Атырау, 21 қараша 23:47
 ашықВ Атырау +4
$ 495.20
€ 522.34
₽ 4.94

Атырау облысында қызылша ауруының 940 жағдайы тіркелді

932 просмотра

Елде қызылшамен сырқаттанушылықтың күрт өсуі екпе алмаған балаларға байланысты, олардың үлесі ауырған балалар санының 84%-ын немесе 9216 жағдайды құрады, деп мәлімдеді ҚР Денсаулық сақтау министрлігі Санитариялық-эпидемиологиялық бақылау комитеті төрағасының орынбасары Зәуре АХМЕТОВА ОКҚ-да өткен сараптамалық брифингте. 

2023 жылдың басынан бері ҚР-да қызылшаның 13103 жағдайы тіркелді, оның ішінде 83% (10864) 14 жасқа дейінгі балалар, 2,9% (385) жасөспірімдер, 14,1% (1854) ересектер арасында. Қызылшамен ауырғандар барлық өңірде тіркелді, жоғары деңгей Шымкентте (2283), Алматы қаласында (2217), Жамбылда (1605), Алматы облысында (1215), Атырау облысында (940) жағдай байқалады. 

Еліміздің 727 мектебінде қызылшамен ауырудың 1444 жағдайы тіркелген. Бұл ретте алғашқы 72 сағат ішінде эпидемиологиялық көрсетілімдер бойынша 2 565 байланыста болған адам егілді, 1552 ата-ана балаларын егуден бас тартты, 538 баланың вакцинацияға медициналық қарсы көрсетілімі бар. 

Мектепке дейінгі мекемелердегі жағдай келесідей: 1083 балалардың мектепке дейінгі мекемесінде 1690 жағдай тіркеліп, ошақтарда эпидемиологиялық көрсетілім бойынша 1469 байланыста болған адам егілді, 1,5 мың бала вакцинациядан бас тартуға байланысты егілген жоқ, 936 балада медициналық қарсы көрсетілім бар.    

Ошақтарда жедел вакцинация егілмеген адамдарды инфекциядан уақтылы қорғау және инфекцияның одан әрі таралуын болдырмау мақсатында науқаспен соңғы байланыста болған кезден бастап алғашқы 72 сағат ішінде жүргізіледі. 

Қазіргі уақытта балалардың ата-аналары арасында, сондай-ақ қызылшамен ауырған адаммен байланыста болған 30 жасқа дейінгі адамдар арасында эпидемиологиялық көрсетілімдер бойынша вакцинациядан бас тарту орын алып жатыр.

Бұл тенденция қызылшамен ауырғандар арасында да байқалады, ауру жұқтырған балалардың 60%-да вакцинациядан бас тартуына байланысты, 18%-да – медициналық көрсетілімге байланысты, 22%-да – вакцинация жасына жетпеуіне байланысты жоспарлы екпе салынбаған. 

Қызылша жағдайын тұрақтандыру мақсатында келесі профилактикалық және эпидемияға қарсы іс-шаралар жүргізілуде: 

- қызылшаға қарсы жоспарлы егу және 30 жасқа дейінгі егілмеген байланыста болған адамдарды ауру ошақтарында егу жалғасуда (8,5 мың адам); 

- 18 жасқа дейінгі балаларды толыққанды вакцинациялау (57,4 мыңнан астам бала егілді); 

- 90%-дан кем емес екпемен қамтудың шекті деңгейін ескере отырып, балалардың мектепке дейінгі мекемелерге қабылдануын қадағалау; 

- денсаулық сақтаудың барлық деңгейінде тұрғындарға ақпараттық-түсіндіру жұмыстары жүргізілуде. 

Қызылшамен ауырғандардың 65%-дан астамын  5 жасқа дейінгі балалар құрап отыр. Сондықтан қызылшаның одан әрі таралуын болдырмау үшін 6 айдан бастап 10 ай 29 күнге дейінгі балаларды қосымша жаппай вакцинациялау енгізілді. 

Қазақстанда вакцинация үшін «Serum Institute of India» шығарған қызылшаға, қызамыққа және паротитке қарсы аралас вакцина қолданылады. Бұл вакцинаның өндірісі ДДҰ-ның қайта бағалауынан өткен, өндірілетін вакциналардың сапасы мен қауіпсіздігіне кепілдік беріледі.

10 қарашадағы жағдай бойынша қосымша иммундаумен 14463 бала қамтылды. 

«Айта кету керек, республикада қызылшаға, қызамыққа және паротитке қарсы вакцинаның 370 мыңнан астам дозасы бар. Қызылшаға қарсы вакцина 60 жыл бойы қолданылып келеді, вакцина қауіпсіз және аурудың өршуінің алдын алу үшін тиімді», – деді спикер.  

Сондай-ақ оның айтуынша, қызылша бойынша қазіргі эпидемиологиялық жағдайды ескере отырып, 500 мың доза көлемінде қызылшаға, қызамыққа және паротитке қарсы вакцинаның қосымша көлемі сатып алынды, ол қараша айының екінші жартысында жеткізілетін болады. Бұл вакцина тиісті контингенттерді қосымша жаппай иммундауды жалғастыруға мүмкіндік береді. 

Бұған қоса, биылғы жылдың желтоқсан айынан бастап 2 жастан бастап 4 жасқа толған балаларды қосымша жаппай иммундау және 6 айға толған балаларды қосымша иммундауды одан әрі жалғастыру жоспарлануда. Осы мақсатта вакцинаның 1 млн дозасының жеткізілуі күтілуде.

11 қараша 2023, 16:09

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.