр. Осы көшіру мәселесіне сәйкес бұл ауылда жол салу мәселесі тоқтап тұр, - деді әкімдіктегілер. - Жаңа Сарайшық ауылында 10,1 шақырым жол төсеу жұмыстары басталды. Мердігер мекеме анықталды - “АтырауИНЖСтрой" ЖШС. Көшіру жұмыстары басталғанша инертті материалдардан қатты табанды жол төсеу мәселесі қарастырылып жатыр.
Нұрбейбіт НҰҒЫМАНОВ