Балалық шақтары 60-жылдары КСРО-да өткен біздің қатарларымыздың өмірде жолы болды деп айтуға болады: ғарыш дәуірінің басталуы, хрущевтік «жылынумен» байланыстырылатын қоғамның рухани және шығармашылық өрлеуі осы кезде бастау алған. Ойын-сауықтың ең әйгілісі киноға бару болды және жастардың бәрі спортпен шұғылданатын. Осы 60-жылдарда аула және көше командаларына, мектеп жасындағы балалар мен жасөспірімдерге өз өнерлерін көрсетуге мүмкіндік берген Бүкілодақтық «Былғары доп» футбол турнирі ұйымдастырылды. Гурьевтегі осы қозғалыстың негізін салушы Роман Тхоирович Ли (суретте) болатын.
Болмысынан оптимист, жайлы, жауапкершілігі мол, үлкен өмірлік қуаты бар, өз ісін білетін және жанындай сүйетін ол өз айналасына бастапқыда балалар-жасөспірімдердің, біртіндеп келе облыстың бүкіл футболын біріктіре білді. Мыңдаған балалар бұл ойынға тартылды. Оларда өздерін бір көшеге немесе бүкіл қалаға танымал ету мүмкіндіктері пайда болды, ал бұл үшін оларға жүлделі орынға ие болып немесе турнирдің үздік сұрмергені атанып, тіпті бір ойында көзге түсулері керек еді. Әр жас топтарында үздік шабуылшылар, қорғаушылар, жартылай қорғаушылар анықталды. Бұл балалар әйгілі, қатарлары арасында көшбасшы болды, оларға қалған жастар ұқсауға, теңесуге тырысатын. Әрине, қаланың әр ауданында: Жилгородок, Ет комбинаты, Маслопром, Балықшы, Аэропорт жақта тұратын балалардың жұлдыздары жанды.
Республикалық ойындарға дайындықтар, қосымша жаттығулар, ойын комбинацияларын дайындау – кіммен қалай ойнау керек, стандартты жағдайлардағы әрекеттерге машықтану сәттері есімізде жақсы сақталған. Ойындар көбіне Алматыда, Шымкентте, Жамбылда өткізілетін. Бұл қалалар Қазақстан футболының орталықтары деп есептелетін. Роман Ли республиканың футбол зиялылары арасында бірден беделге ие болды.
Мен оның шәкірттерінің аттарын атамаймын, өйткені, біріншіден, ешкімді бөле-жарғым келмейді, екіншіден, мыңдаған адамның атын атау мүмкін емес. Сондай-ақ, балалар футболымен ол жалғыз шұғылданған жоқ. Көмекшілері, спорттық ұйымдар, қалалық білім бөлімі, комсомол басшылары тұлғасында кураторлары болды. Алайда осы Роман Тхоирович футболымыздың дәстүрлері мен рухы қалыптасуына мұрындық болды десек, қателеспейміз.
Оның балалар хоккейінің дамуына қосқан үлесі де ұшан-теңіз: ондаған жылдар бойы «Алтын шайба» клубының жүлдесіне турнирлер ұйымдастырды. Оқушылар спартакиадасы, ауылдық спартакиада, қала мен облыс біріншіліктері, республикалық жарыстарға қатысу... Бұл тізімді соза беруге болады. Ал егер тәптіштеп жазатын болсақ, біртұтас кітап боларлық дүние. Тағы бір сәт: биыл Атырау футболы ардагерлерінің қозғалысы өздерінің 30 жылдықтарын тойлайды, ал осы қозғалыстың бастау көзінде Роман Тхоирович Лидің орны ерекше.
Үстіміздегі жылдың тамызында Роман Тхоирович 70 жасқа толады. Облыстық футбол федерациясы мен облыстық спорт басқармасы бұл мерейтойды аяқасты етпей, жоғары деңгейде атап өтсе, дұрыс болар еді.
Х. Джамалетдинов,
РЖҒА-ның мүшесі, педагогика ғылымдарының докторы