«АЖ» редакциясы Атырау облысындағы ұзақ мерзімді құрылыс тақырыбын әлденеше рет көтерген еді. Бұл жолы оқырмандарға Индер өңіріндегі «сақалды» нысандар туралы еске салуды жөн көрдік.
«Сол күйінде қабылдаңыздар»
Индербор кентіндегі бұрынғы төрт қатарлы емхананы күрделі жөндеуден өткізу арқылы ауданда замануи үлгідегі оңалту орталығы ашылады деп жұртшылықтың күткеніне үш жылға таяды. Конкурс қорытындысымен нысанды жөндеуге 2021 жылдың наурызында 169 млн 823 мың теңгеге ең төменгі баға ұсынымын берген «SCS Инжиниринг» ЖШС ұтып алады.
Мердігер жұмыстарды 7 айдың ішінде орындауға міндеттелді. Тапсырысшы - Индербор кенті әкімінің аппараты фирманың есепшотына аванстық төлем ретінде 57 млн теңге аударып, кейін жасалған жұмысына орай есепшотын құр қалдырмады. Алайда ЖШС бекітілген графиктен көп мерзімде артта қалып, жұмыс өте баяу жүріп, үш жылға созылды.
Оның үстіне жұмыс сапасыз жүрді. Техникалық қадағалаушы «Мұзтау» ЖШС жұмыстың мардымсыз жүріп жатқанын растап, шара алу керектігі жөнінде хат жолдайды. Тапсырысшы келісім шартта көрсетілген міндеттемелерді орындамағандықтан ЖШС-ні жосықсыз қатысушы деп тану жөнінде Атырау облыстық ауданаралық экономикалық сотқа талап арыз береді. Сот мердігерге күрделі жөндеу жұмыстарын 2022 жылдың 30 сәуіріне дейін бітіруді міндеттейді. Бірақ «SCS Инжиниринг» ЖШС тапсырысшы Индербор кенті аппараты мекемесіне обьектіні қабылдап алуға мәжбүрлеу туралы талап арызбен Атырау облыстық мамандандырылған ауданаралық сотқа жүгінеді.
Серіктестік басшылығының айтуынша, күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілген, ғимарат пайдалануға дайын тұр.
- Сот мердігердің бұл талап арызын қанағаттандырусыз қалдырды. Ғимараттың сыртқы келбетіне қарап барлық жөндеу жұмысы аяқталды деуге негіз жоқ. Әкімшілік ғимаратқа тексеріс жүргізгенде 70-ке жуық ақаулық табылды. Осыған байланысты ақаулық актісі жасақталды. Атап айтқанда, сылақ жұмыстары, еден төсемелері, кір жуатын бөлмені жасақтау, су жүйесі, жертөле, жылыту орны, т. б. толық біткен жоқ. ЖШС қызметкерлері екі-үш күннен бері келіп, олқылықтарды жою үшін жөндеу жұмысын жүргізуде. Ал нысан қашан тапсырылатынын нақты айта алмаймын,-дейді Индербор кенті әкімі Шалқар АЛМУРЗИЕВ.
Екі мәрте жосықсыз атанды
«SCS Инжиниринг» ЖШС директоры Асылхан РАШЕВ Көктоғай ауылындағы денешынықтыру-сауықтыру кешені құрылысының да жеңімпаз мердігері. Аудандағы екі құрылыс жұмысын жеңіп алғанымен ЖШС өз жұмысын жүйелі атқара алмады. 2021 жылдың 12 шілдесінде 446 млн 761 мың теңгенің спорт ғимаратын салу о баста оңбады десе болады. Жобаның конструкциясынан ауытқушылық орын алып, бір жұмысты екі рет атқаруына тура келді.
Аудандық құрылыс бөлімі тапсырысшы болғандықтан жұмысты жүйелі жүргізе алмаған ЖШС-ні сотқа беріп, 2023 жылы жосықсыз қатысушы деп танылды. Бұдан кейін құрылыс жұмысын жалғастыру үшін смета қайта жасақталып, Атырау облысы мемлекеттік сатып алу басқармасына конкурс жариялауға екі рет өтінім берілген. Бірақ конкурс талаптарының өзгеруіне байланысты конкурс жарияланбады. 2023 жылдың 22 желтоқсанында конкурс талаптарын құжаттары жинақталып, басқармаға жіберілген.
Кешіккен құрылыс
Кенттегі «Көктем» шағын ауданындағы 48 пәтерлік төрт тұрғын үй өткен жылы пайдалануға берілген болатын. Алайда көпқабатты үйлерге тиесілі абаттандыру жұмысы толық аяқталмай қалды. 2020 жылы абаттандыру ісін 154 млн теңгеге ұтып алған «Агроспецмонтаж» ӨК жұмысты 2,5 айда бітіруі тиіс болатын. Алайда аяқтай алмады. Атырау облыстық мамандандырылған экономикалық соты 2022 жылдың қарашасына дейін атқаруды міндеттегенімен мердігер ол уақыттан да кешігіп, ақыры жосықсыз қатысушы деп танылды. Бүгінде абаттандыру жұмысы тоқтап қалған. Жасалған жұмыстарға техникалық қорытынды алынып, құрылыс-монтаж жұмыстарын жалғастыруға мемлекеттік сатып алу арқылы конкурс жариялау үшін құжаттар жинақталуда.
Уақтылы жасамағаны үшін сотқа берді
Кенттің «Көктем» ықшамауданында 80 пәтерлік екі көпқабатты үй мерзімінен кешіккен обьектілерге жатады. Мердігер мекемелер «Еврострой-А», «ОңдасынСтрой» ЖШС-лері материалдың қымбатсуына байланысты қаржыны қайта қарау жөнінде ұсыныс берді. Сөйтіп әрқайсысы 1 млрд астам теңгеге бағаланды. Аудандық құрылыс бөлімі тапсырысшы ретінде тиісті жұмыстарын уақтылы жасамаған «ОңдасынСтрой» ЖШС-ін сотқа берді. Сот процесі жүруде.
- Жақында ауданда іссапарда болған облыс әкімінің орынбасары Қайрат НҰРТАЕВ құрылыс сапасын арттыру және тездетіп тапсыру жөнінде тапсырма берген болатын. Өйткені ауданда баспана мәселесі күрделі күйде, кезекте тұрғандар көп. «Еврострой-А» ЖШС үйді биыл жазда тапсыруға уәде етті. Ал «ОңдасынСтрой» ЖШС жұмысын толық қашан аяқтайтыны белгісіз, - дейді аудандық құрылыс бөлімінің басшысы Алтынбек ҒАБДУЛЛИН.
Аудандық құрылыс басқармасының талап-арызы бойынша, қазіргі таңда «ОңдасынСтрой» ЖШС жосықсыз қатысушы деп танылған. Алайда, ЖШС бұл сот шешімімен келіспей, аппеляциялық шағым түсірген. Бүгінде сот отырысы жалғасуда.
Ләззат ҚАРАЖАНОВА
Суреттерді түсірген автор