Атырау, 23 желтоқсан 18:35
 бұлттыВ Атырау -3
$ 523.86
€ 544.34
₽ 5.11

Атырау драма театры үш тілде сөйлейді

12 768 просмотра

Соңғы кездері елімізде театрларды жекешелендіру туралы әңгіме тарап еді. Әрине, бұл жаңалықтың театрға жаны ашитын азаматтар мен театр саласында жүрген өнер өкілдеріне жайсыз тигені рас. Біз осы да өзге мәселелерге қатысты сауалдарды облыстық Махамбет Өтемісұлы атындағы қазақ драма театрының директоры Берік ЖӘМЕНОВКЕ жолдап көрдік.

 - Берік Қилекешұлы, жақында театрды жекешелендіру туралы әңгіме қозғалып еді? Сіз бұған не дейсіз?

- Ондай әңгімені естігенім жоқ. Олай болмайды. Өнер жекешеленбейтін дүние ғой. Бірақ, бай-бағландар ұстап тұрған жекеменшік театрлар бар. Өнер – халықтың қазынасы. Соның ішінде театр – мәдениеттің нағыз жүрегі. Біздер балалармен де, жастармен де жұмыс істейміз. Театр мәдениеті өте жоғары. Қазақ елінің мәдениеті, тілін, ұлттық дәстүрін мойындататын да театр.

- Атыраудағы театрдың бүгінгі проблемасы қандай?

- Тоқырау заманы кезіндегі проблема жалғыз бұл театрда болған жоқ. Бәрінде де болды проблема. Бірақ, қазіргі кезде проблема жоқ. Қазір жұмыс жасайтын адам керек. Құдайға шүкір, қазір бәрі бар. Материалдық жағынан да базасы жеткілікті. Бізге енді жоқ деп айтуға болмайды. Бұрын жас актерлар жоқ дедік. Қазір театр жас әртістермен толықты. Енді оларды әрімен қарай алып кететін режиссер. Бүгінгі таңда екі жұмадай болды, бас режиссердің қызметіне Алматыдан Асылбек Ихсанов келді. Кешегі күні Қазақстанға белгілі режиссер Жанат Ходжиевті алдырттық. Ол кісі де біздің театрда үлкен қойылым қою үстінде. Ол қойылым - жазушы-драматург Рахымжан Отарбаевтың «Мұстафа Шоқай» пьесасының желісінде дайындалып жатыр. Біздің театрда қазір жас режиссер Жанат Телтаев еңбек атқаруда. Өрісі кең жас, болашағынан үлкен үміт күттіретін үлкен режиссер. Сәуір айының 5-6-сы күндері оның сахналаған «Тұңғыш ұлым» атты спектаклінің премьерасы болады.

- Сіз қазір театрға бас режиссер ретінде Асылбек Ихсановтың келгенін айттыңыз. Оған дейін соңғы кездері бұл театрда бас режиссерлар тұрақтамай жүрді. Ол неліктен деп ойлайсыз?

- Жоқ, ол мәселе тұрақтамауда емес. Бізде көркемдік жетекші болды. Бас режиссер де болды. Мен театрға басшы ретінде 2009 жылы келдім. Содан бері қарай бас режиссердің жұмыс орны бос тұрды. 2007 жылы режиссер Тілеген Ахметов көркемдік жетекші әрі бас режиссердің қызметін атқарды. Қазір бас режиссеріміз келді. Біз енді үлкен тірлік жасағанымыз – шығармашылық тәжірибе алмасу ретінде талантты режиссерларды спектакль қою үшін өңірлерден алдыртып жүрміз. Әлі де алдырамыз. Бұл жас әртістердің өнердегі кеңістігін ашу үшін қажет. Тұрақты бас режиссердің болғаны жақсы. Бұл енді әртістермен тығыз байланыста жұмыс істейтін адам ғой. Олардың жүріс-тұрысы мен қимылын басты назарда ұстап, репертуар таңдау – бас режиссердің міндеті.

- Өңірімізге белгілі өнер иесі Мереке Ғұмаров ағай театр басшысы болып тұрғанда, бұл қазақ драма театрының музыкалық театр болуы керектігі жөнінде айтылыпты...

- Бұл енді жетпістің үстіндегі тарихы бар қазақ драма театры ғой. Музыкалық театр қылуға болады. Оған қазір жастар да бар. Бірақ, драмаға одан артық күш кетеді.

- Сіз жақында спектакльдер үш тілде жүретінін айтып едіңіз. Қойылымдардың орыс тілі мен ағылшын тіліндегі синхронды аудармасыболады дегендей әңгіме шығып еді.

- Қазіргі күнде спектакльдердің бәрін аударып жатырмыз. Көрермен залына аударма апаратын қою үлкен жоспарда бар. Содан кейін қазақ тілінен орыс тіліне аудару оңай да, ағылшын тіліне әдеби тілді аударудың өзі маманның тапшылығы болса керек, қиын екен. Негізі біз аудармашыларға тапсырыс бердік. Оны аударып болған соң да, дауыстап оқып отыратын шетел тілінің арнайы маманы керек. Ол ойымыз да іске асады деген үміттеміз. Болашақтың еншісіндегі нәрсе.

- Әңгімеңізге рахмет!  

Сұхбатты жүргізген Айнұр АСЫЛБЕКҚЫЗЫ

30 наурыз 2011, 22:11

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.