Бүгін, 7 ақпанда Дүниежүзілік банктің мамандары өңірдің қоғамдастығы үшін өзекті мәселелердің бірі болып табылатын Каспий теңізі деңгейінің төмендеуін зерделеу бойынша зерттеу жұмыстарын жүргізетін команданы ұсыну мақсатында Ақтау теңіз портына келді, деп хабарлайды теңіз портының баспасөз қызметі.
Келесі 18 ай ішінде HR Wallingford компаниясының мамандары Каспий теңізі бойынша алдыңғы зерттеулердің деректерін, өңірлік Климаттық модельдердің (RCM) нәтижелерін кезең-кезеңімен зерттейді, рельефтің цифрлық моделін және су алаптарының гидрологиялық моделін дайындайды. Сондай-ақ климаттың өзгеруінің болашақ сценарийлерін модельдеу үшін бағдарламалық қамтамасыз етуді (telemac) пайдалана отырып, бүкіл Каспий теңізі мен Ақтау портын гидродинамикалық модельдеу жүргізіледі.
Зерттеулер барысында жинақталған деректер мен ұсынымдар Ақтау портының инфрақұрылымы мен жабдықтарын қайта жаңарту мен жаңғыртудың кейінгі жобаларында пайдаланылатын болады.
Соңғы онжылдықтарда Каспий теңізі деңгейінің төмендеуі осы ішкі су айдынына іргелес елдердің экологиясын, экономикасын және әлеуметтік аспектілерін қозғайтын күрделі проблемаға айналды. Мамандар бұл құбылыстың ұзақ мерзімді әсеріне, соның ішінде биоәртүрліліктің жоғалуына, су мен ауа сапасының нашарлауына және экономикалық тұрақтылыққа қауіп төндіретініне алаңдаушылық білдіреді.
Дүниежүзілік банк өкілдерінің сапары - бұл Ақтау портының Каспий теңізі деңгейінің төмендеу проблемаларын зерделеу бағытындағы бастамаларын іс жүзінде іске асыру.
Кездесуде “АТСП” ҰК” АҚ Басқарма Төрағасы Абай Турикпенбаев атап өткендей, барлық өңірлік құрылымдардың бірлескен күш-жігері ғана өңірдің бірегей экожүйесін сақтауға және оның болашақта тұрақты дамуын қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.