Интернет мәселесін көптен бері көтеріп жүрген Жаңаталап ауылының тұрғыны Аслан ОМАРОВ әлеуметтік желіге тұрғындар атынан қала және облыс басшыларына ашынған жазба қалдырды.
«Әр ел өз ғарыштарын аспанға ұшырып соңғы озық спутниктерін орнатып жатса, бізде интернет жоқ.
Әлемде дамыған Tesla компаниясы соңғы технологияларын сәтті сынап жатса, бізде сеть жоқ.
Атыраудың іргесінде тұрсақ та, Жаңаталап ауылымыздың күнделікті күйі осы сеть, интернетпен байланыс орната алмай арпалыстың күнін кешіп, 3 км жердегі вышканы жағалап кетеміз.
Ауылда тек бір-ақ вышка, ол Билайн, оның өзі ауылға кіреберісте, оның өзі ауылды толық интернетпен қамтамасыз ете алмайды, байланыс нашар, тіпті ұстамайды.
Жалмаңдаған Активке ай сайынғы салымым 8000 мың теңге, оның өзінде көрген күніміз осы. Интернет мүлдем жоқ.
Нақты Жаңаталап ауылына шеткі көшелерден вышка орнату керек, сонда мәселе толығымен шешілмек».
Бұл жазбаны өзге де ауыл тұрғындары қолдап, қашықтан оқыту кезінде балалардың онлайн сабақты көру мүмкіндігінің жоқтығын, адамдар толық жұмыс істей алмайтынын, хаттар, хабарламалар жібере алмайтынын - жалпы заманауи қоғам игілігі жоқ деп жазған. Бір қызығы, Атырау әкімдігі бұл жазбаға «Шағым жауапты мамандарға жолданады» деген мағынасыз комментарий қалдырған.
«Қазақтелеком» АҚ Атырау облысының байланыс торабы басшысының м.а. Таңатар ИСМАҒАМБЕТОВ «шағым жазбаша түссе, интернет және тағы басқа қызметтерді тексеріп береміз» деп жауап берген. Оның сөзінше, қазір Жаңаталап ауылының ескі бөлігі «Қазақтелеком» қызметін тұтынады. Мәселе Жаңаталап ауылының жаңа бөлігінде болып отыр.
Айнұр САПАРОВА