Атырау, 23 қараша 14:53
 ашықВ Атырау +2
$ 498.34
€ 519.72
₽ 4.85

«Маған донор боласыз ба?»

1 308 просмотра

Гемодиализ орталығының дәрігерлері мен диализге мұқтаж науқас арасындағы жанжал күтпеген жерден медициналық ғана емес, «жасанды бүйрек» процедурасын қажет ететін Атырау облысындағы науқастарға қатысты этикалық мәселенің де бетін ашты. Ауру, диализ орталықтары және донорлық туралы «Ақ Жайық» редакциясы тілшісінің мақаласын назарларыңызға ұсынамыз.

Қабылданбаған науқас туралы іс

Атырауда диализге мұқтаж қала тұрғыны Қайрат ЕСПЕРГЕНОВТІҢ үстінен қозғалған іс «қылмыстық құқықбұзушылық құрамы болмауына байланысты» қысқартылды. Еске салсақ, 2023 жылдың соңында «B.B. NURA» ЖШС гемодиализ орталығының екі нефролог дәрігері оны полицияға «ұрып-соқты» деп арыз жазды. Арыз негізінде «бұзақылық» бабы бойынша қылмыстық іс қозғалды.

Диализ орталығы мен Еспергеновтың арасындағы келіспеушілік соңы басшылықтың оны қабылдамау туралы шешімінен кейін ушыққан. Бұдан соң Еспергенов Исатай-Махамбет алаңына наразылығын білдіріп, жалғыз өзі пикетке шықты. Бағына орай, мәселе шешілді: Қ.Еспергенов  процедураны қаладағы басқа гемодиализ орталығында алды.

Белгілі болғандай, бізде олардың бірнешеуі бар: төрт жеке және бір мемлекеттік диализ орталықтары. Тағы екеуі Жылыой және Құрманғазы аудандарында жұмыс істейді.

Мемлекеттік орталық облыстық аурухананың жан сақтау бөлімінде орналасқан. Онда шұғыл түрде диализ алуды қажет ететін науқастарды қабылдайды. Ал «Нефролайф», «B.B. NURA», «Нефрос Азия», және «BIOS» жауапкершілігі шектеулі серіктестіктеріне тиесілі төрт орталық – жекеменшік. Олардың бәрі де қалада орналасқан. Ал Құрманғазы ауданында «B.B. NURA» филиалы, Құлсары қаласында «Нефрос Азияның» филиалы жұмыс істеп тұр.

Мәселенің құны

Атырау облысы денсаулық сақтау басқармасы басшысының медициналық көмекті ұйымдастыру жөніндегі орынбасары Алмагүл ӘБІЛОВАНЫҢ мәліметінше, былтырғы 11 айдың статистикасы бойынша Атырау облысында диализге мұқтаж 402 адам диспансерлік есепте болды. 2022 жылдың 11 айлық стастикасымен салыстырғанда, ол кезде 397 науқас есепте тұрды.

Атырауда гемодиализ орталықтарында бір адам аптасына үш рет әр сеансын 4 сағаттан диализ алады. Бұл айына орташа алғанда 12-13 сеанстан келеді.

2023 жылы диализдің бір сеансының амбулаториялық емінің құны 35 790 теңге болды (стационарлық түрі шамамен 24 мың теңге).

Соған байланысты былтыр гемодиализ орталықтары қаржы жеткізе алмай отырғаны жайлы мәселе көтерді. Өткен жылы гемодиализ орталықтары қаражаттың жеткіліксіздігі мәселесін көтергендіктен, биыл тариф өсуі мүмкін.

2022 жылдың 11 айында 397 науқасқа 28 433 диализ жасалса, 2023 жылы 11 айда 402 науқасқа 34 358 диализ жасалды.

Стационарларда 2022 жылы 148 науқас 907 диализ, 2023 жылы 190 науқас 1372 диализ сеансын алды.

Сондай-ақ Әбілованың ақпараты бойынша, «BIOS»-та -27, «Нефрос Азияда» - 84, «Нефролайфта» 86 адам диализ алады. Қалғаны «B.B. NURA»-ға барады.

Бұл орталықтарға тегін медициналық көмектің кепілдендірілген көлемі аясында ақысыз емдеу үшін әлеуметтік сақтандыру қорынан қаржы бөлінеді. Былтыр«Нефролайф» ЖШС-іне - 450 млн 581 мың теңге; «B.B. NURA» ЖШС-іне - 164 млн 278 мың теңге; «Нефрос Азия» ЖШС-іне (Diaverum) - 548 млн 685 мың теңге; «BIOS» ЖШС-іне - 1 млрд 309 млн 305 мың теңге бөлінді.

Ал 2023 жылы облыстық аурухананың жансақтау бөлімінің жанындағы мемлекеттік орталыққа 30 миллион 139 мың теңге бөлінді.

Әбілованың айтуынша, «B.B. NURA» облыстық ауруханада мемлекеттік-жекеменшік серіктестік (МЖС) аясында жұмыс істейді. Орталық облыстық аурухана ғимаратында орналасқан, яғни, ғимараттың бір бөлігін жалдайды. Онда күндізгі және тәуліктік (стационарлық және амбулаториялық) диализ жасалады. Қалған үш жеке диализ орталығында тек күндізгі стационар ретінде қызмет көрсетеді. 

Биыл облыстық ауруханаға амбулаторлық диализ үшін 1 млрд 400 млн 233 мың теңге; «Нефрос Азия» ЖШС-не (Diaverum) – 579 млн 541 мың теңге; «Нефролиф» ЖШС-не – 466 млн 300 мың теңге; «B.B. NURA» ЖШС-іне - 205 млн 179 мың теңге; «BIOS» ЖШС-іне – 149 млн 201 мың теңге бөлінді.

Донорлардың көбі науқастың туыстары

Диализ – бұл өздігінен зәр шығара алмайтын дәрежеге жеткен бүйрек қызметін алмастырып, қандағы зиянды заттарды, ағзадағы артық сұйықтық (зәр) пен токсиндерді шығару процедурасы екені белгілі. Бұл терапия бүйрек ауруын емдей алмайды және оған мұқтаж науқастар өмір бойы диализ немесе бүйрек трансплантациясынан өтуі керек.

А.Әбілованың сөзінше, созылмалы бүйрек жетіспеушілігі барлар диализ алып жүреді де бүйректің трансплантациясына кезекке қойылады.

- Заңда қайтыс болған адамдарды донор ретінде пайдалануға болады деп көрсетілген. Азаматтар қайтқанға дейін өз келісімін берсе, өмірден өткенде донор ретінде ағза мүшесін пайдалануға болады. Бірақ біздің өңірде мұндай практика мүлдем жоқ. Адамдардың көбі оған келіспейді. Ал қайтқан адамның туыстары да көбіне ағза мүшелерін донорлыққа беруге рұқсат бермейді.

- Науқастар донорды туыстары арасынан тауып келіп жатады дедіңіз. Мұндайлар көп пе?

- Бізде трансплантолог дәрігерлер бар, ол есеп жүргізеді. Көбіне біздің тәжірибемізде науқастар донорды өздері табады. Мысалы, Атырау облысында жолдасы әйеліне немесе әйелі жолдасына, баласына донор болғандар бар.

Донорлар және науқастың өзі этикалық комиссиядан өтеді, донорды рецепиентпен сәйкестігін, екеуінің денсаулық жағдайын тексереді. Сөйтіп, созылмалы бүйрек жетіспеушілігін донор арқылы жеңеді. Оған дейін науқастар диализ көмегіне жүгінуге мәжбүр, - дейді А. Әбілова.

Ұсынылған ақпарақа сәйкес, Атырау облысында 2022 жылы 10 науқасқа, ал былтыр 9 науқасқа бүйрек трансплантациясы жасалған. 2022 жылы донорлыққа науқастың туыстары келіскен. Бұлар - үш әпке-қарындас, бір күйеу, үш әйел, бір әке, бір ұл және бір аға. Ал 2023 жылы үш ағайынды, екі күйеу, бір әйел және үш ана донор болды.

Трансплантация жасалған соң адамдар мемлекет тегін беретін арнайы препараттарды өмір бойы ішеді.

- Себебі донорлық органның адам организмінде кері реакция болмай, сіңіп кетуіне жүргізілетін дәрілік ем бар. Сондықтан, әр емханада өздері трансплантация жүргізіп келген науқастардың арнайы есебі жүреді. Олар өмір бойы сол жерде есепте тұрып, дәрі-дәрмек қабылдайды. Бүйрек қана емес, бізде көбіне бауырдың, жүректің трансплантациясы жасалады. Атырауда жүрек трансплантациясы жасалған бір науқасымыз бар- дейді А. Әбілова. 

Диализге мұқтаж жандар саны неге көбейді?

Бұл сұрақты облыстың бас нефрологы Бауыржан РАХМЕТОВКЕ қойдық. Ол облыстық аурухананың уронефрология бөлімшесінің нефрологы және бас кеңсесі Астанада орналасқан, Атырауда 2021 жылы ашылған «B.B. NURA» ЖШС гемодиализ орталығының басшысы. Ол мемлекеттік және жекеменшік медициналық мекемеде қатар жұмыс істейді.

- Кейінгі кездері науқас саны көбейіп жатыр. Оларға ақша жетпей қалады. Сосын әлеуметтік-медициналық сақтандыру қорынан қосымша ақша сұрап, хат жазамыз. Шартты түрде айтқанда, жыл басында 200 адам диализге келсе, жыл аяғында 270 болады. 20-40 адамнан жыл сайын қосылып отыр. Бұл өсімді 2016 жылдан бері байқап келемін, - дейді Бауыржан Рахметов.

- Негізгі көбею себебі неде?

- Біреулер мұны экологиядан көреді. Ал мен олай айтпас едім. Себебі, экологиясы бізден бетер нашар өзге де өңірлер бар.

Бүйрек жұмысы бұзылып, диализге мұқтаж болатын адамдар таза бүйрек ауруымен келетіндер әрі кеткенде 10-15 пайызды құрайды. Қалғандары қан қысымы жоғары гипертониктер, қант диабетімен ауыратындар және жүрекке ота жасатқандар. Жүрек қан тамырларына стенд қою отасы кезінде қан тамырларын тексергенде эндоваскулярная хирургия барысында түрлі бояулар пайдаланады. Жүрек, аяқ қан тамырларының бітеліп тұрмағанын тексеру үшін үшін КТ, МРТ жасайды. Бітеліп тұрған жерге стенд қояды. Ота жасар алдында бүйректі тексереді. Науқастың жасы 70-тен асса, қан диабетімен, қан қысымы жоғары болса, жүрекке ота жасамаса өмірі үзіледі деген ғана жағдайда болмаса, ота жасамауға кеңес береді.

Сөйтіп кейінгі жылдары жүрегіне ота жасатқандар диализге қосылды. Жүрекке ота жасатқан соң бүйрек жұмысы төмендейді. Сосын туа бітті бүйрек ауруы, созылмалы бүйрек ауруы, иммунитеті төмен адамдар бар. Қазір бүйрек сырты қалта болып өсіп кететін бүйрек поликистозы ауруы көбейіп жатыр. Былтыр облыстық балалар ауруханасынан бір бала бізде диализ алды. Бала патологиямен туған. Жалпы жүрек отасынан бөлек, балаларда туа бітті патология көп. Бір бүйрегі жасамайды, бір бүйрегі жартылай жасайды, бір бүйрегі екі, үш, төртке бөлінген патологиялар көп.

Сосын ковид ауруы бүйрекке де әсер берді. 2020 жылы диализ алуға келгендер көбейіп кетті. Ковид кезінде өкпе қабынып, бүйрекке шапқан соң диализ алуға келгендер болды. Олар сосын сепсис болып кетеді. Әбден қиналдық...

Ол кезде «B.B. NURA» орталығы болмады. Науқастарды облыстық ауруханадағы орталықта шұғыл қабылдап жүрдік. Кейін науқастар көбейгесін жекеменшік орталықтар ашылды.

- Неге диализ қызметін көрсету жекеменшік орталықтарға берілді? Бюджеттен бұған қаржы бөлініп тұрса, мемлекет неге мұны ұйымдастыра алмады? 

- Бұрын бізде Атырау облысы бойынша алты кереуеттік жалғыз диализ орталығы болды – облыстық ауруханада. Кейін 10 кереуеттік емдейтін орталыққа айналды. 2018 жылға дейін мемлекеттік орталық болды, қаржы бөлу қиындап кетті. Бірақ кейін аппараттар тозды, құрал бөлшектерін өңдеу керек болды. Жөндеуге көп қаржы қажет болды. Қаржылық қиындық туғасын басшылар дамып кеткен диализ орталықтарына мүмкіндік берді. Жекеменшік орталықтар 2020 жылдан бастап жұмысын бастады. Бұл республика бойынша солай. Мемлекеттік орталықтар ел бойынша саусақпен санаулы.

Айнұр САПАРОВА

Суреттерді түсірген автор

1 ақпан, 15:58

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.