Атыраулық полицейлер заңсыз қару сақтаған күдіктілерді ұстады.
23 қаңтар күні Атырау облысы ПД Ұйымдасқан қылмысқа қарсы күрес басқармасының қызметкерлері жедел-іздестіру шараларын жүргізу барысында өзінің пәтерінде оқтары бар атыс қаруын сақтаған 19 жастағы азаматты анықтады.
Күдіктінің тұрғылықты жерін тексеру барысында «БМ» маркалы 16 калибрлі және «ИЖ-58» маркалы 12 калибрлі екі ауызды кесілген шолақ мылтықтар, 35 дана 5,6 калибрлі және 23 дана 12 калибрлі патрондар, 8 дана 12 калибрлі және 1 дана 9 мм гильза тәркіленді.
Сонымен қатар, 12 қаңтар күні Құлсары қаласында 29 жастағы қала тұрғынын тексеру кезінде «БМ» маркалы қоңыр түсті ұңғысы кесілген шолақ мылтығы табылды. Сондай-ақ, 21 жастағы жүргізушінің Lada Priora автокөлігін тоқтатып, тексеру кезінде «Retay» маркалы тапаншасы анықталып, тәркіленді.
Қазіргі таңда аталған деректер бойынша ҚР Қылмыстық Кодексінің 287-бабының 2-бөлігімен сотқа дейінгі тергеп-тексеру жүргізілуде. Өзге ақпарат ҚПК-нің 201-бабына сәйкес жариялануға жатпайды.
Дайындаған Ләззат ҚАРАЖАНОВА