Атырау, 21 қараша 23:29
 ашықВ Атырау +4
$ 495.20
€ 522.34
₽ 4.94

Атырау облысында эхинококкоз ауруының 9 жағдайы тіркелді

884 просмотра
Википедиядан алынған сурет

Атырау облысында соңғы екі жылда эхинококкоз ауруының өсуі байқалады. Осы жылдың 9 айында 9 жағдай тіркелсе, оның ішінде 14 жасқа дейін балалар арасында 3 жағдайы тіркеліп отыр. Өткен жылдың осы мерзімінде 6 жағдай, оның ішінде 14 жасқа дейін балалар арасында 1 жағдайы тіркелген. Бұл туралы Атырау облысы СЭБ департаменті инфекциялық және паразитариялық ауруларды эпидемиологиялық  қадағалау  бөлімінің бас маманы Жайнагүл ӨТЕПҚАЛИЕВА мәлім етті.

- Аурудың негiзгi көзi - иттер, сирек жағдайда төбет тұқымдастар болып табылады (қасқырлар, шибөрiлер, сiлеусiндер, мысықтар). Олар эхинококкозбен зақымданған үй және жабайы жануарларды жеу кезінде ауруды жұқтырады. Эхинококкоздың клиникасы эхинококкты сары сулы iсiктiң орналасқан жерiне (бауыр, өкпе, көкбауыр және т.б) және аурудың ағымына байланысты. Бауыр эхинококкозында науқастардың жұмысқа қабiлетi төмендейдi, жалпы әлсiздiк, бас ауыруы, бауырдың  үлкеюi, оң жақ қабырғаның асты сыздап ауырып және онда ауырлық байқалады. Өкпе эхинококкозында тоқтаусыз жөтел, қан түкiру, кеуденiң ауырғаны байқалады, өкпеде сырыл пайда болады,- деді Ж.Өтепқалиева. 

Сондай-ақ оның айтуынша, мидың, бүйректiң, көкбауырдың, кiшi жамбастағы және басқа да ағзалардағы эхинококкоздың клиникасы осы ағзалардың көлемді зақымдануы кезiнде байқалатын  ауру белгiлерiне ұқсас келедi. Көп жағдайларды эхинококкок ісіктері профилактикалық медициналық тексерістер кезінде немесе басқа шағымдармен қаралған кездерде анықталып жатады. Ауру жұққан кезден бастап оның  алғашқы белгiлерi  бiлiнгенге дейiн кем дегенде жарты жыл, ал кейде 3 жылдан 10 жылға дейiн уақыт өтуi мүмкiн.

Айта кетейік, эхинококкозды емдеу тек қана стационарда жүргізіледі және ешқандай халықтық емдеу тәсілдері көмектеспейді. Ал емдеуді ерте бастаса, нәтижесі де жақсы болады, аурудан тез сауығып кетуге мүмкіндік мол. Сондықтан, мамандар ауру белгілері пайда болған бойда уақыт жоғалтпай, дереу дәрігерге жүгінуге кеңес береді.

Дайындаған Жомарт ӘМІРХАНОВ

31 қазан 2023, 16:38

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.