Атырау, 18 желтоқсан 15:22
 бұлыңғыр боладыВ Атырау +1
$ 524.66
€ 550.21
₽ 5.09

​Республикалық бюджеттің кірісі бойынша жоспар 732 млрд теңгеге орындалмаған

1 009 просмотра

Премьер-Министрдің орынбасары – қаржы министрі Ерұлан Жамаубаевтың мәлімдеуінше, биылғы 7 айдың қорытындысы бойынша, мемлекеттік бюджетке трансферттерді есепке алмағанда 10,4 трлн теңгеден аса кірістер түсті немесе жоспар 98,2%-ға орындалды. Республикалық бюджетке 6,8 трлн теңге түсті. Жоспар 90,3%-ға орындалды. Атқарылмаған бөлігі 732 млрд теңгені құрады.

Салықтар бойынша жоспардың орындалмауы негізінен корпоративтік табыс салығы, шикі мұнайға экспорттық кеден бажы, қосылған құн салығы және пайдалы қазбаларды өндіруге салынатын салық есебінен қалыптасты.

Корпоративтік табыс салығы бойынша жоспардың орындалмауы 285 ірі салық төлеуші бойынша мәлімделген аванстық төлемдер сомасының 24%-ға азаюымен байланысты.

Шикі мұнайға экспорттық кеден бажы бойынша жоспардың орындалмауы негізінен экспорттық кеден бажының нақты қалыптасқан мөлшерлемесінің болжамды көрсеткіштен 13%-ға төмендеуімен байланысты болды.

Қосылған құн салығы бойынша жоспардың орындалмау себептері:

  • тау-кен өндіру өнеркәсібінде тауарларды, жұмыстарды және көрсетілетін қызметтерді өткізу бойынша айналымдардың 15%-ға төмендеуі;

  • Еуразиялық экономикалық одақ елдерінен импорт көлемінің 4,2%-ға азаюы.

Пайдалы қазбаларды өндіруге салынатын салық бойынша жоспардың орындалмауына негізгі экспорттық тауарлар бағасының орташа есеппен 15%-ға төмендеуі әсер етті.

Жергілікті бюджеттердің кірістері 118%-ға атқарылды және 3,5 трлн теңгені құрады. Жоспар 542 млрд теңгеге, оның ішінде салықтар бойынша 497 млрд теңгеге асыра орындалды. Кірістер бойынша жоспарлар барлық өңірлерде асыра орындалды.

«Мемлекеттік бюджеттің шығыстары 98,8%-ға, республикалық бюджеттің шығыстары – 99,3%-ға, жергілікті бюджеттердің шығыстары 98,8%-ға орындалды. Республикалық бюджет бойынша сомасы 12,8 трлн теңгеге шығыстар жүргізілді. Атқарылмағаны 95 млрд теңгені, оның ішінде үнемдеу - 17 млрд теңгені құрады. Игерілмегені - 78 млрд теңге», — деп мәлімдеді Е. Жамаубаев.

Игерілмеудің неғұрлым ірі сомалары Экология және табиғи ресурстар, Ммәдениет және спорт, Төтенше жағдайлар, Индустрия және инфрақұрылымдық даму және оқу-ағарту министрліктерінде қалыптасты.

Игерілмеудің негізгі себептері: конкурстық рәсімдердің ұзақ өткізілуі; шарттарды, қосымша келісімдерді жасасу рәсімдерін дер кезінде өткізбеу; орындалған жұмыс актілерінің, шот-фактуралардың уақтылы ұсынылмауы және басқалары.

Жергілікті бюджеттердің шығыстары 6,7 трлн теңгені құрады. Атқарылмағаны - 83 млрд теңге. Биыл өңірлерге 2 трлн теңгеге жуық нысаналы трансферттер көзделген. Оларға 1 тамызға 891 млрд теңге бөлінген. Оның 97,4%-і игерілген. Игерілмегені – 23 млрд теңге. Ең көп игерілмеу: Астана қаласы, Атырау, Жетісу, Қарағанды және Алматы облыстарында қалыптасты.

«Биылғы 7 айда камералдық бақылаумен 8,4 трлн теңгеге 274 мыңнан аса мемлекеттік сатып алу рәсімдері қамтылды. Тексеру қорытындылары бойынша 40 мыңға жуық рәсім бойынша бұзушылықтар анықталды, оның ішінде мемлекеттік аудит нысандары бұзушылықтарды жою туралы хабарламалардың 93%-ын орындады. 1 300-ден аса аудиторлық іс-шара өткізілді. Аудитпен 771 млрд теңге бюджет қаражаты қамтылды. Шамамен 137 млрд теңге сомасында қаржылық бұзушылықтар анықталды», — деді Е. Жамаубаев.

Оның айтуынша, тауарларды жеткізу, қызметтерді көрсету мен жұмыстарды орындау, бюджетке төлеу, есепке алу бойынша 104 млрд теңге көлеміндегі бұзушылықтар жойылды. Аудит нысандары қызметін жетілдіру әрі тиімділігін арттыру үшін 1,3 мыңнан астам ұсыным берілді.

Жекешелендірудің 2021-2025 жылдарға арналған кешенді жоспарында 658 нысанды сату көзделген. Есепті кезеңде 306 млрд теңге сомасына 368 нысан сатылды және кейіннен сатып алу құқығымен сенімгерлік басқаруға берілді. 36 нысан сатуға қойылды. 64 нысан қайта ұйымдастыруға және таратуға жіберілді. 190 нысан сату алдындағы дайындықта тұр.

24 тамыз 2023, 17:49

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.