Атырау, 19 қараша 14:48
 бұлыңғыр боладыВ Атырау +2
$ 497.89
€ 525.12
₽ 5.00

Жетібайдағы ереуіл. Ахуал қайда апарып соғады?

Бейнежазба
1 287 просмотра

Жетібайдағы West Oil Software жұмысшылары 10 күннен бері ереуілдетіп  жатыр.  Талап біреу – жұмыскерлер мұнай компанияларына тұрақты жұмысқа орналасқысы келеді.  Аймақта мәселе қордаланып қалған. Ашынған бұқара  West Oil компаниясын  «ҚазМұнайГаздың»  мердігері Oil Transport corporation балансына алуды талап етіп отыр. Сонымен қатар, тозған  материалдық-техникалық базаны жаңғыртып,  бірыңғай төлем жүйесін енгізуді  көздейді. Осыған дейін «ҚазМұнайГаз» олардың талаптарын  орындамаған. Жұмысшылардың айтуынша, тіпті біразын  жұмыстан қудалаған. Алайда, жергілікті сот ереуілді  заңсыз деп танып,   оны арандататын әрекетке жатқызды. Мұның соңы неге апарып соғары беймәлім. Бұл туралы malim.kz хбарлайды.

Наразылықтың себебі. Сарапшылар не дейді? 

Елдің батыс аймақтарында еңбек дауларына қатысты мәселелер жиі көтеріледі. Мұның жөні бар, себебі кикілжіңнің соңы ішкі саяси дағдарысқа ұласуы әбден мүмкін. Сөзімізге «Жаңаөзен», «Қаңтар оқиғасы» дәлел. Қош, бірер апта бұрын Маңғыстау облысы, Жетібай кентіндегі West Oil Software компаниясының жұмысшылары басшылыққа наразылығын айтып жүргені туралы ақпарат тарады. Әйткенмен, әлі күнге дейін компания басшылығы мен жұмысшылар ымыраға келмеген тәрізді.

Еңбек дауына қатысты Energy Monitor қоғамдық қорының директоры Нұрлан Жұмағұловтың айтуынша, бұл жекеменшік компанияның негізгі жұмыс бағыты тасымалдаумен баланысты болып отыр.

– «West Oil Software компаниясында шамамен 530 жұмысшы еңбек етеді. Жекеменшік компанияның негізгі жұмыс бағыты тасымалдаумен баланысты. «Oil Transport Corporation» серіктестігінің «Маңғыстаумұнайгаз» АҚ екі кен орнында тасымалдау қызметін көрсетеді. Мұнда жұмысшылар басшылыққа бірнеше талап қойып отыр. Бірінші, жұмысшылар West Oil Software компаниясын «Қазмұнайгаз» компанияларының қатарына қосуды сұрады. Екінші, жұмысшылардың еңбекақысы «Қазмұнайгаз» компаниясының бірыңғай еңбек шарты бойынша төленсін делінген. Үшінші, техникаларды жаңарту мәселесін көтерді. «Қазмұнайгаз» компаниясы алғашқы екі талапты орындау мүмкін емесін бірден айтты. Ал техникаларды жаңарту мәселесін компания кезең-кезеңімен реттеуге келісіп отыр. West Oil Software компаниясының жұмысшылары алатын жалақысы (шамамен 700 мың) «Oil Transport Corporation» компаниясының жұмысшыларының табысынан (шамамен 1 млн) төмен. Бірақ, жұмысшылар әлі күнге дейін қойған талабынан қайтпай отыр», – дейді Нұрлан Жұмағұлов.

Н. Жұмағұлов: Мұнай компанияларына кіруге  9-10 мың адам кезекте тұр

Жетібайдағы еңбек дауына қатысты наразылық созылып барады. Мұнайшылардың талабын орындау мүмкін бе, әлде қисынға келмей ме? Energy Monitor қоғамдық қорының директоры Нұрлан Жұмағұловтың пікірінше, аталған ахуалдың дәл қазір шешілетін түрі жоқ. «Жетібай кентіндегі West Oil Software компанясында еңбек ететін мұнайшылардың «Қазмұнайгаз» компаниясының қатарына қосылу туралы талабын орындау мүмкін емес секілді. «Себебі, бір Маңғыстаудың өзінде «Маңғыстаумұнайгаз», «Өзенмұнайгаз» компаниялары бар. Сонымен қатар өңірде мұнай саласына қызмет көрсететін оншақты компания бар. Жеке компаниялар жеткілікті. Егер осының барлығы бір мезетте «Қазмұнайгаз» компаниясының қатарына қосылуды сұраса, бұл мәселенің оңтайлы шешімі болмайды. Мұның салдарынан Маңғыстаудағы мұнай компаниялары банкротқа ұшырауы мүмкін. Мұнда ірі мұнай компанияларына көбіне саладағы шағын компаниялар қызмет көрсететінін түсіну керек. Бұл әлем елдеріне және бізге де тән қағида. Белгілі бір компанияларда жұмыс ауқымы төмендеген соң, жұмысшылар уақытымен  қызметтен босап жатады. Бұл қалыпты құбылыс. Еліміздегі басқа да ірі компанияларда мұндай өзгерістер болып жатыр. Тұрғындар осыны түсіну керек», – дейді Н. Жұмағұлов.

West Oil Software мұнай компаниясының жұмысшылары жалақыны 700,000-нан 1,5 млн теңгеге арттыруды талап етіп отыр. Дегенмен, сарапшылар жетібайлықтардың бірыңғай төлем жүйесіне көшу туралы талабын заңсыз санайды.  Айтуынша, жекеменшік кәсіпорын басшылығы жалақы мәселелерімен айналысуы мүмкін. Алайда мемлекет дербес меншік иелерінің проблемаларын шешуге міндетті емес. Егер мемлекет араласатын болса, бұрынғы түйткілдер қайталанып,  басқа кәсіпорындар да сол кепті киіп,  заңсыздыққа жол береді. 

Заңгер: Ереуілшілерді Жетібайдан  «ҚазМұнайгазға» ауыстыру мүмкін емес

Заңгер Серік Беркамалов

Ал заңгер Серік Беркамалов ереуілшілердің  заңды  қайта қарауды талап еткеніне екпін түсіріп отыр. Оның пікірінше, жекеден мемлекетке көшу мүмкін емес. Бұл ретте сарапшы  ереуілге шыққан жұмысшылар басқаларға, оның ішінде мұнайшылардың жағдайына бас қатырып отырған жоқтығын айтады. Яғни  олар өз мүддесін өзгелерден жоғары қояды, шындығына келгенде көбінің көздегені -  «ҚазМұнайГаз». Бәрі қауқарлы кәсіпорынға жұмысқа орналасу үшін кезекте тұрғандар.

Сарапшы мамандардың сөзіне сенсек, дәрігерлер, педагогтар, коммуналдық қызметкерлер  заңсыз ереуілдерге шықпайды, бірақ өздерінің кәсіби міндеттерін адал орындайды. Егер мемлекет жаңаөзендік мұнайшылар қит еткен сайын айтқанына еріп, айдауына көне берсе басқа мамандықтың адамдары да жөнсіз бас көтеріп, жұмыс берушілерін бопсалауды әдетке айналдыруы мүмкін.

Қазір елдегі орташа жалақы 400 мың теңге шамасында. Мұнайшылардың жалақысы бұл көрсеткіштен әлдеқайда көп. Болжамдарға сәйкес, жетібайлықтардың жалақыны 2 миллион теңгеге дейін көтеру туралы талабы тек экономикалық және өндірістік бопсалау ғана емес.  Сонымен қатар, ереуілшілердің артында ел ішіне іріткі салатын  үшінші күш тұруы мүмкін.

Түптеп келгенде арандатушылардың әрекетінен жапа шегетін қараша халық.  Бұл жағдай жұмысшылардың қажеттіліктерін өтейтін бопсалау технологиясына ұқсас. Осының салдарынан кәсіпорын  мәжбүрлі түрде банкротқа ұшырап, жабылып тынуы мүмкін.  Бұл өз кезегінде  мыңдаған адамның жұмыссыз қалуына әкеп соғуы ықтимал!


21 желтоқсан 2023, 12:12

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.