Атырау, 25 қараша 18:35
 ашықВ Атырау -4
$ 498.34
€ 519.72
₽ 4.85

Есепшілер пикеті

Сурет
997 просмотра

6 ақпанда Атырау қаласында мектеп мен балабақшалардың 30-дан астам есепшісі білім беру ұйымдарына жаңадан енгізілген 1С бағдарламасына қарсылық білдіріп, Атырау облысы әкімдігінің алдына жиналды.

Есепшілердің айтуынша, жаңа жылдан бастап іске қосылған бағдарламаның ішкі баптаулары дұрыс жасалмаған. Есепшілер мұғалімдердің аты-жөнінен бастап еңбекақысын, қосымша төленетін үстемақысын, өзге де ақпараттарды қайтадан қолдан теріп базаға енгізгенімен, кейбір мұғалімге жалақы аз, кейбіріне он есе көп аударылып кетіп жатыр. Бағдарламаның кемшіліктері кейіннен жанама түрде бізге кесірі тиеді деген есепшілер осы күнге дейін жұмыс істеп келген «Парус» бағдарламасын қайтарсын дейді.

Данагүл АСМАГАМБЕТОВА, №18 мектеп есепшісі:

- Еңбекақы аударудың шаблонын өзіміз қолдан жасап, ақшаны аударғанымызбен, келесі қайталап аударымдар жасағанда шаблондар сақталмайды. Еңбек өтілі жоғары мұғалімдер мен модераторлардың еңбекақысына 35 пайыз үстемақы қосып аударатын болсақ, 1С бағдарламасы 40 пайыз деп шығарып тұрады. Осының салдарынан әлі күнге кейбір қызметкерлерге еңбекақы жібере алмай отырмыз. Бізге көмектесетін 1С мамандары да жетіспейді.

Жиналғандарды Атырау облыстық білім беру басқармасы басшысының орынбасары Света АМАНШИЕВА мен Атырау облысы цифрландыру және архивтер басқармасының басшысы Алмас КӨПЖАНОВ қабылдады.

С. Аманшиеваның сөзінше, аудандық білім беру мекемелерінен 1С бағдарламасына қатысты шағым түсіп жатқан жоқ. Себебі аудандық білім бөлімдері мамандарды шақырып, есепшілерді жаңа бағдарламаға оқытудан өткізіп жатыр.

- Қала бойынша мектептер мен балабақшаларға барлығы бес маман бөлінген. Әрине, бұл аздық етеді. Мен сіздерде мұндай шағым барын, 50 мың теңгенің орнына 500 мың теңге, 2000 000 теңге аударылып кетіп жатқаны жөнінде бүгін естідім. Осы мәселе бойынша Атырауға ертең «1С» басшысы келе жатыр. Сіздердің бүгінгі көтерген мәселеңізді жеткізіп, бес балабақшаға бір маман бөлгізу туралы ұсыныс береміз. Сондықтан сабыр сақтап, барлық қаржылық операцияларды уақытша тоқтата тұрыңыздар, - деді білім беру басқармасы басшысының орынбасары.

Есепшілер кейбір мектептерде мұғалімдерге әлі күнге еңбекақы түспей, әлеуметтік салық төлемдері уақытылы аударылмағандықтан өсім қосылып жатқанын да айтты.

- Жұмыстан босатылған қызметкерлерге біз 3 күн ішінде ақша аударуымыз қажет. Ертең аудиттен тексеру жүретін болса, азғантай еңбекақымыздан айыппұл төлейтін жағдайымыз жоқ, - дейді жиналғандар.

А.Көпжанов бұл сұрақтар ертең шешілетініне уәде берді.

 - Ертең 1С бағдарламасының басшыларына сіздердің өтініштеріңізді жеткіземіз. Біз бұл бағдарламаға сыбайлас жемқорлық туралы күдікті болдырмас үшін көшіп жатырмыз. Себебі бұл бұлтты бағдарлама, екіншіден сыбайлас жемқорлыққа қарсы агенттіктің қойып отырған талабы. Алдағы уақытта Антикордан сіздердің жұмысыңызға қатысты сұрақтар туындамайды, барлығын 1С бұлтты қосымшасы арқылы бақылап отырады, - деді ол. Сонымен бірге, басқарма басшысы егер бұл бағдарламаға есепшілер талап етіп отырғандай түзелмесе, бұл мекемемен жұмыс істеуден бас тартатынын да жеткізді.

Нұрбейбіт НҰҒЫМАНОВ

Суреттерді түсірген автор 

6 ақпан, 20:30

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.