Индер ауданында мал арасында өлім бірнеше есеге көбейген. Кейбір қыстақтарда жүздеген мал арам өлгенмен билік шарасыздық деңгейінен аса алмай отыр.
Статистикадан мәлім болғандай, бірінші наурызға ауданда 18042 ірі қара, 94347 қой‑ешкі, 5992 жылқы, 2752 түйе бар деген есеп жасалуда. Бірақ бұл қаншалықты дәл сан екені белгісіз. Өйткені мал арасында, соның ішінде қойдан шығын бірнеше есеге өсіп кеткенін ешкім жоққа шығара алмайды.
‑Күні бүгінде мал шығыны қаншаға жетті деп ойлайсыз?
‑«Жарсуат» өндірістік кооперативі мен «Есбол» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі бойынша 200‑ге жуық қой арам өлген. Ал жеке шаруаларда қанша екенін білмеймін, негізі шығын бар деп естіп отырмын,‑дейді Индер ауданы әкімі Жангелді РАХМЕТҚАЛИЕВ.
‑Пышаққа ілінгендерін саттыққа шығаруға болмай ма. Мәселен, қазіргі еттің қымбат кезінде арзандау бағаға өткізсе «қызылсырап» отырған жұртшылық алар ма еді. (Базарда сиыр етінің килосы 1500-1700 теңгеге жеткен. Л.Қ.) Бұл жағынан әкімдік тарапынан қандай қамқорлықтар жасалуда, өйткені қыстақтар басында үйме‑жүйме мал бостан‑босқа арам өлгенше кәдеге жарағаны жақсы емес пе?
‑Жеке шаруа өлген малды үйіп тастап қарап отыра ма, жоқ саттыққа шығара ма, өздері біледі. Олардың жеке ісіне араласа алмаймыз ғой. Біреудің егініндегі қызан, қарбызды неге өткізбей отырсың деуге хақымыз жоқ. Сондықтан мен ештеңе айта алмаймын,‑дейді аудан әкімі.
Өткен жылдың жазының ыстығы мен қыстың тым ұзаққа созылып кетуі шаруаларды осындай тығырыққа тіреуде. Естуімізше төлдердің көбісі де қырылып жатқан көрінеді, ал көтерем малдар көтерілу үшін де жер тезірек көгеруі керек қой.
Ләззат ҚАРАЖАНОВА