Жыл басынан бері Атырау облысында отбасылық-тұрмыстық жанжал негізіндегі 5778 құқық бұзушылық тіркелген.
Оның ішінде, ар-намысына тиетін сөздер айту, қорлап тиісу, кемсіту (2189), көрінеу жеңіл дене жарақатын салу (331), ұрып соғу, дене жарақатын салу (1108). Тұрмыстық қарым-қатынас аясында құқық бұзып, әкімшілік тәртіппен ұсталғандарға Атырау облысы ПД арнайы-қабылдау орнында шілде айынан бері психологиялық көмек көрсетіледі. Психолог-маман Ақмарал ШАРИПОВА ішімдікке салынған, өмірлік қиын жағдайларға тап болған және отбасылық жағдайы төмен адамдарға консультация беру жұмыстарын жүргізуде.
Психолог кабинеті іске қосылғалы тәртіп сақшылары мамандармен бірлесіп 105 адаммен жұмыс жасаса, оның 25-і қалыпты жағдайға келіп, қазіргі уақытта 3 адам әлі мамандардан көмек алуда.
Кеңес беру негізінен жеке және топтық сеанс болып екі кезеңде аптаның дүйсенбі, сәрсенбі және жұма күндері өткізіледі.
Отбасындағы тұрмыстық зорлық-зомбылықтың алдын-алу бағытында Атырау облысы ПД Жергілікті полиция қызметі басқармасы Әйелдерді зорлық-зомбылықтан қорғау тобының ерекше тапсырмалар жөніндегі аға инспекторы Райса АЙТЖАНОВА облыс әкімдігі жанындағы әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі комиссиямен бірлесіп, әртүрлі бағытта іс-шаралар, семинар, тренингтер де өткізеді.
- Топтық сеанс өткізгенге қарағанда, жеке кеңес алған тиімдірек. Себебі, жеке тұлға ретінде арнайы сұрақтарға жауап беру кезінде өзге адамдар алдында ашылу қиынға соғады. Психолог кабинетінің ашылуы әлеуметтік топтар үшін тиімдірек. Көп жағдайда психолог кабинетіне ер адамдар келеді. Олар бірнеше күн түрмеде немесе камерада жатып шыққан, үстерінен арыз жазылып, уақытша қамауға алынғандықтан олармен қарым-қатынас ұстау өте қиын болып келеді. Ашылып сөйлеспеуі, тұйықтығы және барлық нәрсеге бәрібір деп мән бермей қарауы қиын. Жұмыстың күрделілігіне қарамастан жақсы нәтиже көрсетуде.
Мәселен, қабылдауға келген бір тұлға өз әйелімен араздасып, үйге бармас үшін уақытын осы жақта өткізгенін айтты. Содан кейін сол тұлғаның қатысуымен отбасылық құндылықтар тақырыбында өткен топтық сеанстан кейін ол бірнеше жыл ішімдікке салынып, отбасын бағаламағанына өкінетінін білдірді,-дейді психолог маман А.Шарипова.
Қазіргі таңда республика көлемінде «Зорлық-зомбылыққа қарсы 16 күн белсенділік акциясы» өтуде. Акцияның негізгі мақсаты - көпшілікке әйелдерге қатысты зорлық-зомбылықты ескертуге, алдын алуға, ана мен баланы қорғауға, қоғамдағы отбасының рөлін күшейтуге қабылданып жатқан шаралармен таныстыру.
Дайындаған Ләззат ҚАРАЖАНОВА
ПД жолдаған сурет