Жол полициясы теміржол өткелдерінің иелерін көз қырына алды: өткелдердің көпшілігінің иелері тек қағаз жүзінде ғана, іс жүзінде- иесіз қалған.
ІІД ЖПБ автожол техникалық инспекциясының бастығы Махамбет ТӨЛЕМІСОВТІҢ айтуынша, бүгінгі күні облыста 77 теміржол өткелдері бар екен, олардың тек 7-інде ғана күзет бар. Жекеленген өткелдердің техникалық жағдайы нормативті талаптарға жауап бермейді, соның салдарынан кісі өлімімен аяқталған бірнеше рет апаттар да орын алған.
- Баланстарында өткелдері бар мекемелер өз иеліктеріндегі шаруашылықтарын тіптен, қараусыз қалдырған,-дейді М.Төлемісов. –Бұл әсіресе, қыста қатты байқалады. Кірме жолдардағы қызылсулар, үйілген қарлар айлар бойы біздің жазған ұйғарымдарымызға қарамастан тазаланбады. Біз өткен қыста түрлі жол бөлімшелерінің басшыларының атына жалпы көлемі 14 ұйғарым жолдадық, алайда, олар елең қылмады. Айнадай жылтырап жатқан тайғақ кездері өткелдерге кіретін кірме жолдарда ондаған машиналар зардап шекті. Талаптар тек 9-шы жол бөлімшесіне ғана емес, МобилТрансАтырау компаниясы, ОМ Трайд Ойл, «Атырау Балық» АҚ, «Мерей» уақытша сақтау қоймасы, «Западный» аймақтық кәсіпкерлікті қолдау қоры, «ТФАрман» ЖШС-не қойылды.
«Өткелдерде ескі, бүлінген, тіпті, пайдалануға келмейтін жол белгілері қойылған, оларды жарық-дыбысты дабылдар орнатып жаңартатын уақыт баяғыда-ақ болды. Жарық атаулы, кейбір өткелдерде ескерту беретін белгілер тіптен жоқ. Ал, оның апатты жағдайға соқтырары айдан анық. Сол зардап шегушілердің орынында сіздердің де жақын адамдарыңыз болуы мүмкін ғой!»,-деді Төлемісов облыстық МАИ акт залына жиналған теміржол өткелдерінің иелеріне тигізе. Барлығы да өздерінше: «Мәке, бәрін де жасаймыз!» деп бастарын шұлғып отырды. Кездесу достық қарым-қатынаста өткенімен, енді полиция ымырашылдық жасай қоймайды. Кемшіліктерді жоюға бір ай уақыт берілді, осы мерзім өткенге дейін орындалмайтын болса, қатаң шаралар алынатын болады. ҚР Әкімшілік құқық бұзушылық кодексі 22680 теңгеден 75600 теңгеге дейінгі көлемде айыппұл қарастыратын болады.
Зульфия БАЙНЕКЕЕВА