2022 жылдың мамырынан бастап «Aрт спорт» жобасы аясында өтінім қабылдау, орындарды бөлу және жеткізушілерден ваучер беру процестері негізсіз тоқтатылды. Нәтижесінде пайдаланылмаған 279,9 млн теңге бюджетке қайтарылды.
Бұдан басқа, 2020-2023 жылдарға мемлекеттік әкімшілік қызметкерлерге 798,4 мың теңге көлемінде үстемеақы негізсіз есептеліп, төленген. Осы және тағы басқа да мәселелер туралы бүгін, 9 қазанда «Арт спорт» жобасына жүргізілген аудиттің қорытындысы бойынша ӨКҚ өткен брифингте Атырау облысы бойынша тексеру комиссиясының мүшесі Ләззат АҚҚАЖИЕВА әңгімеледі.
Мемлекеттік тексеру жеті нысан: Атырау облысы Мәдениет, тілдерді дамыту және архив ісі басқармасы, Атырау қалалық Мәдениет, тілдерді дамыту, дене шынықтыру және спорт бөлімі, Құрманғазы атындағы мәдениет сарайы, Жылыой ауданы Мәдениет, тілдерді дамыту, дене шынықтыру және спорт бөлімі, «Кең Жылыой» Жылыой аудандық мәдениет үйі, Махамбет аудандық ішкі саясат, мәдениет, тілдерді дамыту және спорт бөлімі, Махамбет ауданының «Өнерпаз» аудандық мәдениет үйі бойынша жүргізілді.
Жалпы сомасы 426,5 млн теңгенің бұзушылықтары анықталды (соның ішінде қаржылық бұзушылық - 6,5 млн теңге), тиімсіз жоспарланған бюджет қаражаты 317,2 млн теңге, тиімсіз пайдаланылған бюджет қаражаты (активтер) 102,6 млн теңге және 147 рәсімдік сипаттағы бұзушылықтарға жол берілген.
Л.Аққажиеваның айтуынша, анықталған бұзушылықтар ҚР Бюджет кодексінің, Еңбек кодексінің, Мемлекеттiк сатып алу Заңының, Бухгалтерлiк есеп пен қаржылық есептiлiк, Мемлекеттік әкімшілік қызметшілерге пилоттық режимде еңбекақы төлеу қағидаларының, Балалар мен жасөспірімдерге арналған шығармашылық үйірмелерде мемлекеттік шығармашылық тапсырысты орналастыру қағидаларының, Бюджет қаражаты есебінен қызметтік іссапарларға арналған шығындарды өтеу қағидаларының талаптарын жеткілікті деңгейде сақтамау салдарынан жіберілген.
Мәселен, тексеру барысында мемлекеттік шығармашылық тапсырыстар негізінде жүзеге асырылған шығармашылық үйірмелер кеңсе, техникалық қызмет көрсету және бизнес орталықтарында, дәріхана, цокольді үй-жайларда, «Сарайшық» коммуналдық базарының әкімшілік ғимаратында және т.б. талапқа сәйкес емес ғимараттарда өткізілгені анықталды. Л.Аққажиеваның айтуынша, бұл 62,3 млн теңге бюджет қаражатының тиімсіз пайдаланылуына алып келген.
Ол нормативтік актілер бойынша үйірме сабақтары білім беру, мәдениет және спорт ұйымдарының қолданыстағы инфрақұрылымы немесе тұрғын үй инфрақұрылымы негізінде жүзеге асырылатынын түсіндірді.
- Бұдан басқа, Бюджет кодексінің тиімділік қағидаты бұзылып, 20,6 млн теңге тиімсіз жоспарлануына жол беріліп, соның ішінде 20,3 млн теңгесі игерілмеуіне байланысты бюджетке қайтарылған.
Бір көзден алу тәсілімен тікелей шарт жасасу арқылы, яғни әлеуетті жеткізушілер арасындағы бәсекелестік ортаға жіберілмей, жұмыстар мен қызметтерді сатып алу фактілері анықталды.
Сондай-ақ, қызметкерлерге тарихи-мәдени мұра объектілерін сақтауға және насихаттауға байланысты жұмыс үшін 35% (жалпы сомасы 2,1 млн теңге) қосымша ақы негізсіз төленген.
Республикалық бюджеттен бөлінген 956,1 мың теңге трансферт мақсатына сай жұмсалмағаны және бюджетке қайтарылмағаны анықталды. Жұмысшыларға 24,5 мың теңгеге іс-сапар шығындары, еңбек демалысына 265,8 мың теңге өтемақы төлемі және 763,0 мың теңге жалақы негізсіз төленген, - деп атап өтті Л.Аққажиева.
Жалпы сомасы 16,5 млн теңге бюджет қаражаты тиімсіз игерілген, оның ішінде сатып алынған автокөлік басқа мемлекеттік органға берілген және спорт тауарларын сатып алуға жоспарланған қаражат басқа мақсатқа жұмсалған. Жыл басында жоспарланған іс-шаралар орындалмай, оның орнына жалпы сомасы 13,4 млн теңгеге жоспарланбаған іс-шаралар өткізілді.
Тексеру қорытындысы бойынша 109 құқық бұзушылық дерегі бойынша материалдар процессуалдық шешім қабылдау үшін уәкілетті органдарға жолданды. 13 материал бойынша комиссия отырысына дейін жалпы сомасы 483 мың теңге айыппұл салынды.
Дайындаған Айнұр САПАРОВА