Өткен жылы тұтынушылардың арызын қарау нәтижесінде 36 миллион теңгеден астам қаржы тұтынушыларға кері қайтарылды. Бұл туралы Атырау облысы бойынша сауда және тұтынушылардың құқығын қорғау департаментінің басшысы Әлем УАЛИЕВ баспасөз брифингінде мәлім етті.
Былтыр Атырау облысы бойынша сауда және тұтынушылардың құқығын қорғау департаментіне 1101 арыз келіп түскен. Оның ішінде, 701 арыз – жазбаша, 169 арыз – телеграм бот арқылы, сондай-ақ 152 арыз - басшы және мамандардың қабылдауымен болса, 79 арыз - жедел желі арқылы келген.
- Тұтынушылардың арызын қарау барысында 16 жоспардан тыс тексеру тағайындалды. Нәтижесінде кәсіпкерлік субъектілеріне қатысты 14 «ескерту» түріндегі әкімшілік жаза қолданылып, қысқартылған тәртіппен 2 әкімшілік айыппұл салынды. Айыппұлдың жалпы сомасы 138 мың теңге. Оның барлығы дерлік мемлекет пайдасына өндірілді. Сонымен қатар тұтынушылардың арызын қарау және тұтынушыларға консультативтік көмек көрсету барысында жалпы сомасы 36 миллион теңгеден астам қаражат тұтынушыларға кері қайтарылды, - деді Ә.Уалиев.
Одан бөлек, 2019 жылы ҚР Сауда және интеграция министрлігімен тұтынушылардың құқығын қорғау комитеті тұтынушылардың құқығын қорғаудың бірыңғай жүйесі – e-tutynushy.kz сервистік платформасын іске қосты. Аталған платформа тұтынушылардың құқықтарын қорғау жөніндегі өтініштерді жедел қарауға және заңнама нормаларын түсіндіруге арналған.
- Платформаның басты міндеті – туындаған мәселелерді жедел шешу мақсатында азаматтар мен бизнес, қоғамдық ұйымдар мен мемлекет өкілдерінің өмір сапасын жақсарту. Сонымен қатар сервис дербес компьютерлерде және ұялы телефондарда қолжетімді. Кез-келген уақытта сервистік орталықта және тағы басқа орындарда оңай пайдалануға болады, - деді «Қара Шаңырақ Қазақстан» ҚБ басшысы Лугзана БАЙЛАУОВА.
«Тұтынушылардың құқығын қорғау» бағытындағы қоғамдық бірлестіктің өкілдері «Сапалы өнім» тұжырымдамасының аясында сапасыз және қауіпті тамақ өнімдерін анықтау мақсатында облыс аумағында тұрақты түрде мониторинг жүргізіп отырады. Бұзушылықтар анықталған жағдайда құзырлы мемлекеттік органдарға хабарланып, тиісті шара алынады.
Департамент басшысының айтуынша, былтыр өңірлік комиссия отырысы нәтижесінде әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларын 15% сауда үстемесінен асырып сатқан және өнімсіз делдалдар бойынша 42 бұзушылық фактісі анықталды. Сонымен қатар «Сауда қызметін реттеу туралы» Заң талабын бұзған 27 кәсіпкерлік субъектіге шара қолданылып, жалпы сомасы 18 млн теңгеге жуық айыппұл салынды.
Дайындаған Ләззат ҚАРАЖАНОВА