Атырау облысында қызылша ауруы азаймай тұр. Өңірде эпидемиологиялық ахуал тұрақсыз. Бұл туралы бүгін «АЖ»-ға Атырау облысының санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаментінің баспасөз қызметі хабарлады.
Республика бойынша Атырау қызылша ауруы бойынша Алматы қаласы, Шымкент қаласы және Ақтөбе облысынан кейін 4-ші орында.
Облысымызда 2023 жылдың 2 наурызынан бастап 2024 жылдың 7 қаңтар аралығында қызылшамен ауырды деген күдікпен 6 998 адам тіркелген. Олардың басым бөлігі қала тұрғындары. Айталық, 6240 жағдай қалада тіркелсе, Жылыой ауданында – 187, Исатай ауданында -107, Құрманғазы ауданында - 133, Махамбет ауданында – 116, Мақат ауданында – 92, Қызылқоға ауданында - 80, Индер ауданында 43 жағдай тіркелген.
Бүгінде 6 998 адамның 2 309-ының қызылшамен ауыратыны зертханалық зерттеулермен расталғаны анықталып отыр. Соның ішінде басқа елден және өзге облыстан сегіз адам жұқтырып әкелген. Оның үшеуі Түркиядан, екеуі Тәжікстаннан, біреуі Біріккен Араб Әмірлігінен және Алматы мен Астана қалаларынан да бір-бір адамнан. Қалғаны жергілікті. Көбі – қала тұрғындары.
Атап айтсақ, қалада - 1931, Жылыой ауданында - 99, Мақат ауданында - 72, Исатай ауданында - 52, Құрманғазы ауданында - 44, Қызылқоға ауданында - 42, Махамбет ауданында – 41, Индер ауданында 28 жағдай тіркелген.
Атырау облысының санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаментінің баспасөз хатшысы Айкөркем НҰРҒАЛИЕВАНЫҢ ақпараты бойынша, қызылшамен ауырғандардың 90 пайызы екпе алмағандар. Көбі 14 жасқа дейінгі балалар.
Атырау облысында соңғы рет қызылша ауруы 2019 жылы тіркелген. Ол кезде 774 адамнан қызылша анықталған. Ресми дерек бойынша, 2021 және 2022 жылдары қызылша ауруы өңірде тіркелмеген.
ЭПИДЕМИОЛОГТАР ЕСКЕРТЕДІ
- Қызылша инфекциясының алдын алуға бағытталған күрестің жалғыз және тиімді шарасы – бұл вакцинопрофилактика. Облыста балаларды қызылшаға қарсы вакцинациялау қызылша, қызамық және эпидемиялық паротитке қарсы біріктірілген вакцина қолданылады. Вакцина Дүниежүзілік Денсаулық сақтау ұйымымен сертификатталған. Ол тиімді және қауіпсіз. Вакцинация Қазақстан Республикасының Ұлттық егу күнтізбесіне сәйкес 12-15 айлық жаста, әрі қарай ревакцинациялау 6 жаста жүргізіледі. Вакцинация жергілікті мекенжай бойынша емдеу алдын алу мекемесінде тегін жасалады, - дейді А. Нұрғалиева.
«Қызылша – вирустық инфекция. Ол өте жұқпалы әрі ауа тамшылары арқылы таралады. Вирус сыртқы ортаға көп жағдайда науқас адам жөтелгенде, түшкіргенде және сөйлегенде бөлінетін сілекей арқылы жұғуы мүмкін.
Аурудың негізгі белгілері - дене қызуының 38-40°С дейін жоғарылайды, құрғақ жөтел пайда болып, мұрын бітеледі. Түшкіру, бастың ауырсынуы, қабақтың ісінуі және көз қарашығы қызарып, жұтқыншақ ісінеді. Денеде бөртпелер пайда болады. Бөртпелер кезектесіп шығады және бірігіп кетуге бейім келеді.
Көбіне қызылша ауруынан көз жұмудың себебі - аурудың асқынуымен байланысты болады. Ең қауіпті асқынуларға көздің көрмей қалуы, энцефалит (мидың ісінуіне әкелетін инфекция), пневмония сияқты тыныс алу жолдарының инфекцияларын туындатуы мүмкін» дейді эпидемиолог мамандар.
Айнұр САПАРОВА