Атырау, 25 қараша 17:23
 ашықВ Атырау -4
$ 498.34
€ 519.72
₽ 4.85

Мұз секілді еріп кеткен ақшалар

5 677 просмотра

Жақын арада дүкеннен тауық етін сатып алдым. Үйге келіп, пакетті ашқан кезде тауық етінен бір кесек мұз шықты. Өз тәжірибемді жасаған соң, дүкендерден қатырылған өнімдерді алған кезде, қарапайым мұзды қанша ақшаға сатып алатынымызды есептеп шығардым. Тәжірибеге қатырылған тауық еті, балық, асшаян, жаңадан қатырылған саңырауқұлақ пен құлпынайды алдым.   

БАЛЫҚ СУСЫЗ БОЛМАЙДЫ

Тәжірибе үшін супермаркеттің тоңазытқыш камерасынан келісі 1600 теңге тұратын қатты қатырылған көксеркенің жон етін сатып алдым. Мен таңдап алған кесектің салмағы 182 гр болып, 291 теңгеге шықты. Жібіткен кезде көксеркенің жон еті балық тіліміне мүлдем ұқсамайтын өзгеше нәрсеге айналды. Жібіген кезде алынған сұйықтықты төгіп тастағанда балықтың 129 гр болғанын анықтадым, бұл 53 гр-ға (29 пайызға) аз. Сонда мен су үшін 84 теңге төлеген екенмін.

Қатырылған сазанның келісі 600 теңге тұрады. 386 гр тұратын кесегін 231 теңгеге сатып алдым. Жібітілгеннен кейін сазан 97 гр-ға (25,1 пайызға) жеңілдеп қалып, 289 гр болды. Мұз үшін 58 теңге артық ақша төлеппін.

Енді асшаянның кезегі. Олар суға айналған мұздың көлемі бойынша нағыз рекордшылар болды. Асшаянның келісі 1205 теңге тұрады. Дүкендегі қатырылған асшаянның бөлігі 306 гр болды, бұл 368 теңге. Жібіткеннен кейін мен жарты стакандай суды төгіп тастадым, асшаян 158 гр-ға (51,6 пайызға) жеңілдеп қалды. Асшаянмен бірге сатылған мұз үшін 190 теңге жұмсаппын.

Ресей Федерациясында биылғы жылдың 1 қазанынан бастап қатырылған балық өнімдерін өткізудің жаңа санитарлық нормалары күшіне енгендігін айта кеткен жөн. Олар сатушыларға қатырылған балық өнімдерінің салмағын үштен біріне дейін көбейтуге мүмкіндік беретін осы тәсілдерді қолдануға тиым салған.

Енді көршілерде Кедендік одақ бойынша мұздатылған балықтағы мұздың салмағы өнімнің жалпы салмағының 5 пайызынан аспауы тиіс. Асшаяндарда мұз 6 пайыздан, ал басқа судағы омыртқасыздар мен су сүтқоректілерінде 8 пайыздан аспауы тиіс. Ал бізде ше? Өткен жылы Қазақстанда «Балық және балық өнімдерінің қауіпсіздігіне қойылатын талаптар» техникалық регламенті қабылданды. Бұл құжатта «мұздатылған өнімде таза салмағын арнайы қорғаныс қабаты мен әшекейлерінің салмағын есептемей көрсету керек. Әшекейлердің немесе қорғаныс қабатының салмақтық үлесі бөлек көрсетілуі тиіс» деп жазылған. Тәжірибе көрсетіп отырғандай, бұл тармақты біздің сатушыларымыз сақтамайды. Алайда, өкінішке орай, регламенттен бізге балық өнімдерімен бірге қанша мұз сатылуы керек екендігі туралы ақпаратты таба алмадым.

ШПРИЦТЕР ДЕ АТСАЛЫСАДЫ

Сонымен, жаңадан қатырылған тауық етіне де кезек келді. Бір келісінің құны 540 теңге. Тауық еті 1 келі 244 гр-ға шығып, ол үшін 671 теңге төледім. Жібітілгеннен кейін ыдыста әжептәуір мөлшерде қызғылт түсті сұйықтық жиналып қалды. Таразы тауық етінің 186 гр-ға (15 пайызға) жеңілдеп қалғанын көрсетті. Мұз үшін 100 теңге артық ақша төлеппін.

Материалды дайындау барысында бұрын супермаркеттерде жұмыс жасаған адамдардан мұздатылған өнімдерге салмақ қосудың бірнеше тәсілдері белгілі болды. Мәселен, тауық етін суға салып қояды, осылайша су сіңірген ет қатырылған кезде анағұрлым ауыр болады екен. Тауық етін кәдуілгі медициналық шприцпен су жіберу арқылы ауырлатуға болады. Қатырылған құс еті, әдетте, дүкендерде қалташықтарға оралған. Мұзбен бірге сатушылар тауық аяқтары салынған пакеттерге салмақ қосу үшін май кесегін де қосады, ал тауық етін дайындау кезінде асүйдің қожайындары осынау сары түсті «игілікті» қоқыс шелегіне лақтыра салады.

ҚҰЛПЫНАЙ ДА БАСҚАЛАРДЫҢ КЕБІН КИДІ

Жаңадан қатырылған саңырауқұлақтар мен құлпынайға келейік. Тәжірибе үшін өлшенетін жаңадан қатырылған 300 гр шампиньонды сатып алдым. Осындай саңырауқұлақтың келісі 700 теңге тұрады. Жібітілгеннен кейін саңырауқұлақ салынған ыдыста аянышты көрініс орын алды. Саңырауқұлаққа қарағанда қоңырқай түсті сұйықтық көп шықты. Нәтижесінде саңырауқұлақ екі еседей дерлік жеңілдеп қалды. Бұған жүз теңге артық ақша төленген.

Жібітілгеннен кейін құлпынай да саңырауқұлақтың кебін киді. Жағымды құлпынай иісі шыққан бұлдыр-қызғылт суды раковинаға төгіп тастауға тура келді. Ал осы сұйықтық үшін екі жүз теңгедей артық ақша жұмсалыпты.

Бұл жерде де саудагерлердің қарапайым құпиялары іске асқан. Жаңадан қатырылған көкөністер мен жидектерге су құяды екен. Қатырылған кезде ол өнімнің салмағын ауырлатып жібереді.

ҚОРЫТЫНДЫ: СОМАНЫҢ ҮШТЕН БІР БӨЛІГІ ДАЛАҒА ТӨГІЛДІ

Енді шығындарымызды есептейік. Дүкенге біздің қарапайым тәжірибемізге алынған өнімдер үшін 2166 теңге төледім. Өнімдермен қоса есептелген мұз үшін 732 теңге (жалпы соманың 33,8 пайызы) ақшам текке кетіпті. Осы ақшаға не  нәрсе сатып алуға болар еді – бұл басқа мәселе. Алайда осы жағдайда олар тектен текке канализацияға төгіліп кетті.

Тамара Сухомлинова

Суретті түсірген автор

8 желтоқсан 2010, 00:00

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.