Газа секторында Израиль шабуылдарынан қаза тапқан палестиналықтардың саны 20 мыңға жетті. Опат болғандардың жартысына жуығы – балалар, хабарлайды Azattyq Ruhy.
«БЕРІЛ, НЕ ҚЫРЫЛ»
20 желтоқсанда Израиль Премьер-Министрі Беньямин Нетаньяху жаңа мәлімдеме жасады.
«Біз соғысты соңына дейін жалғастырамыз. Яғни, ХАМАС жойылғанға дейін – жеңіске жеткенше жалғасады. Бізді тоқтайды деп ойлайтын адам шындықтан алшақ. Алға қойған барлық мақсатқа жеткенше соғыс қимылдарын тоқтатпаймыз; ХАМАС-ты жою, кепілге алынған адамдарды босату және Газа секторынан келетін қауіпті жою – біздің мақсат. Біз ХАМАС-қа және Газа секторының аймағына аямастан шабуыл жасаймыз. Сондай-ақ олардың сыбайластарының да көзін жоямыз. Олардың тек екі мүмкіндігі бар: берілу, не қырылу», - деді Беньямин Нетаньяху жергілікті телеарналарға берген сұхбатында.
ГУМАНИТАРЛЫҚ ҮЗІЛІС КЕЙІНГЕ ҚАЛДЫРЫЛДЫ
20 желтоқсан күні, Газа секторындағы атысты тоқтату туралы келіссөздерін жүргізу үшін Мысырға ХАМАС көшбасшысының бірі Исмаил Хания келді. Анклав тұрғындары гуманитарлық үзілістен үмітті. Мысырдан басқа делдал – Қатар. Бұған дейін Израиль Президенті Ицхак Герцог кепілге алынған адамдарды босату үшін оның елі тағы бір гуманитарлық үзіліске дайын екенін айтқан еді.
БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесі араб елдері енгізген қарардың жобасы бойынша дауыс беруі керек еді. Мәтінде бейбіт тұрғындарға гуманитарлық көмек жеткізуді қамтамасыз ету үшін Газа секторындағы соғыс қимылдарын тоқтату туралы үндеу бар. Израиль мен ХАМАС арасындағы соғыс басталғаннан бері әрекетсіздігі үшін сынға алынған Қауіпсіздік кеңесі бірнеше күн бойы төрт беттік құжатты талқылады. Алайда, халықаралық қысымға қарамастан, БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесінде Газадағы атысты тоқтату туралы қарар бойынша дауыс беру АҚШ-тың өтініші бойынша қайтадан кейінге қалдырылды. Біріккен Араб Әмірліктері дайындаған қарар бастапқыда дүйсенбіде дауыс беруге жоспарланған болатын. Бірақ қақтығыс басталғаннан бері АҚШ-тың үшінші ветосын болдырмау үшін бірнеше рет кейінге қалдырылды. БҰҰ-ның Дүниежүзілік азық-түлік бағдарламасы Газа халқының көп бөлігі қиын немесе төтенше жағдайда екенін айтады. Адамдар аш халде.
ТУҒАНЫНА 3 КҮН БОЛҒАН БАЛА АМАН ҚАЛДЫ
20 желтоқсан күні Израиль әуе күштері Газа секторының шығысында орналасқан Рафак қаласына шабуыл жасады. Екі рет жасалған зымыран соққысынан кейін аман қалған тұрғынның бірі – Амин Әл Масри. Ол үйінді астынан туғанына 3-ақ тәулік болған шақалақ пен оның анасын аман алып шықты, деп хабарлайды reuters.com.
«Зымыран соққысынан кейін ғимараттың күлі көкке ұшты. Бізге ешнәрсе көрінбей қалды. Үш күн бұрын кесарь тілігі жасалған әйел мен шақалақ қыз баланы өзіммен бірге алып жүріп, үйінді астынан бірге аман шықтық», - дейді ол.
Газа секторының оңтүстігіндегі балалар, ЮНИСЕФ атап өткендей, тәулігіне бір жарым - екі литр суға ғана қол жеткізіп отыр. Бұл ішуге, тамақ дайындауға және гигиеналық процедураларға қажетті судың 10% ғана.
ЖҰҚПАЛЫ АУРУ ТАРАУЫ МҮМКІН
Мәселен, Газа секторындағы Рафак қаласының Кувейт ауруханасы науқастарға лық толы. Себебі, 270 мыңға жуық тұрғыны бар шаһарда бар болғаны 2 ірі аурухана мен бірнеше шағын медициналық орталық қана бар. Жаралылар саны күрт көбейген соң, ем-домға арналған медициналық жабдық та жетпей жатыр.
«Қақтығысқа дейін біз күніне 100-ге жуық науқасты қабылдасақ, қазір олардың саны 1000-нан асты. Яғни, 10 есе көп жұмыс істеу керек. Алайда біздің аурухана қызметкерлерінің саны тек 40-тан 160 адамға дейін өсті. Дәрігерлердің көз шырымын алуға уақыты жоқ. Бұл жағдайдан жұқпалы аурулардың таралу қаупі туындап отыр», - дейді Кувейт мамандандырылған ауруханасының директоры Джамал Хамс.
Санитарлық жағдай қиын. Бес жасқа дейінгі балаларда диарея жағдайлары көбейді. Желшешек пен тыныс алу жолдарының аурулары да өршіп тұр. Газа секторындағы баспаналарда әр 700 адамға бір дәретхана бар.
"Газаның барлық балалары тозақта және оларға берілген таңдау жоқ", - деді ЮНИСЕФ өкілі Джеймс Элдер.
Сонымен қатар, «Шекарасыз дәрігерлер» ұйымы Израильдің Газа секторына гуманитарлық көмек жіберуге шектеулеріне алаңдаушылық білдірді. Құқық қорғау ұйымдары бұл халықаралық құқыққа қайшы келеді деп мәлімдейді.
ҚАҚТЫҒЫС БАСТАЛҒАНЫНА 2 АЙДАН АСТЫ
ХАМАС баспасөз қызметінің мәлімдеуінше, Газа секторында Израиль шабуылдарынан қаза тапқан палестиналықтардың саны 20 мыңға жетті. Опат болғандардың 8 мыңға жуығы бала және 6200-і - әйел. 7 қазан күні басталған қақтығыс салдарынан 52 мыңнан астам адам жарақат алып, тағы 6700 тұрғын хабар-ошарсыз кетті. Жалпы алғанда, 310 медицина, 35 азаматтық қорғаныс қызметкері және 97 журналист қаза тапқан.