Атырау, 25 қараша 00:05
 ашықВ Атырау -1
$ 498.34
€ 519.72
₽ 4.85

Атырауда жаңа коммуникациялық көпірдің жобасы қарастырылуда

1 192 просмотра
Көрнекі сурет

Жылыту маусымы қалай өтіп жатыр, оң жағалауды жылытудағы қиындықтар және жаңа коммуникациялық көпір арқылы қаланың оң жағалауын қалай «жылытуға» болады - «АЖ» тілшісінің «Атырау жылу жүйелері» АҚ президенті Әлібек ТЕМІРҒАЛИЕВПЕН сұхбаты.

– Әлібек Нариманұлы, қазір жылу қызметкерлері аязға қалай төтеп беріп жатқанын айтып берсеңіз.

– «АЖЖ» АҚ Атырау қаласының картасында жұмыс істеп тұрған ең ірі кәсіпорын. Сондықтан төменде келтіретін сандар тек біздің кәсіпорынға қатысты екенін алдын ала айтайын. Яғни, қаладағы жылумен қамтамасыз ету мәселесіне тек біздегі ақпаратқа сүйеніп баға беру дұрыс болмас.

...Жалпы, жылу беру маусымы әдеттегідей өтіп жатыр. Жылу жүйелерінде ірі коммуналдық апаттар, бірінші және екінші дәрежелі ақаулар болған жоқ. Ұсақ олқылықтар болды, оны біз қала әкімдігінің тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық бөлімінің апатпен күрес бригадасымен бірлесе отырып, тез арада жойдық.

– Судың ысымауына қатысты қанша арыз-шағым түсті, өткен және алдыңғы жылдардағы орын алған фактілердің осы жылмен салыстырғанда арақатынасы қандай?

– Алдыңғы жылыту кезеңінде, яғни қазанның 1-інен бастап аяқталғанша жылумен сапасыз қамтылғаны туралы 180 арыз-шағым түсті: жылыту бойынша – 92, ыстық су бойынша – 88 шағым.

Олардың барлығын комиссия ПИК өкілінің немесе меншік иелерінің белгілі бір ұйым басшысының, энергиямен жабдықтау және энергия тасымалдаушы ұйымдардың, жергілікті атқарушы органдар өкілдерінің және арыз берушінің өзінің қатысуымен қарады.

Әрбір шағым бойынша ПИК өкілдеріне жылумен жабдықтау сапасына әсер еткен себептерді жою қажеттігі туралы нақты ұсыныстар мен ұйғарымдар берілді.

Бұл шағымдардың басым бөлігі тұрғын үйді ішкі жылумен жабдықтау жүйесіндегі және тұтынушылардың меншігіндегі жылу желілерінің кірістеріндегі ақауларға қатысты болды.

Өткен 2022-2023 жылдары жылыту маусымының осы кезеңінде мекемеге жылумен қамту мәселесі бойынша 284 шағым түскен. Жылыту бойынша – 220, ыстық сумен қамтамасыз ету бойынша – 64. Өткен жылыту маусымымен салыстырғанда  104 шағымға азайды. Жалпы, келіп түскен шағымдар санының айтарлықтай азайғаны байқалады.

– «Ақ Жайық» редакциясына Нұрсая ықшамауданы тұрғындарынан жылу мәселесі бойынша бір емес, бірнеше рет қоңырау түсті. Бүгінгі ахуал қандай?

– Оң жағалауға жылу беру орталық көпірдің жанынан тартылған екі магистраль арқылы жүзеге асырылады. Бүгінде бұл магистральдардың өткізу мүмкіндігі толығымен сарқылған, соның салдарынан оң жағалау жаңа тұтынушыларды қосу үшін жылу энергиясының тапшылығын сезінуде. 2020 жылдан бастап оң жағалаудағы жаңа нысандарды қосуға техникалық шарттар берілмейді. Бұл қолданыстағы құбырларды диаметрін ұлғайту арқылы қайта жарақтауды қажет етеді. Бірақ соңғы нормативтік шектеулерді ескере отырып, көпір өткелдер құрылымдарында 0,6 МПа жоғары қысыммен жылумен жабдықтау құбырларын салуға жол берілмейді, сондықтан магистральдық құбырлар үшін жеке коммункациялық көпірін салу қажет. Мұндай жоба әзірленіп, қазір жергілікті атқарушы органдардың қарауында.

...Бүгінде Нұрсая ықшамауданындағы 112 тұрғын үй орталықтандырылған жылу қазандығына қосылды. Аталған ықшамауданның қалған тұрғын үйлері мен басқа да нысандары автономды қазандықтарға қосылған. Алдағы уақытта оң жағалаудағы басқа да тұрғын үй кешендері жаңа қазандық арқылы қосылады.

Мұрат СҰЛТАНҒАЛИЕВ

2 ақпан, 18:32

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.