«Қазгидромет» РМК Атырау облысы бойынша филиалының синоптиктері жақын күндері ауа райының қолайсыздығын, сәйкесінше сақ болу қажеттігін ескертеді, деп хабарлайды Өңірлік коммуникациялар қызметі.
Бүгін аймақта қар аралас жаңбыр жауып, жауын-шашынның тәуліктік мөлшері 13 мм-ге жетіп отыр. Ал түнде облыстың оңтүстігі мен шығысында қар жауып, тұман түсіп, көктайғақ болады деп болжануда.
- Түнде екпіні 18-23, күндіз облыстың оңтүстігі мен шығысында 15-20 м/с жел тұрады. Ауа температурасы түнде -1-6 градус аралығында аяз болса, күндіз -3 +2 аралығында. Ал 7 ақпанда да осы ауа-райы сақталып, боран, тұман, көктайғақ пен жел күтіледі. Сондықтан тұрғындар алысқа жолға шықпағандары дұрыс, әрі аса сақ болу керек,- деді ауа райын болжау бөлімінің басшысы Айна Казгулова.
Оның айтуынша, 8-9 ақпанда түнде жауын-шашын, күндіз облыстың солтүстігі мен шығысында қар аралас жаңбыр болып, көктайғаққа ұласады. Солтүстік-батыстан соққан жел 15-20 м/с жетеді. Ауа температурасы түнде 0-5 аяз болса, күндіз 2-7 жылы аралығында деп күтілуде.