Ауа райының күрт жылынуы салдарынан Қызылқоға ауданындағы Сағыз бен Мұқыр ауылында су басу қаупі туындады.
"Алтыншы ауыл" деп аталып кеткен бөліктегі үлкен сай әлеуметтік желіде таралған видеода бүгінде суға толып, арнасынан асып кеткен. Осы орайда «АЖ» Мұқыр ауданының әкімі Азамат ЖАҚСИЕВТАН қазіргі жағдайдың осы ауыл тұрғындарына қаншалықты қауіпті екенін сұрады?
- Үрейленетіндей ештеңе жоқ, қар еріді, оның үстіне жаңбыр жауып, сайлар суға толды. Еріген қар сулары сай бойындағы алты су өткізгіш су құбыры арқылы далалыққа кетіп жатыр. Рас судың қатты қарқынмен жүріп жатқанынан су құбырынан өтіп үлгере алмай жол үстімен ағып жатыр. Бірақ ауылдың суға кететіндей қаупі жоқ, - дейді А. Жақсиев. - Қазіргі таңда үйлер мен қора-жайларды судан аман сақтап қалу үшін екі погрузчик, бір трактор, «КамАЗ», 15 адам жұмылдырылды. Сағыз ауылына келер болсақ, ауыл ішінен өтіп жатқан Ноғайты өзені арнасынан аспаған. Бірақ алғашқы шығын бар: қоралардың бірі мол судың екпініне төтеп бере алмай, опырылып құлады. Тұрғындар құбылысқа төтеп беру қапшыққа толы топырақтар дайындап жатыр.
- Кейбір үйлер маңы суға толып тұр. Қораларға кіріп кетіп жатыр. Бір үй құлап қалды. Жалпы апатты үйлерге қауіп бар. Егер Ноғайты өзені толса, ауылдың суға кету қаупі бар, - дейді ауыл белсендісі Ахат ӨСКІНБАЙ.
Кейін Өңірлік коммуникациялар қызметі келесі ақпаратты жолдады:
«Сағыз ауылдық округіне қарасты Кенбай елді мекені ішінен өтіп жатқан сай жүріп кетіп, екі тұрғын үйге қауіп төндірді. Оған «Қайнармұнайгаз» мұнай-газ өндіру басқармасынан бір погрузчик жіберіліп, түнгі сағат 04:30- да аталған тұрғын үйлердің айналасына бөгет салынды. Сөйтіп, қауіп сейілді. 9 ақпан күні Ноғайты өзені еріген қар суынан көтеріле бастады. Өзен арнасының тереңдегі шамамен 3,0 метр, су деңгейі өзен арнасының табанынан 1,0 метрде ағып жатыр. Сонымен қатар, Сағыз ауылында су кіру қаупі бар үйлердің айналасына бөгет салынып, суды сору жұмыстары жүргізіліп жатыр. Оған 1 погрузчик, 1 гидромик, 2 Камаз вакуум, 60 адам жұмылдырылды.
Мұқыр ауылдық округіне қарасты Жантерек елді мекеніндегі мектептің шарбағының ішімен еріген қар суы жүріп жатыр. Әзірге мектепке қауіп жоқ. Сабақ онлайн өткізілуде.
Миялы ауылындағы көшелерде қар шығару және су сору жұмыстары қарқынды жүргізіліп жатыр. Қазіргі таңда, 2 погрузчик, 1 гидромик, 2 вакуум, 2 автогрейдер, 3 "КамАЗ" (самосовал), 20 адам жұмылдырылып, 5 мотопомпа қойылды. Қосымша 7 мотопомпа дайын тұр».
Ләззат ҚАРАЖАНОВА