Биыл қазан айынан бастап тұмау және жедел респираторлық-вирустық инфекцияларымен тіркелгендердің саны көбейгені байқалады. 1 қазаннан бастап 7754 адам тұмау және жедел респираторлық-вирустық инфекциясын жұқтырған. Оның ішінде ЖРВИ-мен 6998, тұмау ауруымен 9, бронхитпен 746 адам тіркелді. Бұл туралы облыстық Денсаулық сақтау басқармасының басшысы Қайсар АБДАЛИЕВ баспасөз брифингінде мәлім етті, деп хабарлайды Өңірлік коммуникациялар қызметі.
- Осы жылы облыс бойынша тұмауға қарсы «Гриппол +» вакцинасының 65 000 дозасы сатып алынып, 1 қазаннан бастап вакцинациялау маусымы басталды. Балаларға, жүкті әйелдерге үйден қарау, микроаймақтар бойынша үй аралау, үйдегі стационарларды ұйымдастыру, көмек көрсетудің барлық кезеңдерінде науқастардың жағдайын бағалау көмектері ұйымдастырылды. Оған қоса балалардағы тұмау кезінде лезде сапалы көмек көрсету мақсатында педиатриялық мультидисциплинарлы мамандардың топтары құрылды, - деді Қ.Абдалиев.
Оның айтуынша, денсаулық сақтау басқармасының қызметкерлері сенбі, жексенбі күндері емханаларға мониторинг жүргізіп, облыстық медициналық жедел-жәрдем станциясының, №2 облыстық аурухананың қабылдау бөлімінің жүктемесін тексеріп, үздіксіз бақылап отырады. Сөз соңында, басқарма басшысы тұрғындарды жаппай тұмауға қарсы вакциянация алуға шақырды.
Дайындаған Ләззат ҚАРАЖАНОВА
ӨКҚ ұсынған суреттер