Атырау, 24 желтоқсан 23:47
 бұлыңғыр боладыВ Атырау -2
$ 523.72
€ 544.09
₽ 5.20

Біздегі «Слово пацана»

1 238 просмотра
Борис Матвеев түсірген сурет

80-жылдары өміріме жол көрсетіп, бағыт-бағдар берген ер адамдар қазір өз орталарында парасатты өмір салтын ұстанған өте танымал адамдар. Алайда, олар өздерінің аты-жөнін көрсетуден бас тартты. Өйткені жас кезінде болса да, бұл мансабына, бизнесіне айтарлықтай зиян келтіруі мүмкін немесе қазіргі бейбіт өміріне әсерін тигізуі ықтимал деп санайды. Сондықтан мақалада оларды К. және Б. деп атайық.

Сексенінші жылдардың соңына қарай Гурьевке жаңа құрылыстар салынып, кеңейе бастады. Бағзы заманнан бері осы жерде қоныстанған жеке сектордағы үйлерде тұратын бозбалалар корпуста тұратын құрдастарын адамға санамады. Бала кезден бірге ойнап, бірге өспеген, жаңадан көшіп келгендерге жергілікті бозбалалар тарапынан қатты қысым жасалатын. Олар сол кезде өздерін аудандардың қожасы санайтын жастардан құралған топтың мүшелері еді.

«70-ші жылдардың басында дүниеге келген жігіттер өз аудандарынан тыс шекараларды игеруге ұмтылды», - деп еске алады К. - Топтардың атаулары тұрғылықты жеріне қарай берілді. «Аэропорттың», «Киткрайдың», «Базардың», «Қарадепоның», «Ақдепоның», «Чеховтың», «Первоучастоктың», «Елшібектің», «Балықшының» (оның ішінде Холодильник пен Құрсайдың) «Химпоселоктың», «Рахаттың», «Таймановтың», «Ескі базардың», «Абайдың», «Центрдің», «Светлананың», «Мужчина-и-женщина» ауданының, «Жилгородоктың», «Авангардтың», «Лесхоздың», «Рембазаның», «Привокзальныйдың», «СМП-ның», «Бурпоселоктың», «Торговый базаның», «Маслопромның» жігіттері және басқа салыстырмалы түрде мектептер, тұйық көшелер біріккен шағын жасөспірімдер қауымы ең жақын көршілерімен үнемі араздасып жүретін».

Олардың бәрі бір-бірімен жанжалдасып, өз аудандарының шекарасын мұқият күзететін, бөтен аудандарға жаппай төбелесу үшін жиі баратын. Кейде түрлі топтың жігіттері ортақ шаруа үшін бірігіп, уақытша бітімшілікте болатын.  

Мәселен, Жайық өзенінде браконьерлікпен айналысқан кезде Балықшы мен Жұмыскер ауылдарының жасөспірімдері агент деп атайтын су полициясының қызметкерлеріне ылғи бірігіп, қарсы әрекет ететін. Аулаған олжаларымен аман-есен құтылған  соң, қарсыластарын жеңгенін бірге тойлайтын, бірақ кешке биге барған кезде бұрынғыша бір-біріне деген араздықтары қайта бас көтеретін.

Дегенмен, Гурьев топтары арасындағы жігіттерге тән ереже бойынша, жасөспірімдер, егер бейтаныс жігіт қызды шығарып салуға кетіп бара жатса, оны қыздың көзінше ұрып-соқпайтын. Оны кері оралған кезде «сындыруға» болатын. Оқиғадан кейін ақсақалдар қақтығысты реттемесе, топтар арасында ұрыс жарияланып,  кездесу орнын белгілейтін. Пышақ қолдануға тыйым салынды, бірақ денсаулыққа қауіпті ауыр заттар жаппай қолданылды.

БАСҚА КӨШЕНІҢ ЖІГІТІ

«Жігіттердің қай топтан екенін ажырату қиын еді, біз бәріміз жасымызға қарамастан бірдей киінетінбіз, - деп есіне алады Б. – Тек «авангардтықтар» ғана ерекше болды - олардың көпшілігінде аляска күртесі болды, сондықтан олар бәріне танымал еді.

...15 жаста болған кезімде біздің ауданымызға Қазан қаласынан бір бозбала келді. Ол біз сияқты емес еді. Бейтаныс. Гурьевтен емес: әйтеуір ондай адамдар алыстан білінетін. Ол біздің құрдасымыз еді, бірақ одан бір қауіп сезіліп тұрды. Шәпкесін көзіне қарай түсіріп киетін, көзқарасы өңменіңнен өтіп кетердей ауыр болатын. Ол кең балақ шалбар киіп жүрді, біз бұрын-соңды мұндай үлкен шалбарды көрмеген едік. Жолақ күртешесі болды, ондай күртеше біздің жаққа кейінірек келді. Жігіт түнерген, сөзге сараң еді. Ол артық сөзсіз топқа қабылданды, оның мықты жігіт екені сезіліп тұратын. - дейді Б. –Жақынырақ танысқан соң Татарстанда өз араларында қалыптасқан ұғымдар туралы айтты. Мысалы, бәріміздің бірге тобырмен жүруіміз «мотаться» деп аталады, ал банда мүшелерін «мотальщиктер» дейді екен. Ол сондай-ақ өзінің «моталкасын» атады, бірақ есімде жоқ, құлаққа тым оғаш естілетін. Қатаң иерархия бар екен. Бізде ондай айқын градация болмады: тек екі жас болды: «щеголдар» немесе «жастар» - 15 жасқа дейін және «старшактар» - 18 жастан бастап. «Стариктер» деп әскерден оралған, әбден жетілген жігіттерді атайды екен. Бандылармен байланысы жоқтардың барлығын оларда «чушпан» деп атаған. Біздің қалада да ондайлар болды, бірақ біз оларды «чмыри», «черттар» дейтінбіз... Біздің топтағылар оларға мүлде тиіспейтін, мән бермейтін. Бұл жігітті, кейін белгілі болғандай, әке-шешесі Гурьевке бас сауғалау үшін жіберген екен. Ол бізбен бірге үш ай спорт секциясына барып жүрді де, кейін кенеттен ғайып болды».

Айтпақшы, Гурьевте жалғыз жүретін жігіттерге тұратын жеріне қарай оңай немесе қиын болды. Мысалы, анағұрлым зиялы аудандарда – мысалы, қала орталығына жақын орналасқан «абайлықтарды» ренжітпейтін. Бұған бұл ауданның Гурьев қалалық ішкі істер бөлімі мен ішкі істер басқармасына жақын орналасуы себеп болатын. «Жилгородок», «Мужчина-и-женщина» және «Рахат» аудандарында жалғыз жүрген жігіттер соққыға сирек жығылатын. Ал жігіт қала орталығынан қаншалықты алыс тұрса, соншалықты оның тарапына қысым жасалатын.

Дегенмен, сол кездегі ең агрессивті банда «интернаттықтар» болатын. Олармен тіпті нағыз бәлеқор топтардың өзі байланысқысы келмейтін. Жетім балалар үшін өз қауымынан тыс ұғымдар мүлдем болмады. Олар өте қатты, өлермендене төбелесетін, құлап жатқандарды тепкілейтін. Олардың көпшілігі жастайынан түрмеде жазасын өтеп үлгерді. Олардан ажырамас бір ғана нәрсе - тәртіп болды. Күртешелерінің қалтасында үнемі  пышақ жүруі мүмкін, пышақ салып, мүгедек қылып тастауы ғажап емес еді. Олар ұсақ-түйек қарақшылық жасауды, тонауды және өз аумағына абайсызда кіріп кеткен бейбіт тұрғындар мен топтарды ұрып-соғуды кәсіп қылды.

«Бір күні бүкіл мектеп болып, бізді «Мир» кинотеатрына апарды, - деп есіне алады Б., - Қазандағы топтар туралы деректі фильмді көрсетті. Бәрі ауыздарын ашып қарады. Әсіресе, өлтірілген жас жігіттердің бірін жерлеген сәті есімде қалыпты, анасының сол жердегі зарын көрсетті. Фильм аяқталып, жарық жаққан кезде, бір бірімізге тіке қарай алмадық. Провинциялық Гурьев жігіттері мұндайға аса сезімтал еді. Содан кейін милиционерлер бізбен қылмыс және тағы бір нәрселер туралы ұзақ әңгімелесті...».

ГУРЬЕВТІҢ ДИСКОТЕКАЛАРЫ. ЖҰДЫРЫҚТАН СУЫҚ ҚАРУҒА

Қалада жастар арасындағы текетірестің негізгі нүктелері: Самар жақта – Горпаркте, Бұқар жақта – «Мұнайшылар» мәдениет сарайында өтетін дискотекалар болатын. Бұл би алаңдарынан басқа, «Строитель» дискотекасы болды - клуб қалалық милиция бөлімі ғимаратының артында, жағалауға жақын жерде, стадион маңында орналасты. Сондай-ақ, Жилгородокта «ГНПЗ» мәдениет үйінде, Авангардта «Романтик» клубында және Бірінші учаскеде «УЗКМН» мәдениет үйінде болды. Балықшы поселкесіндегі «Балықшылар» мәдениет үйіндегі дискотека өз алдына бөлек өмір сүрді. Қала жігіттері оған өте сирек баратын, олардың өз микроклиматы болды, оны қала маңындағы жігіттер басқыншылықпен жиі бұзатын.

Ең алғашқы дискотека 1984 жылы Жилгородоктың соңғы аялдамасындағы жастар клубында пайда болды. Кез келген би алаңының тұрақты символы - прожекторлар мен музыкамен жарықтандырылған дискошар еді. Би сәрсенбі, жұма және демалыс күндері өтетін. 80-жылдардың аяғы мен 90-жылдардың ортасына дейін Жилгородоктағы дискотекалар музыка жағынан алда жүретін еді, сол кезде олар «ГМӨЗ» ведомстволық мәдени орталығында өтетін.

Ол жердегі диджейлердің айтарлықтай құпиясы жоқ-тын: олар пошта бөлімшесінің арнайы байланыс бөлімінің бастығы, аяғы жоқ азамат, қазір марқұм болған С-мен дос еді. Қаладағы ең алғашқы музыка студиясының иесі де сол кісі болатын. Соңғы шыққан музыкалық жазбалар оған Мәскеуден тікелей келетін. Ал ол жазбаларды жомарттықпен жилгородоктықтармен бөлісетін. Басқа дискотекалар «Ласковый майды» әуендетіп жатқанда, олар AC/DC, Prodigy, Fatboy Slim және т.б. секілді шетелдік орындаушылардың әндерін жіберетін. Осы себепті, би алаңы қаланың әр түкпірінен жиналған, көбіне өшіккен ниеттегі меломандарға толы болды. Сондықтан мұндай би жиындарының өз алдына тыныш өтпейтіні сөзсіз еді.

«80-жылдары қақтығыстар жұдырықпен шешілетін; 90-шы жылдары суық қарулар, атыс қарулары, дубинкалар және, штакетниктер қолданылды», - деп еске алады Жилгородок дискотекасының диджейлерінің бірі. - Би алаңында кез келген нәрсе үшін: біреудің шынтағы тиіп кетсе де немесе біреудің шеңберіне кіріп кетсе де, пышақтаса кететін. Бәрі де би алаңының бұл салтын жақсы түсінетін. Мұның соңы неге апарып соғатынын біле тұра, әдейі жасайтын. Дегенмен, өз тәжірибемнен айтарым, маған бандылар ғана емес, менттер де жұмыс істеуіме кедергі келтірді: кейде тіпті тыныш өтіп жатқан дискотекалардың соңы төбелеске ұласатын. Өйткені тәртіп сақшыларына жай ғана біреудің ұсқыны ұнамай қалса да, қарадан қарап, оны ұрып жіберуі мүмкін. Ал жігіт қарсылық танытып, өзін кері ұрса, тірек пунктіне алып кететін.

Ең ауқымды төбелес есімде қалыпты, өйткені сол күні маған ту сыртымнан пышақ жарақатын салды. Алайда диджейлерді пышақтауға болмайтын жазылмаған заңдылық бар-тұғын. Танысым 18 пышақ жарақатын алды, көрер жарығы бар екен, аман қалды. Ең қызығы, арандатушылар емес, дискотека қожайындары жауапқа тартылды. «Жилгородоктықтар» басқа аумақтан келгендерді ұрып-соғып, аяусыз жауап берді, кейін дәрігерлер олардың бірінің көкбауырын алып тастады».

Жарты жылдан кейін милиция арандатушыларға қарсы қылмыстық іс қозғамақ болды, бірақ жергілікті жігіттер ұнатпайтындықтан милициямен бірлесіп жұмыс жасаудан бас тартты, ал бұл уақытта жанжал өзінен өзі реттелген еді.

АР-НАМЫС КОДЕКСІН БҰЗУ

Айтпақшы, милиционерлер туралы  айтсақ, солардың бірі Гурьев қалалық қылмыстық іздестіру бөлімінің жедел уәкілі, қазіргі зейнеткер Бағыт САГЕНОВТЫҢ айтуынша, 1980-1990 жылдары милицияда ұйымдасқан қылмыспен күресу үшін нақты құралдар болмаған. Барлығы қамауға алу және профилактикалық әңгімелесу арқылы реттелді. Сагеновтың тәжірибесінде жігіттік кодексті ұстанып, барлық кінәні өз мойнына жүктеп алған жігіттер көп болған. Алайда кей кездері кәмелетке толмаған бұзақылар бірлесе жұмыс істеуді жөн көрген екен. Милиционер ол кезде жұмыс істеу оңай болғанын, өйткені әлеуметтік желілер болмағанын атап өтті.

«...Сондай кездер еді. Жасөспірімдер жасаған барлық келеңсіздіктер үшін бар жауапкершілік тәртіп сақшыларына жүктелді, сұрауы бізден болды. Ол кезде Гурьевте гопниктер өте көп болатын: ашылмаған қылмыстар: көлік айдап кету, ұрлық, тонау, төбелес... көп болды», – деп еске алады ардагер-милиционер.

- Бір түнде күзет бөлімінің қызметкерлері «Абвгдейкадан» келген бір топ жасөспірімді ұстады, олардың көшбасшылары Сергей У. және Сергей М. деген болды. Жұмыс туралы толық айта алмаймын, қанша дегенмен, кәсіби құпия ғой... Екінші күні кешке, бастықтың үстелінің үстіне мойындау жауаптары мен жедел ақпарат жазылған қағаздарды қойдым. Сергей У.-мен жұмыс істегенде ол «жилгородоктық» банда басшысы Олег О.-ны ұстап берді. Ол да ұрлық, тонау, т.б. істерді кәсіп қылған. Бәрі мойындау жауабын беріп, соңында көліктерден магнитофондар, дөңгелектер мен қосалқы бөлшектер ұрлауға қатысты 18 қылмыстың бетін аштық».

80-жылдардың аяғында көшелерде жасөспірімдер жасаған тонау қылмысы өршіп кетті. 1988 жылы 3 қаңтарда милиция пультіне жергілікті аурухананың кезекші медбикесінен хабарлама түсті. Оның хабарлауынша, Владимирский көшесінде 50-жылы туған азамат Владимир К.-ға кәмелетке толмаған бандылар тобы шабуыл жасаған. Жәбірленуші алған соққыдан кейін Авангард ықшамауданындағы үйіне қалай жеткенін есіне түсіре алмады. Бірақ бандылардың бірі қатты кекештенетінін және жігіттердің азиялықтар сияқты болғаны есінде қалған. Жедел жәрдем дәрігері оған «миы қатты шайқалған және дене жарақаттары бар» деген диагноз қойды, бірақ пациент ауруханаға барудан бас тартты.

Бұзақылар оны ұрып қана қоймай, ер адамның ондатр бөрігін, күртешесін, алтын сақинасын, аяқ киімін, свитері мен джинсы шалбарын шешіп алған. Милиционер сол маңдағы кекештердің бәрін тапты, бірақ жәбірленуші ешкімді танымады. «Азиялық банды» дегенге келетін болсақ: жасөспірімдер тобында этникалық ерекшеліктер жоқ, қазақ еместердің көбі тілді жетік меңгерген, сондай-ақ әрбір топта әр ұлттың болатыны жиі кездесетін құбылыс еді. Ілігер басқа ештеңе болмады. Бәлкім, бір оқиға орын алмағанда, бұл мәселе ашылмаған күйде қалар ма еді: 17 қаңтар күні кешке төбелес үшін «авангардтықтар» ұсталды. Олардың ішінде біреуі тілінің қатты мүкістігіне, яғни кекештігіне қарамастан өте көп сөйлейтін, өте дөрекі екен. Жауап алуды содан бастадық. Жігітті таң қалдырып, милиция төбелес туралы емес, ультиматум түрінде Владимирский бойындағы ұрып-соғу, тонау оқиғасы туралы сұрай бастады. Жігіт: «Мен жалғыз болған жоқпын ғой, бәріміз жігіттермен бірге болдық!» деп, айтып қалды. Олардың «совдептіктер» тобымен бірге әрекет еткені, олардың кейбірі каникулдан кейін Мәскеу және Ленинград облыстарына училищелердегі сабақтарына кетіп қалғаны белгілі болды. Соққыға жығылған Владимир К.-ның заттарын сол жақта сатқан. Бұл қылмыс кейін қарақшылық шабуыл санатына ауыстырылып, қатысушылардың барлығы, тіпті қаладан кетіп қалғандар да, 5 жылдан 7 жылға дейін жаза алды.

ЕСІРТКІ БУЫМЕН

Есірткі дәуірі еліміздің барлық қаласы сияқты 90-шы жылдармен тұспа тұс келді. Ертеректе туындаған шектен шығушылық осы жылдар бойы әлдебір тізбекті реакция секілді күшейе берді. Сол жылдары әскерден оралғандардың көбі нашақор, маскүнемге айналған достарын танымай қалды. Артық доза қолданып, өліп кеткендер әдеттегі жайтқа айналды.

Айтпақшы, ұлдар кодексі есірткіні қолдануға қатаң тыйым салды, бірақ уақыт өте келе ережелер өзгерді: 90-жылдары Гурьевте әсері күшті есірткі жаппай қолданыла бастады. Әрине, бұл жерде түрмеден шыққан «старшактардың» да үлесі бар. 90-шы жылдары олар көбейді, бірақ ең көбі Жилгородокта шоғырланды. Кей бозбалалар принциппен бе, әлде есірткіге ақшасының жоқтығынан ба, ішімдікті асыра сілтейтін.

Александр Шергиловтың мұрағатынан алынған сурет.

«Ол кезде Гурьев мұнай өңдеу зауытында жұмыс істеу беделді ғана емес, тиімді де еді. Алғашқы айырбастар: румын және югослав жиһаздары, машиналар, тон-ішіктер, азық-түлік сол жақтан келетін. Тіпті ең қарапайым механиктің де қалтасында ақша жүретін және ол өз жұмыс орнынан мықтап айырылмайтын. Алайда, ГМӨЗ-дегі қатаң тәртіп жас буын зауыт жұмысшыларына «іспен айналысуға» кедергі болмады, - дейді Б.Сагенов. - Цехтардың бірінде кәмелетке толмаған бір жасөспірім еңбек етіп, милициямен белсенді жұмыс істеді. Бірде ол әріптесі Владимир Г. цехқа шолақ мылтық әкелгенін хабарлады. Ол цехтың схемасын және қару жасырылған киім ауыстыратын бөлмедегі қораптың қай жерде екенін сызып берді. Алдын ала айтайын, осы хабардан тура бір-екі күн бұрын Шәріпов көшесінде тұратын азаматтан бағалы заттары, алтын бұйымдары, аңшы мылтығы ұрланғаны» туралы арыз түскен еді».

...Кәсiпорында ұрланған қару бар екенін айтқан жедел уәкілдің сөзiн тыңдаған цех бастығы: «Тіпті шыбынның өзі кабинеттің анау шетiнен мына жаққа ұшып өту үшін менен рұқсат сұрайды, - деді саусағымен ауада жарты шеңбер сызып. – «Бірақ, әрине, бұл сандырақ болса да, көрейік», - деп мысқылдады.

Владимир Г.-ның қорабынан шолақ мылтық табылды, ол, оның сыбайластары Артем К., Сергей К., сондай-ақ «Жилгородок» тобының тағы үш қатысушысы қамауға алынды. Жігіттер қару мен ұрлық үшін айыпталды. Олар бірнеше ұрлық, есірткі саудасы, жалпы 8 қылмыс жасағандарын мойындады.

«Көбіне жақсы жұмысы бар, өте ауқатты отбасының жігіттері нашақор болып кетті. Ол кезде Гурьев «мажорлары» түгелдей қала құраушы мұнай кәсіпорнының жауапты қызметкерлерінің балалары еді. Олар өздерінің жағдайы жақсы болғанына қарамастан тонаудан да, ұрлықтан да шет қалмады, есірткіні жиі қолданып, өздері белсенді түрде сататын», - дейді Б. Сагенов.

БАСҚА ҰРЫСТАР ДӘУІРІ

Бұл арада аумақтық шекаралар бірте-бірте жойылды. Аула патриотизмі жойылып, ұлдар қауымы «спортсмендер» мен «общактарға» бөлінді. Сондай-ақ қарапайым аула «зехерлері» де болды: бұлар мектеп оқушылары мен қарапайым халықты қорқытып, ұсақ-түйек бопсалаумен айналысатын жөн-жосығы жоқ ерлер санаты. «Совдеп» тобындағы сондай бұзақының бірі бірде аула жастарын жинап алып, тірі мысықты балғамен ұрып, «еркектікке» үйрете бастады: кім теріс қарап жыласа, тепкіге алатын. Б. мен К. «Киткрай» тобындағы Пашка-Американы еске алды: ол тіпті өз ауданындағы ұлдарды да тонап, ұрып-соғатын. Аула балалары мұндайларды жек көріп, қорқып, «спортсмендерден» немесе «общак» мүшелерінен қорғаныш іздеп, кейін олардың қатарын ресми түрде толықтырды.

Енді «өз кругтарындағы» екі қауым бір-бірімен өштесті. Бірақ іс жүзінде бір нәрсемен - бопсалаумен және рэкетирлікпен айналысты. Рас, «общактардан» айырмашылығы, спортсмендердің бәрі бірдей бұлай жасамады. Олардың арасында зорлық-зомбылықты жек көретін қарапайым, тәрбиелі жігіттер болды. Қылмыстық құраммен қосылып, «торпедаға» айналғандар да болды: төбелес кезінде ұйымдасқан қылмыстық топтың құрамында білегінің күшін көрсететін. «Спортсмендер» өкілдері ретінде К. мен Б. менталитетке байланысты өз орталарында қатаң иерархия, үлкенге құрмет бар болғанын айтты. «Тіпті, қанша уақыт өтсе де, қазір  бастық болсын, таксист болсын кез келген «старшак» менен көмек сұрай алады, мен көмек беруден бас тартпаймын, - дейді Б. - Бұл – құрмет».

Ер адамдар «общак» туралы жақсы айтпады. Олардың айтуынша, ол жерде мұндай құрмет деген болмаған. «Олар өз ортасындағы жасы кішілерді нашақорлыққа баулыса, қандай құрмет болғаны!» - деді Б. ашуланып.

Иә, бұл айтқанына талас жоқ.

ЛАРИСАНЫҢ МАГНИТОЛАСЫ

90-жылдары қалада байсалды адамдар демалатын үш орын ғана болды. Бұл «Ақ Жайық» мейрамханасы, «Арман» кафесі және «Фортуна» дискоклубы еді. Мұның соңғысына қарақшылар да, тәртіп сақшылары да үнемі баратын. Біз сол жерде жұмыс істеген музыкантты таптық, оны М. деп атайық. Шындығында, бұл екі қауымның кафеде бөлісетін ештеңесі жоқ еді: олардың арасында ішпей сау жүретіндер болмады, музыканы таңдауда да келіспеушілік болған жоқ - шансон екі қауымға да тең қызмет көрсететін. Бірақ соған қарамастан қақтығыстар болып тұратын. Алуан түрлі келушілердің араздығын сол жердің иесі ме, аспазы ма, әлде бармені ме, Лариса есімді әйел басып тастайтын. Барлығы оны тыңдап, қорқатын, өйткені оның жақын достарының арасында облыстың бас милиционері болатын.

«1991 жылы Ларисаның магнитофоны ұрланды - жапондық магнитофонды үлкен байланыстары арқылы алған еді. Ол кезде ондай магнитофон тек Ларисада болды. Оның бағасы жаңа «девятканың» бағасымен бірдей еді. Магнитофонды іздеуге Гурьев ІІБ-нің барлық күші жұмылдырылды, - деп еске алады Б.Сагенов. - Кім ұрлағанын бір ғана адам - менің ақпарат берушім білді. Бозбала телефон арқылы оны әлдебір Асқар С. деген жігіт досы Мейраммен бірге ұрлап кеткенін айтты. Екі жігіт те бұзақылық үшін тірек пунктінде жиі болатын. Асқардың бейшара ата-анасының милиция қызметкерлерінің үнемі үйіне келетіндігіне үйренгендері сонша, әрқайсысының аты-жөнін, шенін білетін. Хабарлаушы, егер асықпаса, ертеңгі күні магнитофон табылмайтынын айтты».

Жергілікті жігіттер қалада ұрланған заттарды ешқашан сатпайтын: Гурьев тым кішкентай еді. Заңсыз жолмен алынған олжа әдетте Шевченко (қазіргі Ақтау) қаласына жөнелтілетін.

Ларисаның магнитофонына қатысты оқиға Асқардың үш жылға шартты жаза алуымен аяқталды.

...Криминал түбегейлі етек алған кезде, көп жігіт бұдан келеңсіздікті көрген соң, істен шет қалды. Әсіресе, әскерден келген жігіттер. Кеңес Армиясы қатарында әскери борышын өтеп келгеннен кейін олар осы қозғалыстың барлығына қызығушылық жоғалтты. Құрметті «старшак» боп қалып, көпшілігі қалыпты өмір сүруді жөн көрді, алайда қалған бөлігі қылмыстық топтарға қосылды.

БУРБ КАССАСЫ. «АВАНГАРД» БАНДАСЫНЫҢ ҚОМАҚТЫ ОЛЖАСЫ

«БУРБ кассасы» ісі қалада болып жатқан бассыздықтың шыңына айналды. Балықшы барлау бұрғылау басқармасы деп аталған кәсіпорыннан 16 мың рубль ұрланып кетті. 1987 жылы бұл орасан зор сома, қазіргі шамамен 1 миллиард 600 миллион теңгедей болатын. Қолма-қол ақша алдыңғы түнде сейфке салынған, ертеңіне жұмысшыларға жалақы ретінде төленбек екен. Бұл қылмысты ашу үшін Гурьевке КСРО ІІМ Қылмыстық іздестіру Бас басқармасының, Мәскеудің Қылмыстық іздестіру басқармасы мен Қазақ КСР Ішкі істер министрлігінің жауапты қызметкерлері келді. Жалпы, бұл әдеттен тыс, бүкіл Кеңес Одағын дүр сілкіндірген оқиға болды.

«Авангард» бандысының өкілдері көз қырына алынды. Олардың сол кездегі жетекшісі 27 жастағы Федор К. және оның сыбайластары Аркадий Г., Владимир Б. және үшіншісі әлдебір Г. деген жігіт БУРБ кәсіпорнында жұмыс істейтін, әрі атышулы ұрлықтың идеологиялық дем берушісі болды. Екі айдың ішінде ондаған болжам жасалды, бірақ ешқайсысы дөп тимеді.

«Ал ол былай болған еді. Азамат Г. жоспар құрады, ал оның орындалуымен Федор К. тікелей айналысады, қалған үшеуі оған көмектеседі. Олардың бәрі жастар тобының аға буын өкілдері болатын. Қылмыстық төрттік ұрлық жасамас бұрын Рахат ауданындағы бейтаныс қала тұрғынының гаражын бұзып ашқан. Ол тұрғында «Волга» көлігі бар екен. Олар көлікпен БУРБ-қа барып, күзетшіні «монтировкамен» сұлатып, байлап тастаған. Ал күзетші есін жиған соң, әрине, «Волгадан» басқа ештеңені есіне түсіре алмады. Дәнекерлеу аппаратының көмегімен қылмыскерлер сейфті ашып, ақшаны алып, көлікті орнына қойып, із суытқан. Көлік келесі күні таңертең табылды, бірақ иесінің оған еш қатысы жоқ екенін бірден түсіндік. Ол бар болғаны көлікті біреудің шынымен пайдаланғанын ғана растады», - деп еске алады Б.Сагенов.

Күндердің күнінде Сагенов өзінің әдеттегі милициялық ісімен айналысып жүріп, аса қауіпті қылмысы үшін жазасын өтеп, түрмеден жақында ғана босап шыққан адамдардың қатарындағы, өз қамқорлығындағы Федор К.-мен тірек пунктінде әңгімелеседі. Ереже бойынша, әңгімелесіп, белгіленіп кету керек. Профилактикалық әңгіме барысында кабинетке бір азамат бас сұғады. Милиция қызметкеріне бір қарап, Федор К.-ға көзі түсіп кетіп, қорқып кеткендей, кабинет есігін тарс жауып тастайды. Бұл азамат тоналып, арыз жазуға келген екен. Ол милицияның алдында отырған ер адамның дәл сол қарақшы екенін таныды.

«Сөйтіп, Федяға қарсы дәлелдер пайда болды. Жәбірленушіден тартып алған барсетка қайтарылды. Іс бірлесіп жұмыс жасауға айырбас ретінде жабылды. Қарақшы жетінші рет түрмеге оралғысы келмеді, бірақ ол БУРБ кассасынан ақша ұрлағанын мойындамады. Сондықтан Федор қолдан қолға ауысты: Сагеновтан кейін ҚІІБ бастығы, одан кейін Қазақ КСР Ішкі істер министрінің орынбасары кірісті. Күнделікті шақыртулар, әңгімелер, қысымдар... Федордың жүйкесі сыр беріп, қаладан жасырын кетіп қалды. Милиция үшін бұл мойындаумен бірдей еді», - дейді Б.Сагенов.

Қалған үштік көп ұзамай мойындау жауабын берді, ақша мен Федор көп ұзамай табылды.

ЕКІ МЫҢЫНШЫ ЖЫЛДАРДЫҢ БРИГАДАЛАРЫ

2000-шы жылдардағы аула қозғалысы туралы айтып берген қала тұрғыны, оны Т. деп атайық, есімін жасыруды жөн көрді. Оның әңгімесінің кей жерін түзетуге тура келді, өйткені ол танылғысы келмеді.

«Маған да 90-шы жылдардағы тәртіпсіздікті бала көзбен бақылауға тура келді, - дейді Т. - Жанжалды шешу үшін кездесуге жиналған жігіттер тобырын көрдім. Әдетте оқиғалардың қалай өрбитінін өзім сияқты боқмұрындармен бірге қаланың бос алаңдарының біріне жақын орналасқан гараждардан бақылайтынмын. 2000-шы жылдарға таяу гоп-стоптың белсенді қатысушысы болдым, бірақ 2000-шы жылдардан кейін көшелер арасында шайқастар болған жоқ».

«Старшактардың» көбі түрмеге қамалды, басқалары нашақор болып кетті, енді біреулері бандиттік кезеңін тастап, тәуелсіз Қазақстанның беделді азаматтарына айналды.

«2000 жылдары көп жігіт өздерінің қауымын құрып, уахабиттер болды, - дейді Т. - Мысалы, Лесхозда құрдастарымның 70%-ы шолақ шалбармен жүрді. Бұл сондай мықты топ болды. Егер олармен келіспеушіліктер орын алса, олар күш қолданумен емес, көптігімен  алатын. Оған бандиттік-сектанттық идеологияға рухы жақын жігіттерден бастап, бәрін қабылдады: спортшылар да, кешегі нашақорлар да, бұрын сотталғандар да, іспен де, сөзбен де өзін қорғай алмағандар да болды. Кейбірі оларға қосылсам, түзеліп, жақсы жолға түсемін деп ойлады. Бірақ олай болған жоқ, бұл бәрібір сол баяғы бұзақы топ болатын». Т.-ның айтуынша, ол кезде ұлдардың көше ұғымдары түрме ұғымына дейін дамыды. Ереже қарапайым: өз адамдарынан ұрламау, құқық қорғау органдарына арыз жазбау, тілге ие болу, сөзде тұру, т.б.

Айтпақшы, бригада деп аталған ауданның барлық қауымында «отырғандарға» «жылу» жинау әдетке айналды. Бұл дәстүр 90-шы жылдардан бері жалғасып келеді. 2000-шы жылдарға қарай жасөспірімдердің көпшілігі, тіпті тұтқынның бет-бейнесін және оның кезінде қандай ерекшелігі болғанын білмей-ақ, айына бір рет «ортақ қорға» ақша әкелетін. Бірақ «старшактар» оны жақсы білетін, құрметтейтін - бұл жеткілікті еді.

Бір ауданда бір-біріне әрдайым дос бола бермейтін бірнеше бригада болуы мүмкін. Бірақ аудандағы тәртіп олардың қаншалықты күшті болғандығына байланысты болды. Егер бригадаларда жігіттер саны аз болса, онда қаланың барлық бұзақысы олардың ауданында жүретін. Сәйкесінше, бұл жердің тұрғындары да бригадалардың жігіттері секілді гоп-стоптан, ұрып-соғудан және ұрлықтан қорғалмайтын. 80-ші жылдардағыдай қатаң иерархияны ұстанбады; көшбасшылар көбінесе жасына емес, ақылдылығы мен батылдығына сай айқындалды. Көбінесе бригадаларда шешендік өнері де, жұдырығы да өзінен жасы үлкен топтасынан мықты бозбала тізгін ұстайтын.

Гоп-стоппен әдетте бөгде аумақтарда айналысты немесе өз ауданынан өзгелерді іздейтін. Мұндай жорықтар күнде кешкі әдет-ғұрыпқа айналды. Ұрланған жанат бөріктер, әмияндар және басқа да бағалы заттар бірден сатылып, жиналған ақшаға жігіттер түні бойы думандататын. Тапқан табысты үйге әкелуге болмайтын.

2000-шы жылдары Атыраудағы ең ұйымшыл аудандар Привокзальный, Авангард, Балықшы, Жилгородок, Аэропорт және Киткрай болды. Олар жасөспірімдер көп жиналатын аумақтың арқасында мықты болды: олар неғұрлым көп болса, соғұрлым дұшпандарына қарсы тұра алды. Әр ауданның өз шақыру белгілері болды. Көбінесе сол кездегі өткіншілер кешкі уақытта серуендеп келе жатып, ысқырықты естісе, бұл жаяу жүргіншіге тез арада «ғайып болатын» кез келді, жасөспірімдер жорыққа шықты дегенді білдіретін.

Жұмыскерліктер өз шекарасын бұзғанға шыдамайтын. Тіпті, басқа ауданның жігіті сол жердің қызын шығарып салғанын көрсе, сол қыздың көзінше оны ұрып-соғуы мүмкін еді. Жеңілген ғашыққа: «Біздің қыздарымызға бөгде жігіттердің келгенін ұнатпаймыз. Егер тағы келсең - өлтіреміз» деп ескертетін.

Балықшының жасөспірімдері ең тәртіпті, ұйымшыл деп саналды. Өз ауданындағы бригадалар ешқашан бір-бірімен араздаспады және бір ысқырықпен өздеріне дос еместерге күшті тойтарыс беретін. Сондықтан олардың шекараларын ешкім орынсыз бұзбауға тырысатын.

2000 жылдардың басындағы ең маңызды оқиғалардың бірі ықылым заманнан бері өштесіп келе жатқан екі ауданның: Ескі әуежай мен Киткрайдың ымыраласуы болды. Танымал спорт жаттықтырушысы жігіттерді татуластырып, аталарының кезінде басталған соғысқа нүкте қойды. 2000-шы жылдардың соңына қарай төбелес кезінде кісі өлтіру сирек кездесетін жағдайға айналды. Балақайлар ержетіп, отбасын құрды. Өздерінің жабайы болған жастық шақтарын күле еске алып: «Қалай аман қалдық екен?» деп таң қалады. Бірақ бәрі бірдей аман қалмаған еді.

1999 жылы өткізілген бірінші ұлттық халық санағының ресми дерегі бойынша, Қазақстан халқы 14953,1 мың адамға дейін, яғни 1989 жылмен салыстырғанда 9,6%-ға азайып, іс жүзінде 1979 жылғы деңгейге қайта оралған. 2002 жылдың басында Қазақстан Республикасында 14820,9 мың адам болды. Иә, жаппай көші-қон болды, бірақ қаншасы өлді. Өлім-жітімнің шарықтау шегі 90-жылдары, әсіресе еңбекке қабілетті жастағы ерлер арасында болды. Мысалы, 1985 жылдан 1993 жылға дейін кісі өлтіру мен суицид саны күрт өсті.

Анастасия ШЕРСТЯНКИНА

25 желтоқсан 2023, 13:45

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.