Ресей Солтүстік Кореяға халықаралық қаржы жүйесінің мүмкіндіктерін пайдалануға рұқсат беріп, сонымен бірге БҰҰ санкциясына ілінген Солтүстік Кореяның бірқатар активтерін бұғаттан босатты. Мәскеу есесіне Пхеньяннан қару-жарақ алады. Бұл жөнінде АҚШ-қа одақтас елдердің барлау қызметіне сүйенген The New York Times жазды, деп хабарлайды Азаттық радиосы.
Ақпаратқа қарағанда, Ресей билігі қаржы мекемелерінің біріне Ресей банктерінде бұғатта болған шамамен 30 млн доллар қаражаттың 9 миллион долларын шешіп алуға рұқсат берген. Бұл қаражатты Солтүстік Корея мұнай сатып алуға жұмсамақ. Дереккөздердің айтуынша, Мәскеу Пхеньянға жартылай мойындалған Оңтүстік Осетияның банктерінен есепшот ашуға рұқсат берген. Грузия ол аймақты Ресей басып алған аумақ деп санайды.
Сарапшылардың пікірінше, Солтүстік Кореяға санкцияны айналып өтуге көмектескен Ресей мұны сақтықпен жасайды. БҰҰ сын айтса, Ресей жағы активтерді жеке банк бұғаттан босатқанын, оған биліктің қатысы жоғын айтып ақталуы мүмкін.
- 2023 жылы қазанда Ақ үйдің ұлттық қауіпсіздігі жөніндегі кеңесшісі Джон Кирби Солтүстік Корея Ресейге қару-жарақ тасымалдағанын айтқан. Ақ үй Солтүстік Кореяның қоймаларынан алынған қару-жарақ деп айтылатын суреттер жариялаған. Қару-жарақ Ресей туы ілінген кемеге тиеліп, Ресейдің оңтүстік-шығыс шекарасындағы қоймаларға жөнелтілген. Вашингтонның мәліметінше, қару-жарақ 7 қыркүйек пен 1 қазан аралығында тасымалданған. Оңтүстік Кореяның барлау қызметі Пхеньян үш ай ішінде Ресейге миллион снаряд жібергенін хабарлаған.
- Қаңтарда Джон Кирби Солтүстік Корея Солтүстік Кореяның Ресейге ракета тасымалдауына "алаңдаушылық білдіріп", қару тасымалдауға қатысы барларға қосымша санкция салынатынын айтқан еді. Ақ үй өкілінің сөзінше, Ресей Украинадағы соғыста Солтүстік Кореядан алған ракеталарын қолданып та үлгерген – 30 желтоқсан мен 2 қаңтарда Украинаны жаппай соққылаған кезде пайдаланған.
- БҰҰ Қауіпсіздігі кеңесіне мүше жеті мемлекет Ресейді Пхеньянмен әскери-техникалық әріптестікке қойылған эмбаргоны бұзды деп айыптаған.
- 2022 жылы Қытай мен Ресей БҰҰ Қауіпсіздігі кеңесінде дауыс беру кезінде АҚШ-тың Солтүстік Кореяға баллистикалық ракета ұшыруды жандандыруға байланысты қосымша санкция салу туралы ұсынысына вето қойған.
- Ресей сыртқы істер министрі Сергей Лавров 2023 жылы Ресей Пхеньянға қарсы жаңа санкцияны қабылдамайтынын мәлімдеген. Дегенмен Кремльдің баспасөз хатшысы Дмитрий Песков Ресей "БҰҰ Қауіпсіздігі кеңесіндегі ұстанымын сақтап қалады" яғни, Солтүстік Кореяға қарсы кейбір санкцияларды қолдайтынын мәлімдеген.
- Бұған дейін Мәскеу Ресей Солтүстік Кореядан ракета сатып алғаны жөнінде ақпаратты терістеген.