Атырау, 13 желтоқсан 23:27
 бұлыңғыр боладыВ Атырау -4
$ 522.91
€ 548.85
₽ 5.05

Әкім және маман: кімдікі дұрыс?-2

6 518 просмотра

«АЖ» тілшісіне Индер ауданы әкімдігінің құрылыс, сәулет және қалақұрылысы бөлімінің бастығы Күлжан НҰҒЫМАНОВА аудан әкімінің қудалауына ұшырап отырғанын айтып шағымданған болатын. Біз әрлемей, өңдемей сол күйінде жариялауға тырыстық.

‑Менің осы ауданға жұмысқа келуіме әкім Жангелді Рахметқалиевтің өзі себепші болды. Ол кезде облыстық сәулет және құрылыс басқармасында жұмыс жасайтынмын, бірде іссапармен ауданға келгенімізде (қасымда бөлім бастығы Гүлбаршын Арыстанова бар болатын) әкім бізге ауданға маман архитектор керек деген ой тастады. Кейін тағы да осы жай әңгіме болып, мені қайта‑қайта шақырумен болды. Мүмкін жылы орнымды суытпайтын едім, отбасылық жағдайыма байланысты ойлана бастадым. Мен негізі Индербор поселкесінің тумасымын, қолымда шешем бар болатын. Кәрілік, бір жағынан ең кіші баласының уайымымен анам шатаса бастағасын, Индербордағы үйіне барса жақсы болып кетер деген ой мазалаумен болып, әрі‑сәрі күйде болғаным рас. Ақыры көп ойлана келе, әрі әкімнің сөзін жықпайын деп аталмыш ауданға облыстан ауысу тәртібімен 2010 жылдың 26 шілдесінде сәулет бөлімінің бастығы болып келдім. Әкім мен келгесін көп ұзамай еңбек демалысына шығып кетті. Бірақ, келгесін маған неге екені белгісіз, шүйлігуі көбейді, жиналыс сайын «сенің қолыңнан түк келмейді, жұмыс жасай алмайды екенсің, бекер шақырған екенмін» деп орынсыз мін тағумен болды. Әкім өзіне қарсы уәж айтқызбайды, ісіңді дәлелдеу мүмкін емес, «сен маған ақыл айтуға келдің бе, заң үйретуге келдің бе, әкім мен, өзім білемін» деп өзіңе тарпа бас салады. Енді басқа да қызметкерлер үндемесең үйдей пәледен құтыласың деумен болды. Сөйтіп жүргенде дәріхана дауы басталды, әкімдіктегі бір жиында дәріхана иесі кімнің тумасы, білсем сонымен ісім болады дегені әкімнің кезекті айғайы болар деп ойладым. Сол жылы екі бөлім, сәулет және қалақұрылысы бөлімі қосылатын болды. Мойнында миллиондаған қаржысы бар екі бөлімді қарашада қосуы тиімсіз екенін білсем де ештеңе айта алмадым. Аппарат жетекшісі Нұрлыбаев бірде шақырып алып «Индеркомсервис» КМК‑не бастық бол» деді, мен оған келіспедім. Сосын әкімнің өзі шақырып алып «сен сәулет және қалақұрылысы бөлімі бастығы болып істей алмайсың, ер адамның жұмысы, күні‑түні жүру керек, сенің қолыңнан келмейді» деді. Бірақ осы салада отыз жылдық еңбек өтілім, екі бірдей жоғары дипломым бар мен бұл жұмыс неге қолыңнан келмейді деп айтқандарын кейін түсіндім. Неге мені кемсітеді, неге қабілетімді бұлар қалайша аяқасты етеді деп ойладым.. Бірақ аппарат жетекшісіне заңдылығын тексертетінімді, қарап қалмайтынымды ескерттім. Сонымен өткен жылдың қарашасынан бастап бөлімге бастық болдым. Олар өз еркіммен жұмыстан кетпегесін менің соңыма түсе бастады.

‑ Сонда неге келіспедіңіздер?

‑ Бөлімдегі есепші қызды әкімшілікке күштеп алдырды, көнбесе оны жұмыстан шығаратынын айтты. Мен обалына қалмайын деп, айтқанына көн, енді не істейміз дедім. Ауданда төрт дербес жылу қазанының күрделі жөндеуі басталып, соның құжаттарын келістіру үстінде тағы дауға қалдым. Сосын  2008 жылдың Индербор поселкесіндегі 550 млн. теңгеге бағаланған, мембранды жүйемен салынып жатқан су тазарту қондырғысын қабылдауға қол қой деді. Осы жерде айта кетейін, 2010 жылдың жазында облыс әкімі Бергей Рысқалиев келгенде жұмысы толық бітті деген есеппен көпір, мектеп және су тазарту қондырғысының ( бұдан әрі СТҚ. Л. Қ.) ашылу рәсімі болып, лентасы қиылған болатын. Шындығында СТҚ жұмысы толық бітпеген болатын, осы көзбояушылықтың орнын толтыру үшін обьектіні бітті деп құжатын жасақтамақ болды. Ал сол жылдың жазында тәжірибе жүзінде іске қоспақ болғанда кейбір бөлшектері жанып кетіп, істен шыққан болатын. Осы бітпеген обьектіні қабылдауға қол қой, деді әкім, бұдан бас тарттым, шындығында сотталып кетер жай жоқ емес пе. Әкім «қол қоймасаң, жұмыстан кетесің, арызды жаз да кет, болмаса дәріхана бойынша статьямен жұмыстан шығартамын» деп доқ көрсетті. Әкім орынбасары Асылбек Сарсенғалиев шақырып алып «тайталасып не қыласың, жұмыстан кетіп қалсайшы» дейді. Бұл не мазақ. Ал күйеу балам С. Избасаровтың салып жатқан дәріхана құрылысын әкім араласып, тоқтатып тастады. Тіпті «Нұр Отан» ХДП‑ның (аудандағы партия төрағасы Рахметқалиевтің өзі) кезектен тыс отырысында дәріхана жерін беруде заңсыздыққа барды деп мені жұмыстан босату жөнінде аппарат жетекшісіне ұсыныс берді. Осының бәрінен мен қатты соққы алдым.

‑ Әкіммен араздасатындай бір себеп болды ма, мүмкін жеке басқа қатысты дегендей. Және билік тарапынан басқа қорқытулар болды ма?

‑ Негізі аудан әкімі өз қарамағындағыларды үнемі айғаймен қорқытады. Жөн‑жосықсыз кіналайды. Бірақ мамандар қанша ызасы келсе де шыдамдылықпен үндемей келеді, өз басым мұндай қысымшылықтардан әбден ығырым шықты. Ал әкім мені неге жеккөретінін түсінбеймін, мүмкін менің орным керек болған шығар. Ақыры болмағасын «қарамағындағы мамандарың сені жұмыс жасай алмайды деп айтады» дегендей уақ‑түйек әңгімеге көшті. Ал бөлімдегі екі маман мұндай сөз болмағанын жоққа шығаруда, сонда әкімнің мақсаты не екенін түсінуден қалдым. Ақырып айқайлаумен жиналыс жасайды, этика жоқ. Қарсы уәж айтсаң, онда қудалауға түсесің. Жиналыстан езіліп, есеңгіреп шығасың.  

Тіпті бірде жиында әкім «интернеттен, «Ақ Жайық» газетінен қорқып жүре алмаймыз. Жұмыс орындарыңда «Ақ Жайықты» оқып отырғандарыңды көрсем, менен жақсылық күтпеңдер» деді.

‑ Негізі «АЖ» оқығыларыңыз келеді ме?

‑ Облыстың бар жаңалығын жазатындықтан, әрине оқығымыз келеді. Бірақ, Рахметқалиевтен қорыққаннан алдырта алмаймыз. Үнемі қорқыту, үркіту, қудалаудан қан қысымым көтеріліп, болничныйға шығуға тура келді. Дәрігерлер жүйкеге салмақ түскеннен деген диагноз қоюда. Енді әкім сені басқа жер жұмысқа алмайтындай етем және қолымнан келеді деп қорқытуда. Осыдан кейін жұмысқа деген ынта, ықылас қайдан болады, бірақ одан мүжіліп, жасып, жұмысымды тастап кетпейтінімді ескерткім келеді.

P.S. Бөлім бастығы Күлжан Нұғыманованың жанайқайы түсінікті. Естеріңізде болса, бұған дейінгі кәсіпкерлер мен Нұғыманованың сұхбатына орай, Индер ауданы әкімі Жангелді Рахметқалиевпен кездесуіміз сәтсіз аяқталды. Қойылған сауалдарға ашу шақырған әкім қарауылды, заңгерлерді шақырып «АЖ» тілшісін қысымға алмақ болды. Осыдан‑ақ аудандағы жағдайдың қандай дәрежеге жеткенін оқырмандар пайымдар деген ойдамыз.

Ләззат ҚАРАЖАНОВА     

30 наурыз 2011, 19:40

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.