Атырау, 23 қараша 06:02
 ашықВ Атырау +4
$ 498.34
€ 519.72
₽ 4.85

Зеленский соғыста тосын шешім қабылдамақ

401 просмотра

Украина Президенті Владимир Зеленский ауқымдырақ ауыс-түйіс аясында жоғары лауазымды офицерді қызметтен босатуды ойластырып жатқанын мәлімдеді. Бұл жоспар Ресеймен соғысып жатқан елді дүр сілкіндіріп, Украинаның батыстық одақтастарын алаңдатып тастады.

Зеленский Украина қарулы күштерінің әйгілі қолбасшысы Валерий Залужныйды орнынан босатуды қарастырып жатқанын Италияның RAI TV телекомпаниясына берген сұхбатында растады. Ол мұндай қадамға елді Ресеймен соғыста "жеңіске жетуге сенетін" адамдар басқарып отырғанына кепілдік беру үшін баратынын атап өтті.

 "Өзгеріс пен жаңа бастама қажет. Әңгіме бір адам жайында емес, ел басшылығының бағыты жөнінде. Егер біз жеңіске жеткіміз келсе, жеңетінімізге сеніп, бір бағытта алға жылжуымыз керек. Еңсемізді түсірмеуге тиіспіз. Бізге дұрыс әрі жағымды энергия қажет", - дейді Зеленский.

Зеленскийдің осынау комментарийі - Залужныйды отставкаға жіберу ниетін алғаш рет мойындауы. Соғыстың екінші жылы жақындаған шақта беделді генералдың қолбасшылықтан аластатылу мүмкіндігі Украина жұртын аң-таң етіп, Кремльді қуантып отыр.

Залужный Украина жауынгерлерінің арасында үлкен құрметке ие және ұлт батыры саналады. Ол соғыстың басында Ресей армиясының кең ауқымды басқыншылығын тежеп, оны кері шегінуге мәжбүр етті.

Киев мэрі Виталий Кличконың Залужныйдың отставкаға кету мүмкіндігін сынап, дәл осы генералдың қолбасшылығы арқасында "көптеген украиндар қарулы күштерге шынымен сенетінін" мәлімдеді.

"Бүгін саясаттың ақыл мен ел мүддесінен үстем түсе алатын шағы туды", - дейді Кличко әлеуметтік желіде жариялаған жазбасында.

Қала мэрі - Зеленскийдің үлкен сыншыларының бірі. Ал президент кеңсесі Кличконың әкімшілігін тиімсіздік үшін айыптап келеді.

Залужныйдың орнын кім басады және ол адам Украина әскері мен шетелдік қорғаныс мекемелерінің құрметіне бөлене ала ма?

Кейбір сарапшылардың ойынша, Залужныйдың әскер басшылығынан кетуі соғыстың сындарлы шағында армияның моральдық рухын әлсіретуі мүмкін және де оның орнына лайықты кандидат табу әзірге мүмкін емес.

Ықтимал үміткерлер қатарында Әскери барлау бас басқармасының бастығы Кирилл Буданов пен Құрлық әскерлерінің қолбасшысы Александр Сырский бар. Дегенмен, The Times хабарлағандай, Буданов та, Сырский де Украина Қарулы күштерінің бас қолбасшысы қызметінен бас тартқан.

Залужный мен президент арасындағы шиеленіс былтыр маусымда басталған контршабуылдар сәтсіздікке ұшырағаннан кейін күшейіп келеді. 

Қазір Украина армиясы оқ-дәрі мен жауынгер жетіспеушілігімен күресіп жатыр. Ал Ресей әскері тіпті қарымта шабуылға кіріскен.

Кейбір хабарларға қарағанда, Украина қарулы күштерінің санын көбейту мақсатында кең ауқымды мобилизация ұйымдастыру мәселесі де Зеленский мен Залужныйды дауға ұрындырып отыр.

Өткен жылдың соңында Зеленский әскерилердің армия қатарына тағы 500 мың адам тарту ұсынысын қабылдамай тастады. Сол кезде Украина жетекшісі генералдардан бұл мобилизацияны ұйымдастыру мен қаржыландыру жөнінде егжей-тегжейлі мәлімет талап еткен.

Залужный мен Зеленский арасында араздық былтыр қараша айында генерал Британияның The Economist журналына берген сұқбатында Ресеймен арадағы шайқас тығырыққа тірелгенде алғаш рет айқындалды. Дегенмен, президент өздерінің арасында проблема барын әрдайым үзілді-кесілді жоққа шығарып келді.

Залужный болса, екі мәрте эссе жариялап, оларда Украинаның соғыста қалай жеңіске жете алатыны жөніндегі көзқарасын сипаттап берді. Бұл мақалаларда айтылғандай, Украина үшін әуеде үстем түсу өте маңызды және ол жаудың артиллериясына қарсы тұрудың тиімділігін арттырып, резервтерін көбейтіп, радиоэлектроникалық күрес мүмкіндіктерін нығайтуы қажет екен.

Нидерланды Қорғаныс министрі Кайса Оллонгрен мәлімдегендей, оның елі Украинаға F-16 жойғыш ұшақтарының 24 данасын жіберуге әзірленіп жатыр.

"Украинаның көктегі үстемдігі Ресей агрессиясымен күресте маңызды рөл ойнайды", - дейді Оллонгрен X платформасында жариялаған жазбасында.

Сонымен қатар, Дания да Украинаға 19 дана F-16 ұшағын сыйлауға уәде беріп отыр.

"РБК-Украина" агенттігінің хабарлауынша, Украина армиясының біріккен күштерінің командирі Сергей Наев Киевтің одақтастарынан F-16 ұшақтарымен бірге 300-500 шақырымға жететін ракета алуы да мүмкін екенін айтқан. 

Айта кетсек, қазір Украина Батыстың мол әскери көмегіне өте мұқтаж. Себебі Ресей әскері 1 500 шақырымға созылып жатқан майдан шебінінің көптеген тұсында белсенділік байқатып отыр.

"Украинская правда" газеті дүйсенбіде Зеленскийдің Бас штаб бастығы Сергей Шапталаны да қызметінен босатуды қарастырып жатқанын хабарлады.

Ал Залужный сол күні Шапталаны туған күнімен құттықтап, Facebook желісінде онымен бірге түскен суретін жариялады.

"Біз үшін әлі де қиын болуы мүмкін, бірақ ұялатын жағдайда емеспіз", - деп жазды Залужный.

7 ақпан, 09:16

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.