Наурыздың аяғында ҚР вице-премьері, индустрия және жаңа технологиялар министрі Әсет ИСЕКЕШЕВТІҢ басшылық етуімен бизнесмендердің қазақстандық тобы АҚШ-қа барды. Америкадағы шағын және орта бизнестің даму жағдайы туралы біз сол іссапарда болып келген атыраулық кәсіпкер Әлібек МҰХИТПЕН әңгімелескен едік (суретте).
Негізгі бағдарламада ірі американдық Chevron, Exxon Mobil, Schlumberger, Halliburton, Weatherford және Baker Hughes мұнай компанияларының кеңселеріне бару және топ-менеджерлерімен кездесу қарастырылғанымен, өз бағыты бойынша бірталай орындарға барған менің сұхбаттасушым американдық кәсіпкерлердің бизнесті қалай жүргізетіндігі және ондағы мемлекеттің рөлі қандай екені туралы өз пікірін білдіруге тырысты.
БАСҚАНЫҢ ҚОЛЫНАН КЕЛЕТІН НӘРСЕГЕ УАҚЫТ ЖҰМСАМА
Джол РОДЕНБУРГТЫҢ фермерлік шаруашылығының құстар ауласында.– АҚШ‑тағы шағын бизнес жаңа жұмыс орындары мен инновацияның негізгі көзі ретінде бағаланады. Ол бүкіл жұмыс орындарының жартысынан көбін қамтамасыз етеді, АҚШ-тан тауарлар мен қызметтердің төрттен бірінен көп бөлігін экспортқа шығарады, ірі компанияларға қарағанда патентті 13 есе көп тіркейді.
– Мұндай қарқынға не себепші?
– Біріншіден, бизнесті тіркеудің жүйесі жеңіл, банк несиелері бойынша пайыздар аз. Бастысы – салықтар ағымдағы шығындары бар айналымнан емес, пайдадан төленеді. Мақсат – адам өзіне табыс әкелетін іспен айналысып, аяғынан тік тұруы керек, содан кейін ғана оған салықтар салады. Әрине, ол жерде ірі бизнеске салынатын салық жоғары. Бизнес үшін қолайлы жағдай мен бәсекелестіктің жоғары болуының арқасында АҚШ-та аутсорсинг (басқа мекемелерді келісімшартпен тарту) күшті дамыған. Мысал келтірейін: Мичиган штатында біз қонақ болып барған Гари РОДЕНБУРГТІҢ жүк тиегіштерді сату мен қызмет көрсетуге маманданған дүкені және сервис орталығы бар. Бүкіл есепті ол үшін жалдамалы бухгалтерлік компания жүргізеді. Компьютерлер, лаптоптар, планшеттер мен оргтехникалар жалға берілген және басқа профильді компания қызмет көрсетеді; заңға қатысты қызметтерді тағы бір тартылған басқа компания ұсынады. Бәрі осылайша көрініс тапқан. Бұл қызметтердің барлығы құны бойынша қолжетімді. Нәтижесінде көлік жөндеу орнының қожайыны мен қызметкерлері шығындарды азайту және пайданы арттыру үшін инновацияларды енгізе отырып, тек өз қызметімен ғана айналысады.
Әсіресе, бізге оның ұлы Джол РОДЕНБУРГТЫҢ шағын Сидар Спрингс қалашығына жақын маңдағы фермерлік шаруашылығы қатты әсер қалдырды. Оның жері 20 сотықтан аспайды, бірақ 20 сиыры, 10 қойы, 30 тауығы мен бес омартадан тұратын үлкен шаруашылығы бар. Ал шаруашылықты екі адамнан тұратын отбасы – Джол мен оның әйелі жүргізеді. Жұмыстан бос уақытында Джол әкесінің компаниясында инженер болып жұмыс істейді, ал зайыбы жергілікті мектепте сабақ береді. Ол жерде аграрларға арналған техникалар арзан тұрады. Мәселен, екі тіркемесі бар тракторға (біреуі шөп орады, екіншісі жинайды) олар бес мың доллар жұмсапты.
Тағы бір жайт – дайын өнімнің жолға қойылған саудасы. Бұл да аутсорсинг принципі бойынша жүзеге асырылады. Аптасына бір рет олардың шаруашылықтарына бір адам келіп, әрі қарай жергілікті супермаркетте сату үшін өнімді жинап алып кетеді. Округте 70 мың адам тұрады, ал бұл супермаркеттің көлемі біздің «Динадан» үш еседей үлкен және түрлі азық-түліктер мен тауарлардың үлкен қоймасы бар. Өнімдердің барлығы дерлік жергілікті жерде өндірілген. Мұнайлы Техас штатындағы Атыраудың американдық «аналогы» Хьюстонға келгенде, шағын және орта бизнесті ұйымдастыруда олардан қатты қалыс қалып жатқанымызды сездік. Мәселен, біз мұнай сорғылары мен клапандарын жеткізу мен қызмет көрсетуге маманданған жергілікті шағын компанияда болдық. Олар Ұлыбританиядан жабдықтар әкелуден бастап, содан кейін өндіріс ашып, өнімдер шығаруды жолға қойған. Қазір өз өнімдерін сатады, оның сервисімен айналысады, сонымен қатар өз қоймаларында тапсырыс берушінің жабдықтарын сақтау қызметтерін көрсетеді және тозығы жеткен сорғылар мен клапандарды кәдеге жаратумен айналысады. Осында қызмет көрсететін бүкіл компания бар болғаны 30 адамнан тұрады. Барлық профильдік емес міндеттемелерді аутсорсингте басқа компаниялар атқарады.
«БӨГДЕЛЕРГЕ КІРУГЕ ТЫЙЫМ САЛЫНАДЫ»
Ол жерде ауылшаруашылық техникалары арзан.– Ал ірі жобаларға қызмет көрсету қалай? Бізде, әдетте, оған қол жетпейді. Ұлттық компанияларда жұмыс көлемдері еншілес және үлестес компаниялардың арасына бөлінеді ғой.
– Ол жерде де аутсорсинг жүйесі жұмыс істейді. Ірі компаниялар жобаларды басқаруға маманданған компанияларға көлемдер береді. Ал олар өз кезегінде бәсекелестік жағдайда көлемдерді шағын және орта бизнес субъектілеріне бөледі. Маған ұнайтыны - әр адам өз ісімен айналысады. Американдықтар мұны division of work деп атайды. Мен өзім бір уақытта бірнеше іспен айналысу тиімсіз деп есептеймін. Қазақстанда операторлық компания құрамында ғимаратқа қызмет көрсететін мекемелер бар, олар ғимаратқа қызмет көрсетеді, көлікті жалға береді, қызметкерді тамақтандыруды ұйымдастырады. Осындай еншілес компаниялар есебінен штаттар көбейіп, баға көтеріледі, осылайша біздің экономикамызға үлкен зиян келеді. Мұндай профильдік емес мекемелер еркін нарықта жұмыс істемейді. Олар «аналық» компаниясыз өмір сүре алмайды, өйткені тек холдингтегілерге немесе оларға қатысы барларға қызмет көрсетеді. Менің пікірім – мұндай мекемелерді еркін нарыққа шығарып, ал жұмыс көлемін бәсекелес ортаға беру керек. АҚШ-та, тіпті егер ірі бизнестің осындай компаниялары болса да, олардың холдингке кіретін компанияларға қызмет көрсетуге құқығы жоқ. Мен Детройт қаласының маңындағы Ann Harbor-дағы Google (Google Ad) компаниясының кеңсесінде болдым. Бұл мекеменің 267,4 млрд доллар көлемінде капиталы бар, бірақ оның құрамына профильдік емес активтер немесе мекемелер кірмейді. Көлік немесе асхананы басқаратын компаниялар сияқты, олардың өз ғимараты жоқ. Осы қызметтердің барлығын ғимаратқа басшылық ететін басқа компания ұсынады. Ол жерден Google алаңды жалға алып отыр. Google-дің өзі тек өз өнімін және жаңа өнімдеріне арналған зерттеу орталықтарын басқарумен, сатумен айналысады. Олар жергілікті бизнес-инкубатормен бірігіп жұмыс істейді, ол жерден қажет болған жағдайда үздік жобаларды шығарады, бірақ бұл басқа жайт.
Бізде мемлекет ақшасы ұлттық компаниялардың және оның еншілестерінің көп штаттарын ұстауға жұмсалады. Олардың менеджменттері қалай еткенде де өздерінің жұмыс көлемінсіз қалмайтындығына алдын ала сенімді. Сондықтан олар тиімсіз жұмыс жасайды.
ОЛАРҒА МҮМКІНДІК БЕРІҢІЗДЕР
– Сіздің пікіріңізше, елімізде шағын және орта бизнесті кеңінен дамыту үшін не керек?
– Қазақстан жас ел, біздің толық мүмкіндігіміз бар деп ойлаймын. Бірақ мемлекеттің ақылға қонымды экономикалық саясаты болса ғана. Жас кәсіпкерлер үшін бизнестің бастапқы кезеңінде тоқтап қалмау өте маңызды. Алғашқы үш жылда бизнесменге салық төлеу ауыр. Салық салу жүйесін жеңілдеткен сыңайлы, бірақ жеңіл болған жоқ. Неліктен екенін түсіндірейін. Алғашқы айларда кәсіпорында шығындар өте көп болады және ешқандай пайда жоқ. Ал бұл жерде 10 пайыз зейнетақы, 10 пайыз табыс салығы және 5 пайыз әлеуметтік салығы бар қызметкерге төленетін шығындар туралы айтпағанның өзінде, айналымнан тағы 3 пайызды төлеу керек.
Оған қоса, орынжайды жалға алу, жабдықтарды сатып алу және т.б. шығындары бар. Елесететіп көріңізші, жас кәсіпкер қанша ақша төлеуі тиіс?! Егер ол салықтарды Штаттардағы секілді тек пайдадан ғана төлеген болса, бизнесті дамытуға ақшасы қалған болар еді.
Лаура СҮЛЕЙМЕНОВА