Биыл «28 ілмек» атыраулық қайырымдылық ұйымының волонтерлері қалалық перинаталдық перзентханаларға салмағы 500 грамнан 2 келіге дейін туған сәбилер үшін мыңнан астам тоқылған бас киімдер, пинеткалар мен жейделерді сыйға тартты.
Тоқымашылар кішкентай нәрестелерді ешқашан көріп, білмесе де клубтағы 50 шақты әйел оның қажеті де жоқ екеніне сенімді. 28 ілмекпен (жаңа туған нәрестенің пинеткасы үшін осынша ілмек керек) тоқыған кезде жаңа туған кішкентай адамға жылулық пен қамқорлық сыйлайтыныңызды және тіпті оның нәзік өмірін сақтап қалатыныңызды білу жеткілікті.
Тоқылған киім киген тұңғыш бала биыл 11 жасқа толды. Қайырымдылық қоғамдастықтың құрылып, содан бері мүшелерінің шала туған сәбилерге киім тоқып, перинаталдық орталықтарға тегін табыстап жүргеніне осынша жыл болған. Шеберлер өздерін перизатпыз деп атайды.
Атыраулық перизаттар шақалақтарға киімнен бөлек, ашық түсті «сегізаяқтар» тоқиды. Бұлар анасының кіндігін еске түсіреді: жұмсақ мақта ойыншығын саусақтарымен ұстаған кезде, олар тынышталады. Бұл неонатологтарға да көмек. Сәбилер өздері үшін маңызды дәрі тамызғыштар мен зондтарды қозғап тастамайды.
«28 ілмек. Атырау» клубының үйлестірушісі Валентина ВЕРЦАННЫҢ айтуынша, ол сәбилерге арналған тоқыма тоқуды Ақтауда үйренген, бірақ ол кезде біздің қалада клуб ашылған болатын.
«Атырауға келгенде туған жерімнен өзіммен пікірлес жандарды таптым, уақыт өте келе тәлімгер болып, клуб үйлестірушісі ретінде еріктілермен тоқуды жалғастырдым, - дейді Валентина. –Біздің жұмыс істейтін орынжайымыз бар, айына бір рет барлық дайын бұйымдарды жинап, облыстық, қалалық перзентханалардың перинаталдық орталығына тапсырамыз. Перзентханадан шыққаннан кейін дәрігерлер жас аналарға да осындай бұйымдарды тарту етеді. Осылайша, бұл игі іске көп адам атсалысуда».
Халқымыз ежелден жаңа туған сәбиге жылулықтың қаншалықты қажет екенін білген. Ең әлжуаздарын қой терісінен тігілген әкесінің тымағына салып бағатын. Заманауи медицина да таза табиғи жүнді қолданғанды құптайды. Ол нәрестені жылы ұстап қана қоймай, олардың тыныс алуына көмектеседі: талшықтар нәресте терісіндегі жүйке рецепторларына әсер етеді, әрі оның пайдасы орасан зор.
«Үйлестіруші болып жұмыс істеп жүрген кезде, 3 жылға жуық уақыт ішінде нәрестелерге арналған 4 мыңға жуық жиынтық жасалды, - деп сөзін жалғастырды В.Верцан. – Осы уақыт ішінде салмағы 500 грамнан 2 келіге дейін шала туылған 1200-ден астам бала перзентханадан шығарылды. Бұл ғажайып емес пе?»
Перизаттардың арасында әжелер ғана емес, жасөспірім қыздар, тіпті ұлдар да бар екен.
Қалима СҰПАҒАЛИЕВА клуб жөнінде кездейсоқ білген. Әйел тек тоқыма тоқып қана қоймай, қаржылай көмек көрсетіп, мүмкіндігінше демеушілер тартып жүр. «Клубқа кез келген жіп емес, 100% жүннен жасалған жіп үнемі қажет. Оны сатып алуға кез келген тоқымашының мүмкіндігі бола бермейді, - дейді Қалима апа. - Көбіміз аз ғана зейнетақыға күн көріп жатырмыз. Сондықтан біздің ісімізге қосқан кез келген үлестің өзі үлкен көмек болады».
Айтпақшы, Қалима апаның өзі жақында ғана әже атанды. Оның егіз немересі шала туылған. Бағына орай, апайға қол ұшын берді: қазір сәбилер қолдан тоқылған киімді киіп, едәуір қатайып қалған.
Клубтағы қыздардың бірі небәрі 14 жаста. Инабад жақында отбасымен Оралға көшіп кетті. Анасы Жадырамен бірге сегізаяқ тоқып, әр жолы оларды әр түрлі, ашық түсті, әдемі етіп жасауға тырысады: Атырауға бара жатқандарға жолай дайын бұйымдарды беріп жібереді.
Олардың арасында Гүлнар БОТАБАЕВА есімді перизат та бар. Тоқуды 10 жылдан астам уақыт бұрын бастаған ол Түркияға тұрақты көшіп кеткеннен кейін де кәсібін тастамай, тоқыған бұйымдарын пошта арқылы жібереді.
Зинаида Ивановна «28 ілмек» клубы туралы алғаш рет 2 жыл бұрын «Гурьевчанка» хорындағы әріптесінен білген.
«Мен бірден клуб мүшелерімен кездесіп, шала туылған нәрестелерге тоқыма тоқып бергім келді, - дейді әнші. - Жас кезімнен тоқуды білемін. Клубтағылар мені өте жылы қарсы алды, қалай және не тоқу керектігін түсіндірді: қазір айына 5 жиынтық тоқып жүрмін. Сүйіспеншілікпен тоқылған бұл киімдердің шақалақтарды жылытып жүретінін білудің өзі қандай бақыт екенін білсеңіз ғой. Жинақтарды сыйға тартқанда, мен олармен бірге: «Аман-есен, денің сау, бақытты бала боп өсіп кет. Мен сені жақсы көремін!» деген тілегімді де ойша жеткіземін.
P.S. Оқырмандарымыз да мейірімді перизатқа немесе сиқыршыға айналып, бұйымдар тоқып, осы игі іске өз үлестерін қоса алады. Сондай-ақ тоқыма жіп сатып алу арқылы қаржылай көмектесуге болады. Ол үшін club28petel_atyrau Instagram аккаунты арқылы клуб үйлестірушісіне хабарласу қажет.
Анастасия ШЕРСТЯНКИНА
«28 ілмек. Атырау» клубы ұсынған суреттер