Атырау, 21 қараша 23:46
 ашықВ Атырау +4
$ 495.20
€ 522.34
₽ 4.94

Астарлы қойылым

1 696 просмотра

Алматыдан гастрольдік сапармен келген «Шам» театры Атырауда бір жылдығын атап өтті. Былтыр дәл 4 қыркүйек күні алғашқы «№37» атты спектаклі сахналанған. Дәл сол күні биыл Атырауда осы спектакльдің 37-ші қойылымы өтті.

Атыраудың өнерсүйер көрермені актерлер ұжымын жылы қабылдады. Спектакль сезім байлығын сыйлады. Жылатты, күлдірді, қайта жылатты... Актерлер жанын беріп ойнады.

Актерлер құрамындағы ең үлкені - 69 жастағы ҚР еңбек сіңірген артисі Сағызбай ҚАРАБАЛИН Атыраудың тумасы. Ол 2004 жылдан бері Ғ.Мүсірепов атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық балалар мен жасөспірімдер театрының актері. Өзге әріптестері секілді жекеменшік «Шам» театрында келісімшартпен жұмыс істейді. Оны көпшілік «Қазақстан» телеарнасында көрсетілген «Қымызхана» тележобасы арқылы жақсы таниды. Ол «Күй ғұмыр, «5:32», «Алпыстан асып барамын», «Ауылбайский участковый» және тағы да басқа фильмдерде ойнаған. Қазір «Жезтырнақ» фильміне шақырту алды.

Сағызбай Қарабалин 1954 жылы 12 қазанда Қызылқоға ауданы Сағыз ауылында дүниеге келген. Атын ауылдың құрметіне Сағызбай қойған. Өзі он ағайынды. Танымал ұлының өнерін тамашалауға 90 жастағы анасы сонау Миялы ауылынан келді.

Сағызбай ағамен кездесуіміздің өзі қызық болды. «№37» спектакльді көрген күннің ертесіне жұмысқа Жайық жағасымен асықпай бара жатқан едім. Қарсы алдымда «Ренко» қонақ үйінің алдындағы орындықта Жайыққа көз тастап отырған актерді көрдім. «Кешегі эмоцияға толы ойыннан кейін энергия жинап отырған болар» деген ой бірден келді. Бірақ мен мазалауға болмайтынын жақсы түсінсем де, іштегі сұрақ маза бермеді. Кешегі спектакльден соң 15 жыл бойы із-түссіз жоғалып кеткен бас кейіпкердің Балқаш қаласында не жоғалтып алғанын нақтылағым келді. Бұл көптеген көрерменнің де көкейіндегі сұрақ еді.

Сағызбай аға сұхбат беруге бірден келіспеді. Бірақ театрдың бір жылдығына орай сұхбат беруге тұратынын түсіндірдім. Көнді.

- Сағызбай аға, кешегі спектакль бәрімізді жылатты. Эмоциялар аттракционы болды. Егіліп отырып күлдіру деген шеберліктің шеберлігі. Актерлердің ышқына айқайлап, бар қуат күшін салып ойнағанын, көрермендердің көзіне жас алғанын, залдағы мүлгіген тыныштықты көріп қуандым. Спектакльден соң сіздердің келесі күні де дәл осы спектакльді ойнайтыңызды естіп, «жүрегін, жүйкесін, бар тұлғасын салып ойнаған олар ертесіне күш-қуатты қалай жинайды екен, эмоционалды күйзеліс, дағдарысты қалай жеңеді екен» деген сұрақ туды. Шынымен де қалай?

- Біз енді жасымыз келген, ондайға үйрендік. Ерте жатып, ерте тұрып жүре береміз. Ал жастар түскі екіге дейін ұйықтайды. Солай энергия жинайды. Актерлер кейде спектакльден кейін көпке дейін ұйықтай алмайды. Себебі ойыннан кейін бүкіл эмоциясын шығарып, айқайлайтын жерде айқайлаған соң, жылаған соң, өзі-өзіне бірден келе қоймайды.

-Театрдің жарнамасы қазір жақсы. Әлеуметтік желіде көпшілік әсерімен бөлісіп, қызықтырып жатыр. Билеті де қымбат болғанына қарамастан халық көп жиналды. Театр қалай қаржыландырылады?

- Иә, жарнамасыз болмайды. Бұл театрды осы театрда өздері де ойнап жүрген белгілі актерлар Асан МАЖИТ пен Еркебұлан ДАЙЫРОВ ашқан. Олар өз ақшасын салып, демеуші тапты. Билет қымбат болғанына қарамастан қай өңірге барсақ та аншлаг болады. Қуантады. Театр ұстау оңай емес. Билет құнынан түскен қаржы біздің жолымызға, қонақ үйімізге, еңбекақымызға, театр залын жалға алу ақысына кетеді. Кей жерде театр залы үшін 2 млн теңгеге дейін сұрайды!

- Бұл спектакльдің режиссері кім?

- Фархат МОЛДАҒАЛИ деген режиссер. Ол да Ғ.Мүсірепов атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық балалар мен жасөспірімдер театрында да көркемдік режиссер болып жұмыс істейді.

- Спектакльдің алғашқы сахнасы теледидарда көрсетіліп жатқан «Азаттық радиосы» тілшісі Манас ҚАЙЫРТАЙҰЛЫНЫҢ Қаңтар оқиғасы жайлы видеосюжетінен басталады. Спектакль Қаңтар оқиғасы жайлы, иә?

- Спектакльде актерлар қаңтар туралы бір сөз айтпады. Сюжетте ғана айтылады. Бұл әзербайжандық драматург Исмаил ИМАННЫҢ «Астар бақшалары» пьесасының сьюжеті негізінде құрылған. Бірақ, Қазақстанға жақындатып өзгертілді. Режиссердің көркемдік шешімі.   

Қалада жарылыс болғанда бас кейіпкердің қанға боялған портфелін көріп, отбасы оны өлдіге санайды. Қаза тапқандардың тізімінде №37-ші болып жазылады. Қабірі тұрғызылады. 15 жылдан соң бас кейіпкер үйіне оралады. Оның тірі екеніне бауыры да сенбейді. Әйелі өкпелі. 15 жыл бұрын неге тығылып жатқанын түсінбейді, кешіре алмайды. Бауырына әмеңгерлік жолмен тұрмысқа шығуға мәжбүр болғаны үшін кешіре алмайды. Қаңтармен байланыстырмайын, бірақ бұл 2037 жылы болып жатқан оқиға. Сонда жігіт 15 жыл бұрын жоғалып кетсе, қай жыл екенін есептей беріңіз. Көрермен қазір ақылды. Ол өзі бәрін жақсы түсінеді.

- 2037 жыл болса, 15 жыл бұрын 2022 жыл болады...

- Иә, солай. Қалааралық таксиге мінген бас кейіпкер Балқаш қаласында ес жияды. Ол құқыққорғау органдары қудалайды деп қорқып үйіне келмеген ғой. Қаңтарда да солай болды ғой. Көшеде жүріп, видеоға түсіп қалған кінәсіз жандарды апарды да қамады. Сол кездегі оқиғалардың салдарын әлі де сезініп жүрміз. Бірақ араға іріткі салып, арандатушылар көп болды ғой...Кез келген уақытта халық наразылығы ушыға түскенде осындай осылай шыға келеді. Адам санасы әр істеген ісіне, басқан қадамына ойланып бару керек.

- Театрларды жекешелендіру мәселесі бұрын көтерілді. Бұл туралы не ойлайсыз?

- Театр жабылып қалу мүмкін. Театр басшысы табыс түсіретін спектакльді қоюға бір режиссерді шақырады. Актерларды қысқартады. Тек сол спектакльде ойнайтындарды алып қалады. Әрі қарай табысты болу спектакль тақырыбына да байланысты. Көрермен көп жинаса жақсы, жинамаса, шығын, соңы жабылуға әкеледі.

- Өнер саласында сізді не мазалайды?

- Актерлар жалақысы өте төмен. Орташа жалақы 150 мың, одан көп алатыны да бар. Бірақ, ол көп емес. Кино, басқа да жобаларға қосымша табыс болсын деп қатысамыз. Ал бұл негізгі жұмысыңа уақыт, дайындық жағынан кедергі келтіру мүмкін. Қойылымдарға да көп қаржы қажет. Бір қойлымға 23-30 млн теңге кетеді. Оны театр өз қаражатымен таба алмайды.   

- Өзіңізді қалай бабыңызда сақтайсыз?

-Театрда жүрген соң формада жүру керек. Оның үстіне, жасымыз келген соң спектакльдерде образға еніп, барыңды салып ойнау эмоционалдық күйіңе, денсаулыққа әсер етеді. Сондықтан таңертең сағат бесте тұрып, жүгіру, жүру, жаттығулар жасау, салқын суға түсу өмір салтымызға айналған. Сосын саумал ішемін.

- Әңгімеңізге рахмет!

Айнұр САПАРОВА

Суреттерді түсірген автор


АЖ» анықтамасы:

Сағызбай ҚАРАБАЛИН - 1973-1978 жылдары Мәскеудегі Щепкин атындағы жоғарғы театр училищесінде актер мамандығы бойынша білім алды.

1978 жылы С.Қожамқұлов атындағы Торғай облыстық музыкалық-драма театрында алғашқы еңбек жолын бастады.

1983-1992 жж. театрдың бас режиссері Жанат Хаджиевтің жетекшілігімен сол театрдың қоюшы-режиссері қызметін атқарды.

1997 жылы ҚР Мәдениет министрлігінің бұйрығымен Атырау облыстық Махамбет атындағы драма театрына қоюшы-режиссер ретінде ауысты.

2004 жылдан бері Ғ.Мүсірепов атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық балалар мен жасөспірімдер театрының актері.

8 қыркүйек 2023, 18:32

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.