Атырау, 23 қараша 05:03
 ашықВ Атырау +4
$ 498.34
€ 519.72
₽ 4.85

Венгрия тұтас Еуропа елдеріне қарсы шығып, Украинаға көмекті мақұлдамай отыр

480 просмотра
Сурет: inbusiness.kz

Еуропалық одақ Украинаға 50 млрд еуро көмек беруге тағы да әрекет жасап көрмек. Сол үшін Еуропалық одақ лидерлері бейсенбіде саммитке жиналады. Егер Орбан Киевке жәрдем пакетіне тағы да вето жариялайтын болса, Брюссель Венгрия экономикасына соққы беруі мүмкін, деп жазады Іnbusiness.kz.

Ресей әскері басып кіргеннен кейін екі жылдай өткенде Украинадағы соғыс іс жүзінде тығырыққа тірелді. Украина өз экономикасын ұстап тұру үшін қолдауды қажет етіп отыр. Бірақ Еуропалық Одақ пен АҚШ-тағы саяси қайшылықтар оның қолын қажетті қаржылық жәрдемге жеткізер емес.

Венгрия Премьер-министрі Виктор Орбан Украинаға 50 миллиард еуро (54 миллиард доллар) көлемінде қолдау көрсету пакетіне қарсылығын жалғастырып жатыр. Ал Еуропалық одақтың кейбір елдерінің шыдамы таусылуға жақын.

Осы аптаның соңында Брюссельде соғыс тауқыметін тартып отырған елдің болашағы үшін маңызды кездесу өтеді. Сол саммит алдында туындаған шешімі жоқ жағдайға назар аударсақ, оның қысқаша сипаты төмендегідей.

Орбанға ашу күшейіп келеді

Орбан үкіметінің демократиялық шегіністеріне алаңдаған Еуропалық одақ Венгрияның бірлескен қорлардағы ондаған миллиард еуроны пайдалануына тыйым салды. Бұған экономикалық проблемалардан кенде емес Венгрия Еуропа Одағының саяси шешімдеріне, атап айтқанда Украинаға, сонымен қатар Таяу Шығысқа қатысты шешімдеріне вето қою арқылы жауап берді.

Желтоқсанда Орбан Киевке көмекке тосқауыл қойғаннан кейін, Еуропалық одақтың 27 елінің мемлекет және үкімет басшылары бейсенбіде қайтадан жиналайын деп жатыр. Солардың 26-сы Украинаға ақша беруге қарсы емес. Бірақ Венгрия басшысы тағы да ымырасыздық танытып, әріптестерінің наразылығын тудырып отыр.

"Желтоқсаннан айырмашылығы, көптеген лидерлер ашулы, олар осы жолы қатал ойын ойнағысы келеді", – деді Еуропалық одақтың атын атамауды сұраған жоғары лауазымды шенеунігі АР агенттігіне берген сұхбатында.

Орбан Украинада соғыс басталғалы Еуропалық одақты бірнеше рет ашуландырды. Ол Брюссельдің Ресейге қарсы санкцияларын негізінен тиімсіз және кері нәтиже береді деп сынады. Украинаның территориялық тұтастығына қандай зардап әкелетініне аса алаңдамастан, Орбан Киевті Мәскеумен бейбіт келіссөз жүргізуге шақырды.

Бұған қоса, Венгрия Киевті Украинаның батысындағы этникалық венгр азшылығына қатаң қарады деп айыптап, соғыстан зардап шеккен көршісіне деген мардымсыз қолдауын ақтап алуға әрекеттенді.

Украинаға соғыс басталғалы қанша көмек берілді?

Гранттар мен несиелерден тұратын жаңа қаржылық көмек – Еуропалық одақтың 2027 жылға дейінгі бюджеттік жоспарларының бір бөлігі. Ол осы күнге дейін Украинаға басқа бағдарламалармен берілген қолдауды алмастырады. 2023 жылы Еуропалық одақ Украинаға макроқаржылық көмек ретінде 18 миллиард еуро бөлген екен.

АҚШ заңгерлері болса, Украинаға қару-жарақ сатып алуға бағытталған қосымша миллиардтаған долларлық пакетті әзірге мақұлдай алмай отыр. СондықтанЕуропалық одақтың алдағы отырысына назар ерекше болуы мүмкін.

Жалпы алғанда, Еуропалық одақ деректеріне сәйкес, соғыстың басынан бері Украинаға Еуропалық одақтың жәрдемі шамамен 85 миллиард еуроға жеткен. Бұл сомаға Украина экономикасын қолдауға бөлінген 40 миллиард еуро, 27 миллиард еуроға жуық әскери көмек және соғыстан қашқан украиндарға көмектесуге жұмсалған 17 миллиард еуро кіреді.

Ақша неге бұғатталды?

Киевке 50 миллиард еуро көлеміндегі көмекті қамтитын шешімдер Еуропалық одаққа мүше 27 елдің барлығында бірауыздан қабылдануы керек.

Венгрия билігі болса, бұл пакетті бірден толық мақұлдаудың орнына оны жыл сайынғы транштарға бөлуді талап етіп, қайта қарап отыру механизмін енгізуді ұсынды. Бірақ бұл идея жақсы қабылданбады. Өйткені мұндай тәсіл Орбанға ақшаны кейіннен бәрібір бұғаттауға мүмкіндік беруші еді.

Басқа вариант бар ма?

Бұл тығырықтың ұзаққа созылып кету мүмкіндігіне алаңдаған Еуропалық одақ өкілдері балама жол ұсынып отыр. Оған сәйкес, Украинаға көмек Еуропалық одақ бюджетінен ажыратылып, одақтың тек 26 елі ерікті негізде оны Киевке бөлуге міндеттеме алуы керек.

"Әрине, бізге 50 миллиардты босату керек. Егер оны 27 елден ала алмасақ, 26-сымен ортақ шешім табуға тырысамыз", – деді Еуропалық одақтың өзге бір жоғары лауазымды шенеунігі.

Бірақ бұл таңдау ұлттық парламенттердің мақұлдауын талап етеді. Ал олардың шешімдері қандай болатыны белгісіз.

Егер мұндай келісімге қол жеткізілмесе, Еуроодақ басшылары Украинаға 2023 жылы бөлінген 18 миллиард көмекті тағы бір жылға бәрібір ұзарта алады.

Орбанға санкция?

Орбан – саяси тепе-теңдік ұстаудың шебері әрі қашан шегініс жасау қажеттігін жақсы біледі, бірақ көптеген серіктестері үшін оның ниеті түсініксіз.

Өткен айларда Еуропалық одақ дипломаттары Венгрияны Еуропалық одақтағы дауыс беру құқығынан айыруға әкелетін механизмді іске қосу мүмкіндігіне меңзеді. Еуропалық Одақ туралы шарттың 7.2-бабына сәйкес, одақ құндылықтарын "елеусіз және тұрақты түрде бұзған" жағдайда, бұндай процедураны мүше мемлекеттердің үштен бірі немесе Еуропалық комиссия бастауы мүмкін.

Бұл комиссия Будапешті ынтымастыққа көндіру үшін Венгрияға бөлінген 20 миллиард еуроны күш біріктіру қорларынан және пандемиядан кейінгі көмектен ұстауды жалғастыра алады.

30 қаңтар, 08:31

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.