ҚР ауыл шаруашылығы министрлігі орман және жануарлар дүниесі комитетінің бұйрығына сәйкес, 2024 жылы Атырау облысы аймағында 2075 қасқыр мен 1645 шибөрі алу жоспарланды.
2024 жылы бір қасқыр немесе бөлтіріктің басына 10 АЕК (36 920 теңге) көлемінде сыйақы белгіленді. Аңшылыққа рұқсат беретін elicense.kz порталындағы жыртқыш аңды атып алуға мемлекеттік тапсырыс сан жағынан 2023 жылдағымен бірдей.
Дегенмен, кәсіби аңшылардың өз жұмысын атқаруына кедергі келтіретін бірнеше мәселе бар. Біріншіден, облыстық табиғи ресурстар басқармасы аңшыларға сыйақы беретін жауапты тұлғаны анықтау үшін әлі тендер өткізген жоқ. Екіншіден, аңшылар қасқырдың басын сақтау қиынға соғады, ал бұзылған теріні облыс әкімдігі жанындағы комиссия қабылдамайды деп шағымданады.
Тағы бір мәселе, қасқыр алуға кәсіпқой аңшылар ғана емес, қосымша табыс тапқысы келетін немесе жай ғана бой сергіту үшін қарапайым тұрғындар да шығады. Соңғыларында әдетте қарда жүретін көліктері бар және олар қасқырды қуып, атып алады.
Осылайша, Атырау облысы дала санитарларынан айырылып, жануарлар әлемінде азықтанудың табиғи жолының бір бөлігі үзіліп қалу қаупі бар. Мысалы, Солтүстік Қазақстан облысында жыртқыш аң мүлдем кездеспей жүр.
Ал, ҚР Экология және табиғи ресурстар министрлігінің 2022 жылғы 28 желтоқсандағы бұйрығымен бұл жануар жыл бойы аңшылық объектісі болып табылатын бағалы жануарлар түрлерінің тізіміне енгізілді.
Бұрын қасқыр тек санын реттеуге жататын жануарлар түрлерінің тізімінде болды. Оларды аулауға рұқсат беру кезінде әлі де осы тізімге жүгінеді.
Атырау орман және жануарлар дүниесі инспекциясының бас маманы Мереке ШАЛХАРОВ өңірде бес мыңға жуық қасқыр бар екенін, олардың саны өзгермей отырғанын айтты.
Мұрат СҰЛТАНҒАЛИЕВ