Атырау, 25 сәуір 21:08
 ашықВ Атырау +17
$ 443.85
€ 474.30
₽ 4.80

«Дойбы додасына түспегелі қашан»

5 046 просмотра

Қазақстандық дойбышылар - қыздар арасында әлемнің 3 дүркін чемпионы Алтынай Жұмагелдиева мен жасөспірімдер арасында 2 дүркін әлем чемпионы Мират Жекеевтің, әлем чемпионатының күміс жүлдегері Ахмет Бяшимовтың есімдері спорт сүйер қауымға жақсы таныс. Бұлардың барлығы да Ақтөбе қаласының тұрғындары және елдегі зияткерлік спорт түрлері бойынша жалғыз мектептің шәкірттері. Қашан Атырауда осындай өз халықаралық дойбы жұлдыздары пайдаболады? Осы тақырыпта дойбыдан қалалық дойбы бөлімінің жаттықтырушысы Еркін Үсеновпен (суретте)әңгімелестік.

МАРФУҒАНЫҢ БІР ЖАУАБЫН КҮТЕМІЗ

- Өткен ғасырдың 70-80-ші жылдарында облысымызда дойбы жоғары деңгейде ойналды. Сол кездегі жаттықтырушы Жүсіп Хисимов бұл іске көп еңбегін сіңірді. Кейіннен ол Алматыға көшіп кетіп, «Спорт» республикалық газетінің редакторы атанды. Ол Атырауға келгенде, міндетті түрде біздің «Мұнайшы» спорт кешенінде ашылған балалар тобына келеді.

Ж. Хисимов, атап айтсақ, республикалық турнирлердің жүлдегері, дойбыдан спорт шеберлігіне үміткер Тарих Исақұловты тәрбиелеген.

Ол кезде облыс чемпионаттары жүйелі өтіп тұратын және олардың жеңімпаздары республикалық турнирлерде облыс намысын қорғап, талай жетістіктерге жеткен. 90-жылдары бізде дойбы сабақтары мүлдем тоқтатылды. Атырауда бірде-бір дойбы жаттықтырушысы қалған жоқ. Ал басқа өңірлерде, әсіресе, Қазақстанның оңтүстігінде дойбыны дамыту жақсы жолға қойылған.

Дойбыдан соңғы өткен Қазақстан чемпионатында мен елдің 2 дүркін чемпионы Марфуға Сербаеваның Семейден Атырауға көшіп келгені туралы кездейсоқ біліп қалдым. Осы жағдайды пайдалана отырып: «Марфуға, бізге хабарлас!» деп шақырғым келеді. Біз үшін сіздің ойын тәжірибеңіз өте пайдалы. Телефоным редакцияда бар.

- Биылғы облыс чемпиондарын атаңызшы. Қазақстан чемпионатына қашан бармақсыздар?

- Соңғы қала чемпионатында Болат Көшенов (Ж. Хисметовтың шәкірті) пен Болат Сүлеғалиев өздерін жақсы көрсетті. Ал облыстың бірнеше жылдардан бері өзгермес чемпионы 63 жасар Берік Молдаш болып табылады. Өкінішке орай, біз биыл Қазақстан чемпионатына бармаймыз. Маусымда Таразда өтетін мүгедектер арасындағы Қазақстан спартакиадасына дойбышылар командасын дайындаумен жүріп, өтінім беру мерзімінен кешігіп қалдық. Ал спартакиадаға Амангелді Ешімов, Бекболат Ибрашев және Жұпар Сәрсекенова қатысады. Бәрі де көздері нашар көретін топтан. Бұл дойбышылар іріктеуден өтті және дайындықтары жақсы.

- Мүгедектерге арналған дойбы сабақтарының ерекшеліктері туралы айтыңызшы.

- Олар дені сау спортшылар сияқты дойбының екі түрі – 64 шаршылық және 100 шаршылық тақталарда дайындалады. Тақталары арнайы жасалған – қара шаршылары ойылып жасалған. Ойыншылар жүрістерінің координаттарын бір-біріне айтып отырады.

 

«ГРОССМЕЙСТЕРДІ ШАҚЫРАМЫЗ"

- Атыраудағы дойбы болашағы қандай?

- Бізде жақсы бапкерлер жоқ. Мен мектептердегі дене тәрбиесі мұғалімдерінің сабақ кезінде дойбыға көңіл бөлгендерін қалар едім. Менің осы ұсынысымды Құрманғазы ауданы мектептерінің құп алғаны мені қатты қуантты. Аудандағы ауыл мектептерінде дойбы сабақтары өтуде. Оқушылар арасында өткен облыс чемпионатында Құрманғазы ауданының бірінші орын алғаны кездейсоқ емес.

Біз дойбыдан облыс федерациясын құрғымыз келеді, алайда бұл үшін біз республикалық деңгейде белгілі бір нәтижелерге ие болуымыз керек. Атырауда жаттықтырушылық жұмыс жасауға халықаралық гроссмейстер Әбдіқадыр Тастеміровты шақыру жоспарымызда бар. Ол Оралда жұмыс жасады және сол жерде бірнеше жүлдегер спортшыларды – Халықаралық Дойбы федерациясының (FMJD) шеберлерін тәрбиеледі. Олар қазір FIDE шеберлері сияқты гроссмейстерлік атаққа күресуде. Содан кейін Тастеміров Ақтөбеге көшіп барып, ол жақтан да талантты ойыншыларды әлемге танытты. Көрші қалалардан үлгі алуымыз керек...

Мұрат СҰЛТАНҒАЛИЕВ

23 мамыр 2013, 00:00

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы мақала тақырыбына қатысты ой-пікіріңізбен бөлісіп, бейнежазба жолдағыңыз келсе, WhatsApp +7 771 37 800 38 нөміріне және editor@azh.kz поштасына жібере аласыз.