Ол кезде он балалы жанұядағы бесінші балаға Жаратқанның ерекше жігер, өмірге құштарлық және сарқылмайтын күш берерін ешкім де білмейтін еді. Осынау қасиеттердің барлығы тағдырдың жазмышымен азап шеккен жанның бойына біткен. Дегенмен де, оның жанұясы бұл әйелді отбасының қазығы деп есептейді. Ал көршілер болса оған: – «Иә, Жәния РЫСҚАЛИЕВА – нағыз қайсар адам» деп құрметпен қарайды...
Жәния Исатай ауданының сахарасына белгілі жылқышы Амандық пен оның сұлу зайыбы Әсиланың отбасында дені сау, бақытты сәби боп дүниеге келген. Тек екі жыл өткен соң ғана ата-аналары сүйікті қыздарының мүсінінің келіссіз екендігін байқай бастаған. Ол кезде «спондилит» деген сөзді ешкім де білмейтін. Жергілікті емшілер өскен кезде түзеліп кетеді деп кішкентай Жәнияның көз жасын көлдеткен анасын жұбатыпты.
Спондилит – омыртқа жотасының қабынып ауруы, ауыр жағдайларда омыртқалардың бүлінуіне, омыртқалардың майысуына және көптеген ағзалар мен жүйелердің жұмысының бұзылуына әкеп соғады. Бұл аурудың себебі – белгісіз. Жылдар өткен сайын сүйектер өзара тұтасып өсіп, сіңірлер сүйек боп қатып, омыртқа жотасы толықтай икемділігін жойып, біртұтас сүйекке айналады. Науқастың арқасы мен тізесі бүгіліп қалыптасады.
Жәния бой жетеді. Алайда бауырлары секілді болмайды. Ерекше зеректігі мен көздерінде тұнып тұрған талапты ақылына қарамастан, оның денесі көзге көрінбейтін ауыр жүктің астында қалғандай жылдан жылға бүгіле берді. Уақыт өте келе қыздың өзі де басқа балалардан ерекшеленетінін байқай бастады. Алайда қыздарын сұқ көздер мен өзге балалардың мейірімсіздігінен қолдарынан келгенше қорғап баққан ата-анасының даналығының арқасында ол адамзат атаулыға өшпенді болмай, өзін мүсіркемей, жақсы адам боп қалыптасады.
ЖЕКЕ ӨМІРІН ҚҰРМАДЫ
Кішкентай адамның қиыншылығын Жәния 9 жасында ыстық ұясын тастап, Махамбет ауданының Таңдай селосындағы №2 мектеп-интернатқа оқуға барған кезде басынан өткерген. Бастапқыда интернаттағы басқа қыздар мұның артынан сыбырласқанмен, ашық дөрекілікке ешқашан бармаған. «Иә, ол кездегі заман да басқа еді ғой, - дейді Жәния апа, - кешікпей менде де құрбылар пайда болып, олар да айырмашылықты елемейтін болды. Мен де басқалар секілді қарапайым қыз едім». Жылдар өте берді, құрбыларына жігіттер көз сала бастады. Сымбатты да бітімдері келісті құрбылары айна алдында таранып, алқа-моншақ тағынып жүргенде, Жәнияға қалай ауыр болғанын елестетіп көріңіз. Жігіттер жағы жуас Жәнияға көздерінің қиықтарымен ғана қарап немесе мүлдем ол жаққа мойын бұрмағанды жөн көрді. Сол кезде бойжеткен өзін жақтыртпайтын қарым-қатынасты байқаған. Өйткені қазір де онымен сөйлескен ер адамдар оның сөздерінде әйел адамның өкпе-назын байқап қалады. Жәния ақыры өз ошағын құрған жоқ.
ӨЗ ІСІМ БОЛМАСА ҚҰРДЫМҒА КЕТЕР ЕДІМ
Есесіне ол ықпалды болды. Апа-сіңлілері мен құрбылары отбасын құрып, балаларын тәрбиелеп жүргенде, Жәния бизнеспен шұғылдануға бел шешті. «Иә, мүгедектің өмірі ауыр, - деп келіседі ол, - үнемі тексеруден өтіп, дәрі ішіп, басқа адамдардың өмірін терезеден бақылап, төсек режимін сақтап жүру қажет. Бірақ мен олар емеспін, солай ғой? 1993 жылы маған ІІ-топ мүгедектігін тағайындады. Мен ол кезде облыстық «Потребсоюзда» оператор боп жұмыс істеп жүрген едім, - деп еске алады Жәния апа. – Бастығым мені өз кабинетіне шақырып алып, бетіме тура қарай алмай, өз қалауым бойынша жұмыстан шығу туралы арыз жазуымды сұрады. Ол кездің ережесі сондай болатын. Сол күні үйге келіп, өмірім төрт қабырғаның ішінде өтетініне ұзақ уақыт бойына сене алмадым».
Келесі күні Жәния вокзалға келіп, Алматыға билет сатып алады. Атырауға арзан киімдер мен аяқ киімдер салынған үлкен сөмкемен оралады. «Бір жылдан соң өзіме бір бөлмелі пәтер сатып алдым, тағы екі жылдан соң оны екі бөлмелі пәтерге айырбастап, сіңлімді күйеуімен және екі баласымен қолыма алдым». Қазір Жәния апаның Құлсарыда сәнді киімдер сататын өз бутигі бар.
Бизнес-ледидің (бойы 120 см) жасы 54-те. Бизнесі табыс әкеліп тұр, сіңлісі үйде балаларын тәрбиелеп, сән ағымын қадағалап отырады. Ол апасына арнап әдемі сәнді киімдер тігеді, өйткені оның мүсініне шақтап тігілген киімдер дүкендерде жоқ.
«Ештеңеге қарамастан мен өзімді бақытсыз сезінбеймін, мүгедектер туралы айтылатын әңгімелер көбінесе аңыздар ғана, - деп мойындайды Жәния апа. – Мен өзіме машина сатып алсам деп армандаймын. Отбасым бар - сіңлім мен күйеу балам балаларымен менімен бірге. Өзімді үнемі қажет сезінемін. Ал мен жақсы көретін адамдарымның барлығы маған күлімсіресе, дендері сау болса, мен үшін бақыт деген осы. Қандай жағдай болса да өзіңді мүсіркемеу, өмірді сол күйінде қабылдау және жер бетінде өмір сүріп жатқанға қуану – міне, мұндай бақытты сезінудің қарапайым ғана жолы осындай».
Анастасия ПАСТУХОВА
Суретті түсірген В. Истомин