Атырау, 23 қараша 09:34
 ашықВ Атырау +5
$ 498.34
€ 519.72
₽ 4.85

Өзбекстанда ескі көлікпен жүруге тыйым салынады

568 просмотра

Өзбекстан зауыттан 2010 жылға дейін шығарылған көліктерден бір мезетте арылуы мүмкін. Көршіміз ескі көлікпен жүруге тыйым салып, экологиялық шектеу шараларын енгізуді көздеп отыр, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

Экологиялық ахуал алаңдатады

Ең әуелі АИ-80 маркалы бензин қолданыстан алынып тасталады. Кейін қоғамдық көліктер кезең-кезеңімен электр және газға ауыстырылмақ.

Ташкенттің экологиялық ахуалы қала билігін алаңдата бастады. Мұның басты себебі көліктің көптігі және ауаға таралатын зиянды қалдықтың артуында болып отыр. Экология министрлігі жағдайды саралай келе бірқатар ұсыныс енгізді. Әуелі ескі автокөліктердің қолданысын шектеу жайы қозғаған. Енді Ташкентте ғана емес, бүкіл ел аумағында 2010 жылға дейін шығарылған темір тұлпарлардың қозғалысына тыйым салынуы мүмкін. Бұл бір. Екіншіден электромобильге көшкен азаматтарға жеңілдік жасалуы, тіпті оған субсидия берілуі ғажап емес.

- Бүгінде ірі қалаларда, оның ішінде Ташкентте ауа ластанып жатыр. Бұл мәселе электр және жылу энергетика орталықтары мен автокөліктен шығатын зиянды қалдықтың шектен тыс мөлшерінен және көмір мен мазут түтініне байланысты туындап отыр. Сондай-ақ қалада ағашты заңсыз кесу де қоршаған ортамызға зиян тигізуде, – дейді Өзбекстан экология, қоршаған орта және климаттық өзгеріс министрлігінің бөлім басшысы Бахрамжон Холхужаев.

Оңтайландыру – оң шешім

Қалада кептелісті азайту үшін көлік қозғалысын оңтайландыру ұсынылып отыр. Мәселен тәжірибе ретінде автокөліктерді «тақ және жұп» күндері жүргізу көзделген. Ал АИ-80 маркалы бензинге келсек, оның елдегі өндірісі 2026 жылға қарай тоқтайды. Мемлекет Еуро-4 стандартына сай келмейтін жанармай түрінен бас тартпақ.

- Өзбекстанда 5 млнға жуық көлік тіркелген. Оның ішінде 700 мыңдайы Ташкентте жүр. Күніне өңірлерден тағы 300 мыңы келеді. Осының бәрі ауаға зиянды қалдық таратып жатыр. Көбі АИ-80 маркасын қолданады. Тап осы автокөліктерге қалдықтардың 60 пайызы тиесілі. Сондықтан оны азайту үшін үкімет экологиялық зиян деп танылған жанармай өндірісін тоқтату туралы шешім қабылдады, – деді сарапшы Бахтиёр Эргашев.

Қалаларда ауа сапасына қатысты көрсеткішті жариялайтын мониторлар орнатылады. Бұл қондырғылар тұрғындарға шаһардағы қоршаған ортаны ұдайы бақылап отыруға мүмкіндік береді. Ірі кәсіпорындар мен жылу орталықтары көмір мен мазуттан мәжбүрлі түрде бас тартуы ықтимал. Құзыретті орган оларға тыйым салу жолын қарастырып жатыр.

16 қаңтар, 11:10

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.